Алматы облысының “Қызылағаш” ауылында табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек қолын созушылар қатары да көбейе түсуде. Тасқын салдарынан келген шығынның орнын толтырып, қызылағаштықтарға қамқорлық көрсетушілердің арасында Алматы қаласының тұрғындары да бар.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов облыста орын алған тосын оқиғаға байланысты өткізілген қалалық кеңесте Алматы облысының әкімдігіне 100 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетіндігін хабарлады. Сонымен қатар, табиғат апатынан зардап шеккендерге қалалық әкімдік қызметкерлері бір күндік жалақысын аударуды ұйғарып отыр. Қала басшысы оңтүстік астанадағы барлық мекемелерге қалыптасып отырған жағдайға байланысты көмектің барлық түрін көрсетуді тапсырды. Мәселен, қалада мемлекеттік емес ұйымдардың күшімен Алматы облысындағы табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға арналған қор құрылып, оған көпшілік киім-кешек тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды тапсыруда. Қалалық кеңесте сөз алған А.Есімов Алматы қаласына төнген тасқын және сел апатының қаупі жоқ екендігін мәлімдеді. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті жыл бойы табиғат апатына байланысты жағдайлардың, қар тасқынының, су тасқынының жағдайын жүйелі түрде қадағалауда. Соған қарамастан, облыста орын алған тосын оқиға қалалық қызмет орындарының жұмыстың ерекше ережесіне көшуді талап етіп отыр. Оңтүстік астананың таулы және тау баурайындағы аудандарында “Қазселқорғау” жүйесінің постылары қойылған.
Ахметжан Есімов тасқын сулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штабты құруды тапсырды. Оған қала әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашев жетекшілік етеді.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.