Ақшағылдың үстінен күніне сандаған пойыз сары даланы дүбірлетіп өтіп жатады. Осылар станса басынан өтіп бара жатқанында үстіне жеңсіз қызғылт сары күртеше киген жігіт ағасының қырағы көздері вагондар мен оның шойын доңғалақтарына оқтай қадалып тұрады. Өйтпесе болмайды: қас-қағым сәтте ол қандай да бір кемістік болса, соны көріп үлгеруі керек.
Ербол Темірхановтың Ақшағыл стансасында «Балқаш вагон пайдалану депосының» аға вагон қараушысы болып жұмыс істеп жүргеніне де тұп-тура 20 жыл болыпты. Жауапты жұмысына мығым. Осы жылдар ішінде жоғары жақтан тек мақтау ғана естіді.
Жауапты дегеннен шығады ғой, бірде Қостанай – Алматы бағытымен кетіп бара жатқан жолаушылар пойызының доңғалағындағы ақауды байқап қалғаны бар. Дереу жоғарыға дабыл қағып, пойызды тоқтатқан. Доңғалағы ақаулы вагон ағытылып алынып, Ақадыр стасасындағы жөндеу депосына жіберілді де, оның ішіндегі жолаушылар басқа вагондарға көшірілген еді...
Ерболдың зайыбы Салтанат бала тәрбиесімен үйде отырады. Құдай берген төрт баласының үлкені өзінің жолын қуып, темір жол саласында жұмыс істеп жүр. Екі немере сүйіп отырған ата бұл күнде.
Ауылда тұрған соң қолына азын-аулақ мал ұстайды. Екі үйірдей жылқысы бар. Оның бірі қазақы жылқы да, екінші үйірі кілең таза қанды және будан шыққан қылқұйрықтардан тұрады.
«Осы өңірде, – дейді Ербол шақшасын етігінің тақасына тықылдатып қойып, – мына Ақшағылдан атшаптырым Шалтас деген жерде Райымқұл деген болыс болған атамыз тұрыпты. Сол кісі заманында Қостанай жағынан асыл тұқымды жылқы әкеліп, оны қазақтың қарабайыр жылқысымен шағылыстырып, шабысқа бар, жүріске мығым будан шығарған екен. Осы әңгіменің маған әсері қатты болды. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген, біраз жылдан бері мен де осы игілікті іске бос уақытымның бәрін арнап келемін».
Ербол ауылдастарының «Бұл ұзынсирақ немелерің қыста тезегімен бірге қатады» деген қыршаңқы сөзін жоққа шығарғысы келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Мұның будан жылқылары Арқаның ақшұнақ аязы мен арқыраған боранына, жазының ми қайнатар ыстығына шыдамды болып шықты.
«Бес-алты буыннан кейін осындай дәрежеге жетті, дейді ол өз ісіне көңілі тоқ кейіппен. – Қазір бұл жылқылар қыс бойы қазақы үйірмен бірге тебіндеп шығады. Мүмкін қазанат жылқы сияқты майын ішіне жимайтын шығар. Бірақ та мен үшін жылқы малының сыртқы сымбаты, ұзақ жүріске шыдамдылығы, шапқанда құстай ұшқан жүйріктігі әлдеқайда маңызды. Жылқыға тек ет деп қарайтын қазақтан қашықтау жүруге тырысамын».
Бүгінгі күнде Ербол өзі тұратын Ақшағыл және маңайдағы Киікті, Босаға ауылдарында қазақтың ұлттық спорт ойыны – көкпарды бір кісідей насихаттап жүрген жан. Жалаң сөзбен ғана емес, нақты ісімен. Жасының ердің жасы елуге келіп қалғанына қарамастан, қызды-қыздымен жас жігіттермен жағаласып додаға түсіп кететіні де бар. Ерболдың мінген аттары өзге жылқыдан әлдеқайда биік, күш жағынан мығым болып келеді. Ал сыртқы тұрқының сұлулығы адамға еріксіз таңдай қақтырады.
Көкпар өз алдына, алдағы уақытта Ербол аттарын бәйгеге қосуды ойластырып жүр. «Біздей қарапайым адамға бәйгеге жүйрік апарып қосу оңай шаруа емес. Жүгіретін ат бар, бірақ шама жоқ. Ол үшін техника, қаржы керек дегендей. Сәтін салса, көршімнің жүк көлігін малға айырбастасам ба деп жүрмін. Соны қайта жабдықтап, ат тасығанға жайлы қылып істеп алмақшымын» дейді Ербол.
Бес-алты жылдан бері будандастырып келе жатқан жүйріктеріне бек сенімді ол. «Былтырғы күзде бір атым қара жерде қоянды аттатпады» дейді. Жүйрік ат өз алдына, Ерболдың тағы бір сүйікті ісі – тазы ұстау. Қазір оның қолында атырапқа атағы жайылған көкқасқа тазылардың тұқымы бар. Қазақтың таза құмай тазысы. «Өздері жүректі келеді. Қасқырға тайсалмай түседі. Алдыңғы жылы қабан алды» дейді өзі аңшы, өзі әнші Ербол.
Иә, Ерболдың әншілік өнері де бар. Жас кезінде Арқадан шыққан атақты әншілер Ерлан Төлеутай, Ерлан Құжиманов сынды өнерпаздармен бірге жүріп, талай той-думанның көркі болған. Қазір бұл өнерін бала-шағаның, туған-туыстың қызығында ғана көрсетеді.
«Мына өңірдің әрбір тасына тарих бұққан. Бұл маңда Арқаға аты мәлім ақжолтай Ағыбай, Таңыбай, Боранқұл батырлар, Райымқұл болыс, қызылдың қуғынынан 33 жыл қашқан атақты Дауылбай сияқты жақсы мен жайсаң өмір сүрген. Небір құпиясын ішке бүккен үңгірлердің қай жерде екенін білемін. Осыдан он жыл бұрын ба екен, жылқы қарап жүріп екі балбал тасты көргенім бар. Соларды іздеп тауып алғым келіп жүр. Мамандарына көрсетсем бе деймін», дейді Ақшағылдың Ерболы. Бұрын Құдайбергеннің Ерболы еді, бүгінде жұрт оны «Ақшағылдың Ерболы» деп құрметпен атайды.
Міне, қазақтың алақандай ауылында осындай көкірек көзі ояу, ұлтының асыл мұраларына сергек қарайтын, жұмысына ықтиятты қарапайым азамат тұрады. Болат жолдың бойымен жүйткіген жүрдек пойыз бен сайын далада құстай ұшқан жүйрік ат оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Ақшағыл ауылы