Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2019

Елордада халықаралық туристік көрме өтіп жатыр

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан астанасында PATA Travel Mart 2019 Азия-Тынық мұхиты елдерінің халықаралық туристік көрмесі ашылды.

 

Елордада халықаралық туристік көрме өтіп жатыр

Көрмеге әлемнің 60 елінен туристік индустрияның 1000-нан астам өкілі қатысуда. Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Іс-шара барысында көрме, іскерлік кездесулерге арналған нетворкинг-платформа және іскерлік екі форум өтеді. PATA Travel Mart жергілікті және халықаралық туристік нарық ойыншыларына арналған коммуникациялық, іскерлік және нетворкинг алаң болмақ. Бұл - қазақстандық туроператорлар мен бизнес-қауымдастық үшін, отандық және шетелдік турөнімдерді дамыту мақсатындағы халықаралық байланысты нығайтудың бірегей мүмкіндігі.

ТМД кеңістігі мен Еуразияның еуропалық бөлігінде РАТА көрмесін алғаш рет өткізу құқығын Қазақстанның жеңіп алғанына аса қуаныштымыз. Мемлекет тарапынан Қазақстанда туризмді дамыту бағытындағы көптеген іс-шаралар атқарылуда; біз елімізде туристік бизнеске арналған платформаны қалыптастырып жатырмыз. Мысалы, 72 сағатқа визасыз режим енгіздік, туристердің келуіне жағдай жасауды жалғастырудамыз, - деп Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атап өтті. 

РАТА президенті Доктор Марио Харди, туристік болашақ Азияның еншісінде болғандықтан Қазақстанға осындай іс-шараларды жалғастыру қажет екеніне назар аударды. Марио Харди туристік әлеуетті дамытуда еліміздің дұрыс жолды таңдағанына сенімді.  

Шара спикерлерінің қатарында BBC Global News-тің Сингапур, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтары бойынша жарнаманы сату жөніндегі вице-перзиденті Джон Уильямс, Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер, iFree Group-тың Корпоративтік даму және коммуникация жөніндегі вице-президенті Тони Смит және басқалары бар.

Сондай-ақ PATA Travel Mart 2019 аясында PATA Gold Awards 2019 марапаты табысталады. Қазір іс-шараға 32 елден 250-ден астам селлер жұмылдырылған, олар өз класындағы үздік өнімдер мен қызметтерді, ерекше тағамдар мен Жапониядағы «фото-каникулдан» Қытай мұрасына саяхатқа дейін көрсетеді.