Қоғам • 19 Қыркүйек, 2019

Табысы аз отбасыларды кәсіпкерлікке үйретеді

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның барлық өңірлерінде аз қамтылған, көп балалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау көрсетуге бағытталған «Менің кәсібім» атты жобасы іске қосылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Табысы аз отбасыларды кәсіпкерлікке үйретеді

Бұл жобаны жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен оның тікелей авторы Айжани Нұрланова жүзеге асырады. Жалпы үйлестіруді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асыратын болады.

20 қыркүйекте Алматы әкімдігі мен «Менің кәсібім» жобасының авторы Айжани Нұрланова арасында алғашқы тиісті меморандумға қол қою жоспарлануда. Алдағы уақытта осындай меморандумдар барлық облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктерімен жасалатын болады.

Жоба аясында жоба авторы мұқтаж азаматтарға қажетті мүкәммал, құрал-жабдықтар мен материалдарды ұсыну арқылы үй бизнесін жүргізуге көмек көрсетіледі.

Ұқсас жобаны пилоттық режимде Маңғыстау облысында Айжани Нұрланова сәтті жүзеге асырды, онда 250-ге жуық адам жеке кәсіпкерлік жүргізудің негізгі дағдыларына оқытылып, жеке ісін ашты.