Үкімет • 17 Қыркүйек, 2019

Жамбыл облысының тұрғындарының табысын арттыру жобасы 131 мың отбасының әл-ауқатын жақсартады

103 реткөрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба туралы Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов толық баяндады. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының саны - 1 млн 125 мың адам, оның ішінде 680 мың адам (60%) ауылдық жерде тұрады. Өңір әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың мақсатты мемлекеттік саясаты қажет.

«Жеке қосалқы шаруашылықтарды өндіріс пен табыс көзі ретінде қарауға толық негіз бар. Бұған  ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 43%-ы мен ет пен сүттің 60%-ыны4 жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп отырғаны дәлел. Әрі, бұл мемлекеттің қолдауынсыз істеліп отырған шаруа», деді А. Мырзахметов. 

Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша берген  тапсырмасы бойынша облыстағы барлық 138 мың аула араланды. Талдау нәтижелері жеке қосалқы шаруашылықтың бір ауласынан орта есеппен табыс айына 25-30 мың теңгені құрайтынын көрсетті. Оған қоса, табысы айына 500 мың теңгені құрайтын жеке қосалқы шаруашылықтар да бар. 

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратынша, көбіне-көп жеке қосалқы шаруашылықтар ұйымдастыру мәселелерінің шешілмеуінен жоғары табыс таппайды. Мысалы, орталықтандырылған сатып алулар мен өткізулердің, жем-шөп базасының, қажетті техника мен технологиялардың болмауы, қаражаттың жеткіліксіздігі. 

Тұрғындардың табысын арттыру мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі шаралар кешенін іске асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде: 

  1. Өсімдік шаруашылығы үшін үйдің жанындағы жер телімдерін тиімді пайдалану. 

  2. Үй жанындағы аулаларды мал шаруашылығы үшін тиімді пайдалану.

  3. Үлестік жерлерді тиімді пайдалану.

  4. Әрбір ауылдық округте қажетті құралдары, техникасы, жабдықтары мен айналым қаражаттары бар кооперативтер құру.

  5. Шағын жобаларды барынша қаржыландыру үшін жағдайлар жасау.

Аталған бес шараны іске асыру үшін 31 мыңнан аса жобаны іске асыру қажет. 

Облыс әкімдігінің болжамдарына сәйкес, аталған шараларды қабылдау 131 мың отбасыны (600 мыңнан аса адамды) ай сайын 128 мың теңге көлемінде тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 4 есе артық. 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға артады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жүктемесі 30%-ға ұлғаяды. Жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашу мүмкіндігі пайда болады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны кемінде жартысына көбейеді.

«Жобаның ауқымдылығы мен қаржыландырылу мәселелерін ескере отырып, біз биыл оны облыстағы әр ауданның бір ауылдық округінде іске асыра бастауды ұсынамыз. Нәтижесінде 10 ауылдық коруг пен 23 елді мекен қамтылатын болады. Ол үшін 7,2 млрд теңге көлемінде қаражат қажет», деді әкім.

Жобаны іске асырудың екінші кезеңі 2020–2021 жылдарға жоспарланған.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов өз кезегінде Жамбыл облысының әкімдігі әзірлеген облыс жұртшылығының әл-ауқатын жақсарту бойынша жобаның уақытылы әрі қажетті екенін атап өтті.

Статистикалық органдардың ресми мәліметтері бойынша биыл Жамбыл облысында табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,4%-ды құрады, бұл көрсеткіш республикалық деңгейден (4,1%) 1,3%-ға жоғары. Әсіресе, ауылдық жерлерде аталған көрсеткіш өте жоғары – 6,7%. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс облыста 66,3 мың теңгені құрайды немесе республикалық орташа көрсеткіштің 68%-ына ғана жетеді (97 мың теңге).

Ал, облыстағы жұмыс күшін саралайтын болсақ 506 мың жұмыспен қамтылғандардың 35%-ы немесе 177 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде 8,3 мың адам нәтижесіз жұмыспен қамтылған. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жамбыл облысында пилоттық жобаны іске асыру туралы шешімнің себебі де осы.

«Сондықтан еліміздегі барлық әкімдіктер ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін, оның ішінде нақты табысын толықтай зерделеп, олардың тұрмыс деңгейін арттыру мүмкіндіктерін іздестіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін ескере отырып, осындай әлеуметтік зерделеу жұмысын қолға алу қажет деп санаймыз», деді Б. Нұрымбетов.

Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған мәліметтер бойынша зерттелген 368 мың ауыл тұрғындарының тек 54%-ы немесе 177 мың адам тұрақты табысқа ие. Соның салдарынан республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 9,6%-ы Жамбыл облысының тұрғындары болып келеді (39 мың отбасы).

«Осыны баяндай отырып, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға қатысты жобасын пилоттық негізде іске асыру қажет деп есептеймін», деді Б. Нұрымбетов

Пилоттық жоба 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» нтиәжелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту Мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулы жобасы әзірленіп, онда келесі өзгерістер көзделген:

- пилоттық жоба шеңберінде берілетін микрокредиттер ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайтын сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы беріледі;

- пилоттық жоба шеңберінде бюджеттік кредит мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 10 жылға беріледі;

- ал қатысушыларға берілетін микрокредиттің номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға қатысты жоба облыстағы 131 мың отбасының табысын арттыруға, оның ішінде 70 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде қалыптасуына, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтуға өз септігін тигізетініне сенеміз», — деп түйіндеді Б. Нұрымбетов.

Бұл жобаға қатысты өз пікірін ауыл шаруашылығы вице-министрі Р. Құрманов мәлім етті. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несие ұсыну бойынша қатысады. Бұл мақсаттарға биыл 64,7 млрд теңге бөлінді, оның есебінен 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Қазір 31 млрд теңге сомасына 8 мың шағын несие берілді немесе 48%.

«Жамбыл облысының әкімдігінің ұсынысы бойынша «Еңбек» бағдарламасын кеңейтіп, Жамбыл облысының тұрғындарының табысын ауқымды және тиімді көтеру бойынша пилоттық жобаны жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда, ұсақ шаруашылықтарды жеңілдікпен несиелендіру арқылы кеңейту ұсынылады», деді Р. Құрманов.

Пилоттық жобада сенімді агент арқылы 7,2 млрд теңге сомасына шағын несие ұсыну қарастырылған. Бұл ретте, түпкі сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5% құрайды. Жобаның ұсақ өндірушілердің ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделетінін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай пилоттық жобаны іске асыруды қолдайды. 

Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың ең көп саны Жамбыл облысында тұрып жатқанын атап өтті және өңір әкімдігі ұсынған жобаның маңыздылығын айтты. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарына өздерін қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығы бойынша жаңа мүмкіндіктер туындайды. Кемінде 90 мың жұмыс орны құрылып, АӘК алушылар саны азаяды. Ең бастысы - барлық шаралар түбегейлі атқарылуы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Төреғали Тәшенов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Құдияр Біләл

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Мади Сырымбетов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Қойшыбек Мүбарак

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Жәудір Нартай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Әлібек Байбол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Болат Шарахымбай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Асхат Өмірбаев

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 5

Руханият • Кеше

Меценаттың мырзалығы

Аймақтар • Кеше

Жазудың машақаты

Қоғам • Кеше

Әлемнің Әбдіжәмілі

Қазақстан • Кеше

Нан болса, ән болады

Қазақстан • Кеше

Белсене қатысу қажет

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар