Облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Бірегей» қоғамдық қоры шығарған «Ар мен ақын» деректі фильмі, «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиоөлеңдер жинағы таныстырылды.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – Фариза Оңғарсынова білім алған жоғары оқу орны. Елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, өңірдегі ғалымдар, ақын-жазушылар мен жастар қатысқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның осы білім ордасында өтуі де заңдылық.
– Фариза Оңғарсынова Атырау топырағының төл перзенті, өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алғашқы түлектерінің бірі. Ол қарымы мол талант иесі, сөз өнерінің кемеліне жеткен суреткер. Фариза шығармашылығының бүкіл болмысын, ерекшелігін жеткізіп айту өте қиын, бірақ осы конференция Фариза әлеміне айқын жол ашатын, ғылыми тұрғыда баға берілетін, рухани маңызы зор шара болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты аясында ұйымдастырылған «Фариза Оңғарсынова – көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алғашқы баяндаманы филиология ғылымдарының докторы, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіп жасады. «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ кезінде қазақтың поэзия әлемінде бір жарқылдаған найзағай ойнады. Бағзы бұйығылықты жойып, ақын қыздар арасында поэзия аспанына сол жарықты алып келген Фариза болатын» – деп атап өтті ғалым.
Филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Амантай Шәріп те осы пікірді қуаттап, «Шын мәнінде, Фариза Оңғарсынованың «поэзия планетасы» – оны көзі де, көңілі де ұдайы сағына, сарғая іздеп тұратын елінің рухани галактикасындағы көмескі, күңгірт тартпас шамшырақтардың бірі. Әбділда Тәжібаев айтқандай, «Фаризада халықтық рух бар, ол елімен бірге, қазағынан бөлінбеген ақын», – деді.
Конференцияда «Ф.Оңғарсынова және қазақ поэзиясының көркемдік әлемі», «Ақынның азаматтық ұстанымы және қоғамдық қызметі», «Ақын шығармашылығын оқытудың өзектілігі және тәрбиелік мәні» секциялары бойынша баяндамалар тыңдалды.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті жазушылар Әнес Сарай, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, белгілі ақын Светқали Нұржан, филология ғылымдарының докторлары Амантай Шәріп, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы қатысып, мәнді де мағыналы сөз қозғалды.
– Орыс ақыны Гавриил Державиннің «Ақындар өзінің туған жеріне ұқсап тұрады» деген тұжырымы бар екен. Дәл осы ойды аустриялық асқан талант иесі Стефан Цвейг: «Табиғат қай жерде адамдарға жайлы болса, сол жерде идиллиялық поэзия өмірге келеді» деп нақтылай түсіпті. Ал ақын табиғаты қатал, өткен тарихы одан да қатал өңірде дүниеге келсе ше? Бұл ғұламалар сызған формулаға салсақ, Фариза поэзиясының жалпы сипаты өзінің туған жерінің табиғаты мен өткен тарихының сипаттамасынан аумай қалған. Фариза ақын поэзиясы да өзінің туған жерінің табиғатымен мінездес, тектес, өрістес», – дейді белгілі ғалым, ақын Оңайгүл Тұржан.
Туған жердің құрметінен асқан қандай бақыт болуы мүмкін? Ақын тойы, поэзия мейрамы, сөз мерекесі осы құрметке әбден лайық Фариза атын тағы бір мәрте асқақтатты.
АТЫРАУ