Экология • 15 Қыркүйек, 2019

Көкжиде: Проблеманы шешу үшін кешенді көзқарас қажет

973 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 Қазіргі кезде әлемдік ауқымда таза ауыз су көздерінің тапшылығы анық байқалып отыр. Мұндай жағдайда ел аумағындағы жерасты ауыз су көздерінің қорын сақтау мен оның ластануына жол бермеудің маңызы ерекше. Әйтсе де бүгінгі күні жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде көмір сутегі шикізатын игеріп жатқан алпауыт компаниялар жерасты су көздерінің мұнай қалдықтарымен ластануына жол беріп жүргені қынжылтпай қоймайды.

Көкжиде: Проблеманы шешу үшін кешенді көзқарас қажет

Оның басты бір мысалы, Ақтөбе облысы аумағында, Темір мен Мұғалжар аудандарының түйіскен тұсында орналасқан Көкжиде жерасты ауыз су орны. Сонымен бірге бұл жерде онымен бір атаудағы Көкжиде атта құнды алқап та бар. Ең алдымен айтарымыз, оның екеуінің де ел аумығандағы алатын экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан алатын орны мен маңызы аса айрықша екендігі. Сондықтан да бір өңірдің ғана емес, тұтастай еліміздің таптырмас інжу-маржаны іспеттес табиғат таңғажайыптары респубикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорықтық қордың геологиялық және гидрогеологиялық тізіміне енгізілген. Бұл жөнінде 2007, 2010, 2011 және 2016 жылдары ел Үкіметінің арнайы Қаулылары шығарылған.

         Бұған дейінгі жүргізілген зерттеулер Көкжиде құмдарының мұнай өнімдерімен ластанғанын көрсетеді. Яғни көмір сутегі шикізатын өндіретін компаниялар жазғы және күзгі кезеңдерде Көкжиде жерасты суының сапалық құрамына теріс әсерін тигізген. Ақтөбе облысы бойынша Экология департамінтінен алынған деректер олардың қатарында «СНПС-АМГ» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Урихтау оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШс және «Қазақ Ойл Ақтөбе» ЖШС сынды  бес бірдей мұнай компаниясы бар екенін айғақтайды. Талас жоқ, көмір сутегі затын осылайша екпіндете өндіре беру жағдайында Көкжиде құмдары қойнауында Көкжиде жерасты суы мен оның сапалық құрамын сақтап қалу күрделі күйінде қала бермек.

         Осы тұста атап өтерлік мәселе, кейінгі кезде белгілі бір табиғат нысанына жер қойнауын пайдаланушылардың зиян мен залал келтіру тұрғысынан қарастырғанда шекті рұқсат етілген консентрация (ШРК) деген тіркестің пайда болғандығы. Мұның өзі осы көрсетілген норма мен мөлшерден аспаса болғаны, жерасты су көздерін ластай берсін деген ұғымды білдірмей ме? Сондықтан ШРК талабының белгіленуінің өзі мұнай өндірушілер үшін "іздегенге сұраған" дегендей ыңғайды білдіретін қажетсіз тетіктей көрінеді. Жарайды, солай-ақ болсын дейікші, ал енді ШРК-нің табиғи ортаға тигізетін зиянды әсері белгіленген нормадан асып кетіп жүрсе ше? Әрине, мұндай жағдайда оның зардабы тіптен ауыр. Биыл Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті жүргізген профилактикалық бақылаулар жоғарыда атаулары көрсетілген бірқатар компания осындай келеңсіздікке жол бергенін айқындап берді. Егер нақты деректерге сүйенсек, бақыланған ұңғымаларда ШРК 1,3-тен 8-ге дейін көтеріліп, екінші бір мысалда 1,66-дан 1,82-ге дейін өскеніне көз жеткіземіз. Яғни профилактикалық бақылаудың нәтижесі көңілге кірбің түсіреді. Оны есту де, жазу да ауыр. Бейнелеп айтқанда, бұл дерек Көкжиде жерасты су көздері мұнай қалдықтарымен былғанып жатқанын білдірмей ме? Оның ластану көзіне айналуына әсер еткен басты факторлар қандай? Әзерге оны анықтау мен жою шаралары қолға алынбай отырғанына келісе қою қиын-ақ. Рас, өкілетті ұйымдар тарапынан алаңдатарлық ахуалға қатысты тиісті зерттеу жүргізу ұйғарымдары берілген. Алайда мұның өзі басы бар да, аяғы жоқ жартыкеш күйінде қалып жүрмесіне кім кепіл?

