Үкімет • 17 Қыркүйек, 2019

Асқар Мамин ТМД елдерінің Байланыс министрлерімен кездесті

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин байланыс саласындағы Аймақтық достастық делегациясын, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь мен Бүкіләлемдік пошта байланысының Бас директоры Бишар А. Хуссейнді қабылдады.

Асқар Мамин ТМД елдерінің Байланыс министрлерімен кездесті

Үкімет басшысына байланыс сала­сындағы Аймақтық достастық жа­нын­дағы ақпараттандыру жөніндегі ТМД-ға қатысушы елдер Үйлестіру кеңесінің 25-отырысының өткізілу барысы  (2019 жылғы 16-17 қыркүйек, Нұр-Сұлтан қаласы), сондай-ақ биыл қазан айының соңында Мысырдағы Шарм-әл-Шейхте ашылатын Бүкіләлемдік радио байланысы конференциясына дайындық туралы баяндалды.

А.Мамин Қазақстанның 5G байланыс технологиясын енгізуге, интернетке кеңжолақты қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасының дамуы мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға салмақты серпін беретін ақ­па­раттандыру және цифрландыру бойынша басқа да жобаларға көп көңіл бөліп отырғанын атап айтты.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында біз барлық тірек және жерсеріктік ауылды елді мекен­дерді қамтумен 2023 жылдың соңына дейін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, жоғары технологиялы байланыс түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Қазақстанның Ре­сей, Қытай және Орталық Азия ба­ғыт­тарында телекоммуникациялық тра­фикті қамтамасыз етуге қабі­летті кө­лік инфра­құрылымын құру жө­нін­дегі жос­пары туралы ақпараттан­дыр­ды.

«Бүгінгі таңда біз Әзербайжанмен Каспий теңізінің түбі бойынша тал­шықты-оптикалық байланыс желілерін салуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, оның аяқталу мерзімі 2021 жылдың соңы», деді А.Ма­мин.

Премьер-Министр байланыс сала­сындағы Аймақтық достастық мүше­лерін алдағы уақытта, 2020 жылы ақ­панда Алматыда өтетін «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» IV форумына қатысуға шақырды.

Байланыс саласындағы Аймақтық достастық электр және пошта байланысы саласындағы ТМД мемлекетаралық үйлестіру кеңесі функцияларына ие ха­лықаралық ұйым саналады. Сонымен қатар оның Халықаралық электр байланысы одағындағы және Бүкіләлемдік пош­та одағындағы бақылаушы мәртебесі бар. Аймақтық достастық құрамына 20 қа­тысушы, 12 тең құқылы мүшесі мен 8 ба­қылаушы кіреді. Үйлестіру кеңе­сі Арме­ния, Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Молдова, Ресей, Тәжікстан мен Өз­­бекстанның байланыс әкімшілерін қамтиды.