Үкімет • 24 Қыркүйек, 2019

Қытымыр қысқа қапысыз дайындық керек

381 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында қысқы жылыту маусымына өңірлердің дайындық барысы қаралды. Аталған мәселе бойынша Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов және бірқатар өңірдің әкімдері жылыту маусымына дайындық туралы баяндады.

Қытымыр қысқа қапысыз дайындық керек

 Жұмыс кестеге сәйкес жүруде

«Жалпы алғанда, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен қатар штаттық режімде жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес Республика бойынша электр энергиясын тұтыну 73,1 млрд кВт-ты құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 1,7%-ға артық», деді М.Досмұхамбетов.

Энергетика министрі бірінші орын­басарының айтуынша, энергетикалық кәсіпорындарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуде.

«Бүгінде 11 энергияблогының 5-еуін (жылдық көлемнің 45%-ы), 63 қазан­дық­тың 40-ына (жылдық көлемнің 63%-ы) және 46 турбинаның 23-іне (жыл­дық көлемнің 50%-ы) жөндеу жүргі­зілді. Сонымен қатар 4 энергия бло­гын, 28 қазандықты және 18 турбинаны жөндеу жұмысы жалғасуда», деді М.Дос­мұхамбетов.

21 мың шақырымдық электр желілері мен 1152 шағын стансада жөндеу жүр­гізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды.

Алдағы жылыту маусымына дайын­дық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 459 қазандықтың 428-ін жөндеу аяқталды, бұл жылдық жоспардың 93%-ын құрайды.

Сонымен қатар М.Досмұхамбетов отынмен қамтамасыз ету барысы туралы айтып берді. Ағымдағы жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша энергия көздері қоймаларында жинақталған көмір қоры – 4 млн тонна. Бұл өткен жылғы деңгейден 15%-ға артық. 101,9 мың тонна мазут жинақталды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23%-ға артық. Энергетика министрлігі қосымша құн салығын қоса есептегенде 100 мың теңге бағамен 277 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу бойынша кестені бекітіп, өңірлерге жолдады.

«Министрлік орталық және жер­гіл­ікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуіне дайындық жұмыстарын жүргі­зуде. Өңір әкімдіктері энергия көз­дерінде жоспарланған барлық жөндеу жұ­мыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды бақылауға ала отырып, энергия кәсіпорындарына көрсетілген қызмет үшін барлық берешектердің толық көлемде өтелуін қамтамасыз етуі қажет», деп түйіндеді М.Досмұхамбетов.

Облыстардың жылыту маусымына дайындығы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндады.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр әкімдіктер инженерлік және әлеуметтік инфра­құ­рылым нысандарын жөндеу жұмыстарын аяқтап қалғанын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық қажеттіліктерге және тұр­ғындарға қажет көмір мен мазут қорын дайындау жоспарға сәйкес жүргі­зіліп жатыр. Р.Скляр кейбір білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, сон­дай-ақ тұрғын үй нысандарының кесте­ден артта қалуына байланысты мәселе­лерді шешу қажеттігін атап өтті. Бұл мә­селелер Үкіметтің тұрақты бақылауына алынған.

Дербес қазандықтар дайын

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өңір­лердің жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.

«Жергілікті атқарушы органдар 10 623 дербес қазандықты жөндеуді жос­парлаған болатын, қазір оның 10 606-сы немесе 99,8%-ы дайындалды. Жөндеу жұмыстары әзірге Маңғыстау облысында – 94,2%, Қызылорда облысында – 99,2%, Шымкент қаласында 99,3% орындалды. Қалған өңірлерде дербес қазан­дықтардың толық дайындығы қамта­масыз етілген. Жылу желілерін жөндеуге қатысты, жоспарланған 4 990 ша­қырым жылу желісінің 4 943 шақы­рымы немесе 99,1%-ы жөнделді. Жылу желілерін жөндеу жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында – 73,6%, Маңғыстау облысында – 91,7%, Атырау облысында 96,8% орындалды. Бұлар – төменгі көрсеткіштер», деді Бейбіт Атамқұлов.

Сумен жабдықтау желілерін дайын­дауға қатысты, 15 116 шақырым сумен жаб­­­дықтау желілерін жөндеу жоспар­лан­ған, іс жүзінде 14 917 шақырым не­ме­­се 98,7%-ы жөнделді. Сумен жабдық­тау желілерін жөндеу Нұр-Сұлтан қа­ла­­сында – 71,6%, Ақтөбе облысында – 83,8%, Түркістан облысында – 89,9%, Шым­­кент қала­сында – 90,5% орындалды.

10 967 білім беру нысаны жылыту маусымына әзір, яғни барлық білім беру нысанын 1 қыркүйекке дейін дайындау жоспарланған болатын. Алайда, дайын емес объектілер үш өңірде қалды: Нұр-Сұлтан қаласында дайындық – 97,7%, Батыс Қазақстан облысында – 99,5%, Атырау облысында – 99,5%.

 5 936 денсаулық сақтау нысанын әзір­леу жоспарланған еді, соның 5 921-і, яғ­ни 99,7%-ы сақадай-сай. Қалған өңір­лерге қарағанда дайындығы төмен Аты­рау облысында жоспар – 95,2%, Ақтөбе облысында – 98,9%, Батыс Қазақстан облысында 99% орындалды. 46 809 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған болатын, іс жүзінде 45 908 тұрғын үй немесе 98,1%-ы дайындалды. Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша Батыс Қазақстан облысында (84,5%), Түркістан облысында (94,9%), Шымкент қаласында (90,7%) жұмыс қарқыны төмен.

2017 жылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көппәтерлі тұрғын үйлерде, білім беру, әлеуметтік сала нысандарында бел­гі­ленген құрылыс нормалары мен ере­же­лерін бұза отырып орналастырылған дербес қазандықтарды шығаруға мониторинг жүргізуде. Жалпы құрылыс нор­малары мен ережелері бұзылған 769 дербес қазандық анықталды. Олардың 39-ы  көппәтерлі тұрғын үйлерде, 730-ы – білім беру, әлеуметтік мәдени тұрмыс нысандарында орналасқан. Мұндай қазандықтарды шығару жергілікті бюджет немесе басқа да қаржыландыру көз­дері есебінен жүзеге асырылады. 2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 419-ы шығарылды, бұл – жоспардың 54,5%-ы. Қостанай (13%), Ақмола (36%) және Қарағанды (51%) облыстарында бұл жұмыс қарқыны мардымсыз.

«Көмір өндіруші компаниялар 75,1 млн тонна көмір өндірді, бұл өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 97,2 %-ды құрады. Еліміздің ішкі нары­ғына осы кезеңде 51,5 млн тонна көмір жөнелтілді. Энергия өндіруші кәсіп­орындарға 39,6 млн тонна көмір жібе­рілді, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 1,4%-ға аз. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға 4,8 млн тонна көмір жөнелтілді, бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға төмен. Коммуналдық тұрмыс­тық қажеттілікке және халыққа 7,1 млн тонна көмір жіберілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 92,8%-ды құрайды. Көмір экспорты 19,8 млн тонна болды, деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,4 млрд теңгені құрады. Ең көп дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,7 млрд теңге, Маңғыстау облысында – 1,5 млрд теңге, Шымкент қаласында – 1,3 млрд теңге көлемінде. Сондай-ақ 2018 жылмен салыстырғанда Алматы қаласында берешек 533 млн теңгеге өскен. Шымкент қаласында қарыз 2018 жылмен салыстырғанда 1,1 млрд теңгеге, Нұр-Сұлтан қаласында 568 млн теңгеге азайған.

Дебиторлық берешек бойынша ең төмен көрсеткіштер Алматы облысында – бар-жоғы 5 млн теңге.

Мәселе Үкімет бақылауында

Тақырыпты қорытындылаған Пре­мьер-Министр Асқар Мамин жылыту маусымына дайындық жұмысын күшейтіп, оны сапалы аяқтау қажеттігін атап көрсетті.