         Сонда не істеу керек? Бұл арада басты айыпкер жер қойнауын пайдаланушы екені ешқандай талас туғызбайды. Ендеше олардың мемлекеттік табиғи қорықтың тізіміне енгізілген нысанға залалын тигізу көріністерін реттеу тұтқаларын ойластыру керектігі айқын. Оның жолы қандай болмақ?

- Мұның басты бір жолы көмір сутегі шикізатын шығаратын компаниялардың Көкжиде құмды алқабындағы қызметі мен іс-қимылдарын жан-жақты бақылауға алу деп есептейміз. Бұл үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті ұсыныстарымызды жолдадық, - деді Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

         Бұған арқау болған басты ұстанымдар мен тұжырымдарға тоқталсақ, Көкжиде құмдары аумағында көмірсутегі шикізатын барлау мен өндірудің бірыңғай ережесін әзірлеу қажеттігін ұғынамыз. Түсінген жан үшін Көкжиде құмдары мен Көкжиде жерасты суының бағасы мен құндылығына және табиғи тазалығына ешқандай баға жетпейді. Оны ластау – қылмыспен тең әрекет. Бұған жол беріп қоюға еш болмайды. Бұл ақиқатты жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі құзырлы органдарда дәл осы мағынасында қабылдай білгені қажет-ақ.

         Егер аталған орган мемлекеттік табиғи қорықтың қоры қатарындағы нысандардың жай-күйіне жан-жақты көңіл аударып, оның бірыңғай операторын белгілесе, бірқатар көлеңкелі көріністің азаяры анық. Сондай-ақ бүгінгі күні Көкжиде жерасты суының геологиялық құрылысын қолға алу да күрделі күйінде қалып отры. Жерасты суына табиғатты пайдаланушылардың ықпал ету ошағын табу, біріншіден, оның ағынының қозғалысын анықтауды қажет етеді. Тек осындай жағдайда ғана әрбір жер қойнауын пайдаланушылардың әркетіне мониторингтік зерттеу жүргізуге болады деп мәлімдейді гидролық мамандар.

         Тұжырымдап айтқанда, бүгінгі күні Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суының мөлшері мен пайдаланылу қорын қайта бағалау жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Аса жауапты бұл іс, өз кезегінде, тиянақты гидрогеологиялық барлау жұмыстарына соны серпін беруді жүктейді. Осы орайда басты кідіріс қаржыландыру көздерінің жеткіліксіздігінен болып отырғанын айтқан жөн. Бір сөзбен түйгенде, толық барлау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджет есебінен 300 миллион теңге қаражат бөлінген, әйтсе де бұған табаны күректей 1 миллиард 161 миллион 770 мың тенге көлемінде қаражат қажет екендігін ескерсек, бөлінген соманың тым мардымсыз екені бірден байқалады.

         Қазіргі алаңдатарлық мәселе Көкжиже құмы мен жерасты суына байланысты белгіленген ауқымды жұмыстардың деңгейі тым баяу, жоққа тән екендігі. Егер алдағы уақытта оған қарқын туғызылса, бүкіл Көкжиде көкжиегі кеңи түсері кәміл. Әрі дәл сол кезде кен орнының қазіргі мүшкіл жағдайы оңға бұрылып, табиғи ресурстардың келешегіне дәл баға берудің жолдары мен мүмкіндіктері ашылмақ. Дегенмен қазіргі кезде көкжиде құмды алқабы мен Көкжиде жерасты ауыз суының гидрогеологиялық жағдайы қыл үстінде тұрғандай. Сондықтан да бұл мәселе Экология, геология және табиғи реустары министрлігі мен мүдделі органдардың және табиғат пайдаланушылардың ұдайы назарында болғаны жөн демекпіз.

         Қазіргі жағдайда мызғымастай көрінген сеннің орнынан қозғалуына ықпал жасай алатын жайттың бірі мемлекеттік сатып алудың web-порталында ашық байқау жүргізу болмақ. Бұл рәсімнің биылғы 2019 жылдың күз айларына дейін аяқталмай, сағыздай созылып келгені де қынжылтпай қоймайды. Қалай дегенде де Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті тарапынан Көкжиде жерасты суын сақтауға қатысты айтылған ұсыныстар аяқсыз қалмаса игі.

 

АҚТӨБЕ