Министрліктің хабарлауынша, АӘК алушылардың көбі еліміздің оңтүстік өңірлерінде. Онда барлық алушылардың 67%-дан астамы шоғырланған, оның ішінде Түркістан облысында – 96 мың 800 отбасы, Алматы облысында – 53 мың 600 отбасы, Шымкент қаласында – 51 мың 600 отбасы, Жамбыл облысында – 39 мың отбасы және Қызылорда облысында – 31 мың 700 отбасы.
2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша АӘК-ті белсенді алушылары 335 мың 200-ден астам отбасы немесе 1 миллион 733 мың адам, оның ішінде 1 миллион 487 мыңы балалар. Бұл ретте 69 мың 700 отбасына немесе 351 мың 200 адамға АӘК төлемдері аяқталды.
«2019 жылы АӘК төлеуге 204 млрд 500 млн теңге көзделген, оның 186 млрд 100 млн теңгесі республикалық бюджеттен және 18 млрд 400 млн теңгесі жергілікті бюджеттен. 144 млрд 300 млн теңге төленді», деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова.
Бұл ретте, ол бүгінгі таңда АӘК 523 мың 400-ден астам еңбекке қабілетті азамат алып отырғанын, оның 110 мың 200-і немесе 21%-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жататынын атап өтті.
«Барлығы 43 мың 500 адам немесе АӘК алушылардың жалпы санынан 39,5%-ы жұмысқа орналастырылды. 13 мың 400-ден астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 89 мыңға жуық еңбекке қабілетті адамдар жұмыспен қамту органдарымен әлеуметтік келісімшарттар жасасты», деп толықтырды Жанғабылова.