Қоғам • 19 Қыркүйек, 2019

«Егемен Қазақстан» басшысы қарағандылық студенттермен кездесті

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумының жұмысына қатысқан «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің студенттерімен кездесті.

«Егемен Қазақстан» басшысы қарағандылық студенттермен кездесті

Кездесуді ашқан ҚарМУ ректорының міндетін атқарушы Елдос Түйте бас басылым басшысына студенттермен жүздесуге уақыт тауып келгені үшін ризашылық сезімін жеткізіп, алғыс хат табыс етті.

Дархан Қыдырәлі студент жастар алдында ғасыр жасаған «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен 100 жылдық мерейтой аясында іске асырылып жатқан жобалар жайында, жалпы қазақ журналистикасының жай-жапсары туралы бір сағаттан астам дәріс оқыды.

«Егемен» басшысы қазіргі таңда бас басылымның кадр тұрғысынан айтарлықтай жасарғанын, оның есігінің талантты да талапты жас мамандарға әрқашан ашық екенін жеткізді.

Бұдан кейін әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Студенттердің бірі «Журналист болу үшін жоғары оқу орнын бітіру міндетті ме?», деп сұрады. Бұған Дархан Қыдырәлі «Болашақ журналист мықты маман болуы үшін бір емес, бірнеше мамандықты оқып, игеруі керек», деген жауап берді.

Сонымен қатар, болашақ журналистерді қағаз түріндегі газеттердің болашақ тағдыры да алаңдататын болып шықты. Бұл орайда «Егемен» басшысы оқырман сұранысы барда, газеттердің өмір сүре беретінін бірқатар нақты деректер келтіре отырып дәлелдеп берді.

«Қазір елімізде 400-ден астам елді мекенде интернет жоқ. Яғни, бұл дегеніңіз әлгі жерлердегі тұрғындардың рухани сұранысын газет қанағаттандырады деген сөз. Тағы бір мысал: америкалық ғалымдардың зерттеуінше, адам газетті қолына алып 40 минуттай уақыт жұмсап оқи алады екен. Сонан соң, қазіргі таңда газет интернетпен жылдамдық жағынан жарыса алмаса да, сараптама, талдау материалдары арқылы оқ бойы озық тұрады», деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы.

Кездесудің соңына таман студенттердің бірі Дархан Қыдырәліден бата беруін сұрады. Бас басылымның басшысы студенттерге терең білім алып, болашақ мамандығының нағыз шебері болып шығуларына тілек білдірді. Сондай-ақ ол жергілікті журналистика кафедрасының жұмысына табыс тіледі.

Кездесудің соңында студент жастар Дархан Қыдырәлімен бірге естелік суретке түсті.

  

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше