Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Жаһандық білім саммитінің өзегі – жаңашылдық

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік тәжірибеде алғаш рет қатысушылардың беделді құрамымен бір мезгілде бірнеше іс-шараның басын біріктірген халықаралық ауқымды шара – Университеттердің жаһандық саммиті басталды. Білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауды мақсат еткен халықаралық іргелі басқосуды Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ашты.

Жаһандық білім саммитінің өзегі – жаңашылдық

Жаһандық мәні бар жиынға Еуропа, Азия, Америка аума­ғын­­дағы 60-қа тарта елдің­ 130 уни­верситетінен келген көш­басшы өкілдердің салмағы мен құрамы әртүрлі, олардың арасында БҰҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Else­vier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлем­ге белгілі компаниялар, QS «World Uni­versity Rankings» ха­лықаралық рейтингінің топ-800 санатына кіретін универ­си­теттердің бас­шылары, SUN, USRN, IREG­ Observatory ұйым­дары мен уни­верситеттерін саралау бойын­ша халықаралық қауым­дас­тықтың мүшелері, ENAEE ин­же­нерлік білім беру­дің­ ак­кре­диттеуі бойынша еуро­па­лық желінің сарапшылары бар.

Б.Сапарбаев ғылым мен­ бі­лім­нің инновациялық бағыт­та­­рын сөз етуге жиылған қа­ты­­су­­шыларға Қазақстан Пре­мьер-министрі Асқар Ма­­мин­нің жол­­даған хатын оқып­­ берді. «Бү­гінгі таңда елі­міз­­де білім беру, ғылым және бә­се­кеге қабілеттілік мә­се­­ле­лерін шешуде, универ­си­теттерге ака­де­миялық тәуел­сіздік берілді. Бұл шаралардың барлығы уни­верситеттердің ғылыми, бі­лім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістіктегі ық­па­лын арттыруға бағытталған. БҰҰ ұсынған Адамның даму ин­дексі Қазақстан халқының білім деңгейінің жоғары екен­ді­гін көрсетеді. Сіздердің ин­но­­вациялық идеяларыңыз, шы­ғар­ма­шылық бастамалары­ңыз іске аса­ды және адам капиталын одан әрі дамытуға ықпал ете­ді деп сенемін», деген Асқар Мамин өз сөзінде.

Бердібек Мәшбекұлы алыс және жақын шетелдер­ден келген қонақтарға елімізде білім са­­­ласына, әсіресе жастардың оқуы­­на көп көңіл бөлінетінін, оның айғағы ретінде Қазақ­стан­да 132 жоғары оқу орны жұ­мыс істейтінін жеткізді. Онда 600 мың қазақстандық жас­ бүгінгі ке­зең талап етіп­ отырған халық­аралық сұра­нысқа сай білім алу­да. Жас­тар саясаты туралы арнайы­ қабылданған заң көп мүмкіндіктерге жол ашады. Ел­басы ұсынысымен биылғы жыл­­дың Жастар жылы деп жариялануы да тегін емес. Себебі әрбір мемлекеттің болашағы, келе­шектегі дамуы білімді жас­тарына тікелей байланысты. Премьер-Министрдің орынбасары халықаралық маңызды шараның 22 мың студент білім ала­тын ҚазҰУ-де өткізіліп оты­руының мәнісіне тоқталды. Ең негізгісі, университеттің мате­риалдық-техникалық базасы, оқу жоспарлары, маман дайын­дап отырған факультеттері ха­лық­ара­лық талапқа сай келеді. Келер жылы жоғары оқу орны атын иеленіп отырған ұлы ғалым әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғы мен ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерей­тойларының кең ауқымда ата­лып өтетінін де сүйіншілей жеткізді.

Жаһандық білім саммиті­нің­ өтуіне кең қолдау білді­ріп,­­ қатысушыларды мей­­ман­­­­дос­тықпен қарсы алған Алма­­ты қаласы болса, шаһар әкімі Ба­қыт­жан Сағынтаев бұл ма­ңызды басқосудың өзін­дік мәні бар екеніне тоқ­талды. ҚазҰУ әлемнің 130-дан­ астам же­­текші оқу орнын­ біріктіретін Жібек жолы уни­вер­ситеттері Альянсының тең­ құрылтайшысы бола отырып, бірқатар ірі жобаны жү­зеге асырды. Оның ішінде ха­лықаралық IT тех­но­паркін құру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. QS World Wide халықаралық білім беру форумы Орталық Азияда, соның ішінде Алматыда алғаш рет өтіп отыр. Өйткені дәл осы жерде еліміздің жоғары мектебі құ­ры­лып, жақсы дамып келеді. Елі­міздегі әрбір үшін­ші студент Алматыда оқи­ды. Осыдан 15 жыл бұрын қа­зақстандық университеттер QS University Rankings рейтингіне тұңғыш рет енді. Ол кезде Қазақстаннан бір ғана университет болса, 2019 жылға дейін 10 жоғары оқу орны рейтингке кірген, оның алтауы Алматыда орналасқан», деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