«Жалпы, жылыту маусымына да­йындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен кестеден қалып қою, ком­му­налдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмендігі болуы сияқты фактілері орын алып отыр. Осыған байланысты әкімдерге жос­парланған жөндеу жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді тапсырамын», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкім­деріне екі апта ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункт­терінің инфрақұрылымының қазір­гі жағдайын, жеткізілім кестесін, саты­латын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігіне «Қазақ­стан Темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондармен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтері үшін дебиторлық берешегін жабу жұ­мы­сын күшейту қажет», деді Премьер-Министр. А.Мамин Энергетика, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңір әкімдіктерінің алдағы жылыту маусымына барлық нысандарды дайындау жұмысын аяқтауын бақылауда ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Министрлер мен әкімдерге қазақ­стандық қамту бойынша көрсеткіштердің және тиісті заңнаманың орындалуы бо­йынша дербес жауапкершілік артылады. 9 айдың қорытындысы бойынша жиналыс өткіземіз. Онда осы көрсеткіштердің қалай орындалғанын қарастырамыз», деп түйіндеді Премьер-Министр.

«Бастау Бизнестің» берері мол

Сондай-ақ Үкіметтің селекторлық оты­рысында «Бастау Бизнес» жоба-сын іске асырудың аралық қоры­тын­­дысы мен мемлекеттік сатып алу­дағы жергілікті қамту мәселелері қарал­ды. Аталған ба­ғытта атқарылып жатқан жұмыс туралы «Атамекен» ҰКП бас­қар­ма төр­ағасы Абылай Мыр­зах­метов, Еңбек және халықты әлеумет­тік қор­ғау ми­нистрі Біржан Нұрым­бетов, Ауыл ша­руашылығы министрі Сапар­хан Омаров, Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов, Қаржы министрі – Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары Әлихан Смайы­лов және Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев баяндады. 

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ағымдағы жылдың 22 шілдесі мен 5 қыркүйегі аралығында елдегі 200 мектеп 18,3 мың жас пен көп бала­лы отбасылардың өкілі оқытылды. «Бас­тау» жобасы бойынша оқытылған 15 мың адамды есепке алғанда, 33,3 мың жұмыс­сыз және өзін өзі жұмыспен қамты­ғандар қамтылды, оның 600-ден астамы 29 жасқа дейінгі көп балалы отбасының өкілі.

Биыл мектеп бітірген 2360 адам шағын несие алды, 5431 адамға грант берілді. Өңірлер бойынша ең жақсы көрсеткіш Павлодар (70%), Шығыс Қазақстан (61,5%) және Қызылорда (61,2%) облыстарында байқалады.

Қостанай облысында жергілікті қамту үлесінің ең жоғары көрсеткіші жиһаз және азық-түлік сатып алуда – 40%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 21%-ды құрайды. Құрылыс материалдары саласында ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе және Павлодар облыстарына тиесілі.

Ауылдық елді мекендерді несие­лен­діруге 59,8 млрд теңге бағытталды. Жыл басынан бері барлығы 9 433 микронесие берілді. Ауылдағы микронесиенің орташа мөлшері 3,8 млн теңгені, ал қалаларда 11,1 млн теңгені құрайды.

«Бүгін талқыланған «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер», шағын несие беру жобаларының іске асырылуы халықты жұмыспен қамту мәселесімен тығыз байланысты. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі. Осы жұмыстың жақсы нәтижелерін көріп отырмыз. 2019 жылдың өзінде 5 мыңнан астам азамат өз ісін ашып, 8,5 мың жұмыс орнын құрды», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың қатарын көбейтіп, бизнесін ашқандар немесе кеңейткендер санын 20-дан 30%-ға дейін жеткізу мәселесін пысықтап, шағын несие және грант беру бойынша көзделген барлық жоспарлардың орындалуын жеделдетуді, жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындауды, заңнаманың және индустриялық сертификат пен «СТ-КZ» сертификатының талаптарының орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыруы қағидаларында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін қарастырып, олардың бір ай мерзімде қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.