Нұрсұлтан Назарбаевқа ЭКСПО-2017 көрмесінің мұралары және АХҚО құқықтық жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар Елбасына АХҚО соты, ағылшын құқығы академиясы, Халықаралық төрелік орталығы және АХҚО ахуалдық орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаржы орталығы биржасының негізгі акционерлері және қатысушыларымен кездесті. Спикерлердің баяндамасын тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығының АХҚО қызметін толық қолдайтындығын атап өтті.
– Жекешелендіру жоспарын АХҚО биржасы арқылы іске асыруды жалғастыру қажет. Әрине әлемдік нарық ахуалын ескерген жөн. Сонымен қатар әлемнің халықаралық қаржы орталықтарының АХҚО-ға деген сенімін күшейту керек. Ұлттық экономикаға тартылатын қаржы ресурстарының мөлшері осыған байланысты, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етудің және елдің стратегиялық даму жоспарларына қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
– Алда орталықты ауқымды жұмыс күтіп тұр. Барлық серіктестермен қалыптасқан іс-қимылды жалғастыру маңызды. Мен АХҚО жұмысын ұдайы қолдайтын боламын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Астана» ХҚО 2018 жылғы 5-шілдеде Тұңғыш Президенттің қатысуымен ашылғанын білеміз. Акционерлер Тұңғыш Президентке содан бергі атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Бір жыл ішінде қаржы орталығындағы халықаралық биржаға әлемнің 26 елінен 258 компания тіркелгені туралы айтылды. Елбасы бұл жетістікті жоғары бағалап, қысқа мерзімде жүзеге асқан ауқымды жоспар екенін атап өтті.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғаны белгілі. АХҚО құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылы 7 желтоқсанда қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда АХҚО GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102 орталықтың арасында 51-орында тұр. Сонымен бірге АХҚО «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» өңір рейтингісінде 1-орын алғанын атап өткен жөн. Бүгінде АХҚО аумағында тіркелген компаниялар саны 258-ге жетті.
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, АХҚО басқарушысы:
– 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жүктелген міндеттер жүзеге асырылуда. Осы С3 павильонында халықаралық қаржы орталығының барлық бөлімшелері, қаржылық реттеуші орган, әкімшілік, биржа орналасқан. Ең бастысы, бұл жерде ағылшын жалпы құқығы жұмыс істейді. Бүгінде халықаралық биржаға 258 компания тіркелді, сөйтіп жоспарланған меже мерзімінен бұрын бағындырылды. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Emirate ligal» құқықтық компаниясына 250-лицензия берілді. Сол арқылы Ұлт жоспарындағы 24-қадам – төрелік орталығын құру, 70-қадамда айтылған – жалпы құқық орталығын қалыптастыру, 71-қадамда айтылған – ағылшындық іс жүргізуді енгізу, 73-қадамда жүктелген АХҚО мен басқа қаржы орталықтарының арасында байланыс орнату сынды міндеттер жүзеге асырылды. Қазіргі таңда Дубайдың тәжірибесіне сүйене отырып инвестициялық резиденттік құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Тиісті заң жобасы Парламентке жолданды. Жалпы 100 қадам аясында халықаралық қаржы орталығын құрудың алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады.
АХҚО платформасы арқылы 134 млн доллар инвестиция қаралды. Қаржы орталығы қатысушылары Қазақстан экономикасының түрлі секторларына 3,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға ниет білдіріп отыр.
Тим БЕННЕТ, АХҚО биржасының басқарма төрағасы:
– Менің осында келгеніме 18 ай болды. Капитал нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азияда, Жаңа Зеландияда қызмет атқардым. Ұлттық экономиканы тұрақтандыру үшін және дамыту үшін белсенді капитал нарығын құрудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осында келген 18 ай ішінде біз АХҚО биржасын нөлден бастап құрдық – бұл әлемдік рекорд. Бастапқыда аздаған үрей мен күдік болғаны рас, себебі капитал нарығын құру оңай жұмыс емес. Соған қарамастан, өте үлкен прогреске қол жеткіздік, рекорд десем де артық емес. Біраз уақыт бұрын бізге технология бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Nasdaq технологиялық платформасы 21 брокермен байланыс орнату туралы ұсыныс жасады. Біз активтердің қауіпсіздігі басты назар екенін айтып, келісімді қабыл алдық. Қазіргі таңда біздің биржамыз қауіпсіздіктің ең жоғарғы стандарты бойынша сертификатталған.
Біздің 78 адамнан тұратын командамыздың 90 пайызы қазақстандықтардан құралғанын, олар қазір бүкіл әлемге танымал маман екенін атап өткім келеді.
Сэм УОН, Шанхай қор биржасының өкілі:
– Мен осы қаржы орталығында 2 жылдан бері жұмыс істеймін, осында жұмыс істеген өзіме ұнайды. Шанхай биржасы АХҚО биржасының қалыптасып, нығайғанын қолдайды. Себебі «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның экономикалық өсімінің локомотиві ретіндегі ерекше позициясы бар. Сонымен қатар ол «Нұрлы жол» және «Бір жол, бір белдеу» бағдарламаларының аясындағы жобалар үшін инвестициялық хаб бола алады. Орталық Азиядағы есептік-клирингілік орталыққа айналуға да мүмкіндігі бар. Қытайдың Халық банкі мен басқа да нарық институттары бұл жоспарды қолдап отыр. Әлемдегі ең ірі банктердің санатында екінші орында тұрған Қытайдың құрылыс банкі АХҚО-да өзінің өкілдігін ашты. АХҚО биржасы шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнату үшін барлық жағдайды жасауда. Қытайдың ең ірі қаржы институттарымен әріптестік байланыс орнатып жатқанына куә болып отырмыз. Алдағы уақытта АХҚО Қазақстан мен Қытай экономикасының арасындағы көпірге айналады деп санаймын.
Владимир ЯРОШ, Wood & Co басқарма төрағасы:
– Соңғы екі жылдың ішінде біз дамушы елдерге шетелдік инвестиция тартуға баса назар аударып келеміз. Wood & Co халықаралық нарық пен шектеулі нарықтардың арасындағы көпірдің қызметін атқарады. Біздің белсенді қызметіміз «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында да жалғасын табуда.
Қазақстан ең қарқынды өсіп келе жатқан және тез дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналудың алдында тұр. Бұл елде өте талантты және білімді адамдар бар, сонымен қатар аса мол табиғи ресурстар шоғырланған. Нұр-Сұлтан қаласында соңғы бір-екі жылда жасалған жұмыстарды нағыз керемет деп бағалауға болады.
Wood & Co АХҚО халықаралық биржасының Батыс Еуропадағы алғашқы әріптесі болғанына қуаныштымыз. АХҚО биржасында белсенді жұмыс істеуге күш саламыз!
Сергей ГОРЬКОВ, «Росгеология» АҚ басқарма төрағасы:
– Осындай аса маңызды оқиғалардың «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Шынында да бұл жерде аса үлкен жұмыс атқарылды.
Минералды шикізат базасындағы компанияларды қолдау АХҚО-ның дамуына ықпал ететін жаңа мүмкіндік деп есептейміз. Оған Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Басқа халықаралық биржалардың минералды шикізат базасындағы компанияларға арналған мамандандырылған алаңы жоқ. Еуразия кеңістігінде ондай алаң жоқ. Қазақстанның осы бағытта үлкен тәжірибесі бар. Мұнда лицензия алудың реттелген тәртібі қалыптасты. Ендігі кезекте венчурлық инвестиция салуға, мамандандырылған биржа қалыптастыруға көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Бұл ретте АХҚО-мен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды бастадық.