БҰҰ тұрақты даму жөнін­дегі «Академиялық ықпал» бағдарла­ма­сының ғаламдық хабы болып табылатын әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ өзіне жүктелген міндетті тиімді ат­қарғанын айта келіп, ректор­ Ғалымқайыр Мұтанов халық­аралық қауымдастық үшін маңызды шараның инте­гра­ция­лық білім үдерісіне тигі­зетін әсе­рі туралы баяндады.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы қорының атынан сөз алған қордың ат­қару­шы ди­ректорының орынбасары Игорь Рогов та  мұндай әлем­­дік ауқымдағы іс-шараның Қа­зақ­станда өтуі елдегі жоғары бі­лімнің озық үлгіде дамуына, отандық білім берудің экс­порт­тық әлеуетін арттыруға, ел имид­жінің оң қалыптасуына сер­­пін беретініне назар аударды. «Біздің мақсатымыз әлеу­меттік лиф­ті­лер­дің тиімді жүйесін құру, та­лант­тарды қол­дау, көшбас­шы­лар дайын­дау болып табыла­ды» деген ол, соңғы он жылда қордың сыйлығына 258 ғылым, мәде­ниет және өнер өкілдерінің ие болғанын еліміздің талант­тарды қолдаудағы тиімді бағы­тының мысалы ретінде бөлісті.

Форумға қатысушылар есімі университетке берілген ұлы ой­­шылдың мәдени мұра­сына арналған музейге келіп, әл-Фа­раби туралы құнды ма­териал­дар, әлем музейлері мен кітап­хана­ларындағы түпнұсқа жәді­герлердің көшірмелері және заманауи Қазақстанның әлеуметтік-мәдени жаңғыруы жөніндегі ауқымды құжат­тармен танысты. Универ­ситеттердің жаһандық саммиті аясында жоғары дең­гейдегі тағы да бірқатар шара қатар ұйымдастырылды. Ха­лық­аралық шара үш күнге созылады. Бағдарлама  шеңбері кең – пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іс­керлік кездесулер және ын­тымақтастық туралы мемо­рандумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары жетістіктерінің көрмесі өтеді.

Жан Садиак,

IREG Observatory академиясының профессоры, (Бельгия):

– Конференцияда өте маңызды тақы­рыпта баяндама жасадым. Баяндама «Төр­тінші өнеркәсіптік революция» деп аталады. Жалпылама осылай атағаныммен, әңгіме төркіні «жасанды зиялылар» туралы. «Жасанды зиялы» деген не, әйтпесе кім? Ол – робот, ол – коммуникациядағы жаңа технология, ол – нанотехнология. Қазір 3G телефондарын шығарып отырып, компаниялар 5G телефондары туралы ойланып отыр. Алайда 5G телефонын жасанды зиялылар ғана емес, жалпы жұрт қолдана алатындай технология ортақ бір мақсатқа тоғысуы керек. Адам жаңа технологияның оң әсерінен қорықпай, керісінше, өзі жасауға ұмтылыс танытқаны жөн. Себебі бүгінгі даму тек ірілік пен ілкімділікті ғана талап етеді. Қазір роботтар адам ағзасына күрделі оталар жасай бастады. Алдағы 25-30 жылда әлемде  800 миллион адамның жұмыссыз қалу қаупі туып тұр. Бұл – терең ойлануды қажет ететін сұрақ. Қазақстандағы басқосуда біз осындай мәселелерді талқылаймыз.

Ирина Краева,

Мәскеу мемлекеттік Лингвистика университетінің ректоры, (Ресей): 

– Біздің  Лингвистика университеті – ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге Морис Тереза атындағы мемлекеттік пе­дагогикалық Шет тілдер институты ретінде белгілі болған беделі мен абыройы жоғары оқу орны. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – біздің университеттің байырғы серіктесі. Конференция барысында жоғары білім жүйесіндегі оқытушылар мен ғалымдар үшін өте маңызды мәселелердің қозғалып отырғаны, солардың жолын бірге талқылап, шешімін де бірге әзірлейтініміз үшін  қуаныштымын. Пайдалы, мазмұнға бай, пленарлық отырыс­тар алғашқы күні-ақ бас­талып кетті. Оған әртүрлі деңгейдегі кәсіби әріптестеріміздің баяндама жасап, шеберлік сағаттарын өткізуі жаңа ғылыми бағыттар, өзекті мәселелері туралы тәжірибе жинақтап қайтуымызға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде біз 10 қазақстандық жоғары оқу орнымен бірлескен меморандум негізінде жұмыс істеп келеміз. Екі жаққа да пайдалы жемісін беретін серіктестік әрі қарай да тиімді жоспар негізінде белсенді жалғасын табатынына сенімдімін.

Нұр Қирабаев,

Ресей Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры, профессор (Ресей): 

– QS – білім жүйесіндегі ең маңызды рейтингтің бірі. Университеттердегі білім беделін дамытудың негізгі қағидалары бойынша салыстыру жүйесінің енгізіл­геніне көп бола қоймаса да, бұл бәсеке­лестікке қазір барлық маңызды жоғары оқу орындары ынталы болып отыр. Рей­тинг деңгейдің қандай екенін және қайда, қалай бағыт алатынын анықтауға мүмкіндік беретін ең қатал көрсеткіш. Менің байқауымша, соңғы бес жылда қазақстандық білім жүйесі өте белсенді дамып келеді. Егер жаңылыспасам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдік рейтингте 207-орында. Сол себепті халықаралық брендке айналған элиталық оқу орын­дарының ізінен еріп, арасынан табылғаны үшін Қазақстан мақ­тануы керек. Ғылымның дамуы үшін шекара белгіленбеген, ол үңгіген сайын тереңіне тарта беретін шетсіз-шексіз әлем. Бұл дегеніміз – халықаралық тәжірибе, халықаралық жобалар, халықаралық байланыстар.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар