Кино • 24 Қыркүйек, 2019

Әлмира Тұрсын: Менің ішімде өз Томирисім өмір сүреді

1424 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Түбі бір түркі жұртының тұтастығы жолына ғұмырын арнап, тағдырын қиған даңқты қолбасшылар, жаужүрек батырлар тұлғасы тарих үшін қашанда қастерлі. Уақыт-ағзам алақанында әлдеқашан жазылып қалған ақиқат кейінгі ұрпаққа ғұмырлық тағылым десек те, сол дала данышпандарын лайықты деңгейде ұлықтай алып жатырмыз ба?!  Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ерекше тоқталып: «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – деп, өскелең ұрпақтың танымын тағылымды тарихпен суарып, патриоттық рухта тәрбие алуына, жас өскіндер санасына ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы фильмдер мен сахналық қойылымдарды жарыққа шығару жұмыстарына барынша назар аудару керектігін айрықша атап өткен болатын. Ұсыныс баянды бастамаларға арқау болып, ұлттық кинематография бірнеше сапалы көркем туындымен толығып үлгерді. Соның бірі –  «Томирис» фильмі.       

«Томирис» кино тілінде сөйлейді» деген ақжолтай хабарды естігеннен бастап-ақ премьера күнін көпшілік қауым асыға күтті. Әсіресе басты рөлді сомдайтын актрисаның таңдалуы қызу талқыға түскені де ұмытыла қойған жоқ. Қазақстанды былай қойғанда, атағы күллі түркіні шарлап кеткен туынды халықтың төл тарихын тануға деген ынта-ықыласын әйгілеп берді. Санаулы күннен кейін отандық режиссер Ақан Сатаевтың көркем сараптауында көпшілікпен қауышқалы отырған картинада басты рөлді кино әлеміндегі жаңа есім – Әлмира ТҰРСЫН сомдайды. Аты аңызға айналған әйгілі Сақ патшайымын өз биігінде бейнелеу жолында тер төккен актрисамен фильм тұсаукесері алдында жолығып, аз-кем ой бөлісудің сәті түскен еді.

 

Әлмира Тұрсын: Менің ішімде өз Томирисім өмір сүреді

– Әлмира, алда ұлттық кино өнерін­дегі айтулы оқиға – көптен күткен «То­мирис» фильмінің тұсаукесері келе жатыр. Қандай сезімдесіз?

– Сенесіз бе, сөзбен айтып жеткізгісіз қызық бір күйде жүрмін.  Қорқыныш та, толқу да бар. Оны әлі өзім де толық түйсініп, сезіп үлгерген жоқпын. Өйт­­кені «Томирис» менің үлкен кино­дағы дебютім. Алғашқы тәжірибе болған­дық­тан, алдын ала болжамай, барлық эмоцияны сол тұсаукесер күніне қалдырғым келеді. Фильмнің қалай болатыны маған да қызық. Өйткені сіздер секілді мен де «Томиристің» толық нұсқасын әлі көрмедім. Алла жазса, премьера күні кө­рермен болып барамын (жымиды).

– Қазақ қыздарының ішінде Томи­рис, Зарина патшайым болуды армандамайтын ару жоқ шығар. Шыныңызды айтыңызшы, қиялыңызда бол­сын бұл рөлді армандап па едіңіз?

– Жоқ, нақты Томирис болуды арман­даған емеспін. Бірақ мен үшін кино кеңістігі қашанда қызық болатын. Өзімді камераның алдында сынап көрсем деген іштей бір тілегімнің болғанын жасырмаймын.

Кәсіби актриса болмасам да, фото­сурет­терімді көріп, студент кезімнен-ақ продюсерлер кастингке жиі шақырып тұратын. Алайда мені қызықтыратын лайықты жоба кездеспеді. Сондықтан киноактриса болсам деген тілегім тек арман күйінде қалып қойды. Өзімнің күнделікті жұмыстарыммен айналысып жүріп, тіпті ол арманымды ұмытып та кетіппін. Содан бір күні күтпеген жерден «Томирис» фильмінің кастинг директоры Жайна Әбдиевадан шақыру келіп түсті. Оның өзінде нақты ешқандай уәде бермеді, тек іріктеуге қатысып көр­сеңіз деді. Іштей біраз ойландым. Жол­дасыммен, анаммен ақылдастым. Барлығы бірден қолдап, іріктеуден өте­тіндігіме сендірді. Сол сенім қанат біті­ріп, кастингке қатысуға бел будым. Алла қолдап, сәтін салып, бірнеше ке­зеңнен сүрінбей өттім. Соңында, міне, өздеріңізге мәлім болғандай, Томирис рөлі бұйырды. Алла жазса, қыркүйектің 27-сінде фильмнің премьерасы өтпек. Біздің жұмыс аяқталды, ендігі бағаны көрермен өзі береді. Көпшіліктің көңі­лінен шығады деп сенемін.

– Іріктеу қаншалықты тартысты өтті? «Өтпей қалам-ау» деген іштей бір қорқыныш болмады ма?

– Кастинг кезінде үміткердің әрқай­сысына жекелей қарым-қатынас жасалды. Сондықтан болар, барлығымыз өзімізді Томирис сезіндік. Ал фильмге нақты кімнің бекітілгендігі жайлы соңғы күнге дейін айтылмады. Ақпарат құпия болған сайын мәреге жету қызықты болды. Әрине алғаш кастингке келген кезде сыртқы кел­бетімді көріп, мінезімді саралай, әң­гімелесе келе аталған рөлге салыстырмалы түрде көп мүмкіндік мен­де екендігі айтылды. Бірақ ресми түрде нақты шешім шықпағаннан кейін соңына дейін сенімсіз жүрдім. Оның үстіне «Егер бекітіле қал­сам, атағы әлем­ге жайылған патшайымды қалай сараптаймын?» деген мың сан сұрақ тағы мазалады. Жүрексінгенімді де жасырмаймын. Өйткені Томирис рөлі мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Халық мені қалай қабылдайды деп ойлай бердім. Бірақ кейін таңдау жасалып, фотосуретім көпшілік назарына ұсынылған кезде, әлеуметтік желіде жазылған жылы ле­біз­дерді көріп қанаттанғандай болдым. Пікір қалдырғандардың жазбасынан: «На­ғыз Томирис осындай-ақ болса керек!», «Фильм­ді асыға күтеміз!» деген сынды оң пікірлер жаңаша бір шығар­машылық тыныс сыйлады. Өзіме деген сенімім қай­та оралып, сілкініп алдым десем артық емес. Осындай тамаша сезімде түсірілім жұмысына кірісіп кеттік.

– Расымен де түр-әлпетіңіз ерекше. Тіпті ғаламторда суретіңіз алғаш жарияланып, халық арасына тарала бастаған кезде де «Томирис рөліне таң­далған актриса қазақ емес екен» деген пікірлер көп айтылып жатты...

– Иə, солай болды. Және көпшіліктің ол пікірі негізсіз емес. Өйткені менің бо­йымда бірнеше ұлттың қаны бар. Яғни, метиспін. Бірақ өзімді толықтай қазақпын деп есептеймін. Өйткені екі әжем де қа­зақ. Алматы қаласында туып-өстім. Мек­тепті де сонда бітірдім. Біздің әулет ұлт­тық қалып пен салт-дәстүрді берік ұс­танған нағыз қазақы отбасы болды. Же­ті жасыма дейін әжемнің қолында өс­тім. Ал тек, тәрбие дегеніміз негізінен әйел, анаға да тікелей байланысты ғой. Əкем де, анам да қазақ отбасында өсіп, қа­зақша тəрбиеленген. Бірақ аталарым бас­қа ұлттан. Əкемнің əкесі, яғни өз атам та­тар ұлтынан болса, анамның әкесі еврей қанынан. Егер биологиялық тұрғыдан тар­қатар болсақ, онда әрине, бойымда үш ұлт­тың – қазақ, татар және еврей қаны бар. Бі­рақ мен өзімді ес біліп, ақыл тоқтатқалы бе­рі қазақпын деп таныдым. Сондықтан «Ұлтың кім?» десе, берер жауабым жалғыз – қазақ.

– Сіздің сараптауда Томириске қай қырынан басымдық берілді:  жауын­гер Томириске ме, әлде əйел, ана Томи­риске ме?

– Менің әу бастағы мақсатым – кейіп­керімді жан-жақты көрсету болатын. Әри­не шамамның, таным-түйсігімнің жет­кенінше Томириске сан қырынан ке­луге тырыстым да. Төрткүл дүниеге таң­­дай қаққызған патшайымның аңызға бер­гісіз таңғажайып ерлігін ғана емес, ана ретіндегі мейірімі мен әйелдік нәзік табиғатын да кейіпкерімнің өн бойына бірдей тоғыстыруға талпындым. Себебі Томирис жаужүрек батырдан бұрын, ең әуелі жүрегі жұмсақ, жаны нәзік әйел, мейірімді ана ғой. Барлық әйел заты секілді ол да риясыз сүйіспеншілікті, мызғымас отбасылық махаббатты армандады. Бірақ ол кездегі жағдай, замана заңы талдырмаш талай Томиристі еркінен тыс атқа қондырып, ел тұтастығы жолында қайратты болуға қайрады. Ерлермен иық тірестіре жүріп, шайқасудан өзге таңдау қалдырмады. Егер бейбіт заман болса, Томирис те көп әйелдің бірі болып, отбасы бақытын бәрінен биік қоятындығына сенемін. Өйткені оның ойы емес, өмірі осындай шешімдерге алып келді. Фильмде соны көрсетуге тырыстым. Жеткізе алдым ба, жоқ па – ол жағына енді көрермен тө­реші. Семіз айтып, арық шығудан қор­қамын. Сон­дықтан барлығын премьера күні өздеріңіз көріп, бағасын берерсіздер.

– Ал өзіңіздің өн бойыңызда Томи­риспен қандай ұқсастықтар бар деп ойлайсыз? Жалпы, қазір Томирис сияқ­ты қыздар бар ма?

– Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін Жа­рат­қанға мың да бір шүкір деймін. Ер­ке­леп, нағыз әйелдерше әдемі ғұ­мыр ке­шіп жатсақ, ол осы мызғымас тыныш­тығымыздың арқасы деп білемін. Осы бейбітшілігіміз лайым ұзағынан болғай. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ ел үшін қандай да бір қиын жағдай бола қалса, кез келген қазақ қызы Томиристің ерлігін қайталайды деп сенемін. Десек те әр за­манның өз талабы бар ғой. От­ба­сын асырау жолында қоғамдық жұ­мыс­тарға белсене араласып, ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, үйдегі бала тәрбиесіне де, түздегі қыз­метіне де бірдей үлгеріп жүрген қыз­дардың ерлігі бүгінгі заманға сай томи­ристік тұлғаны танытуға толықтай өлшем деп ойлаймын. Тіпті кейбір кезде өзім де Томирис сияқты болып кетемін (күлді). Оған фильмнің де әсері болуы мүмкін.

– Қалайша?

– Негізі мен өзімді нәзік қыздардың қатарына жатқызамын. Бірақ «Томи­рис» фильміне түскелі бері жаңа қыр­ла­рымның ашыла бастағанын байқа­дым. Оны жақындарым да айтты. То­миристі ойнағалы мінезімде мық­ты­­лық, тәуекелшілдік пайда болды. Өйт­­кені бірнеше ай бойы түсірілім ала­ңында Томирис болып өмір сүргеннен кейін, бар болмысың кейіпкеріңмен бір­тұтас әлемге айналып кетеді екен. Томиристен көп нәрсе үйрендім. Сөзбен суреттеп жеткізгісіз ғаламат әсер алдым. Кейіпкерімнің болмысын қабылдағаным соншалық, түсірілім жұмыстары біткен соң біраз уақыт өз-өзіме келе алмай жүр­дім. Білесіз бе, әлі фильм жарыққа шығып үлгерген жоқ, ал мен түсірілім алаңын сағынып үлгердім. Кейіпкерім де, ондағы атмосфера да, кинодағы серіктестерім де, шығармашылық түсіру тобы да маған көп нәрсе үйретті.

– Рөлге қалай дайындалдыңыз? Та­ри­хи кітаптар оқып, арнайы мамандармен, кеңесшілермен жұмыс істеуге мүмкіндік болды ма?

– Тарихи фильм болғандықтан, ат­қа отыру, қару ұстау сынды шай­қас қимыл­дарын үйрену, секіру жаттығу­ларымен айналысуға басымдық беріп жібердім бе, алғашқы кездерде арна­йы архив ақтарып, тарихты терең тануға мүмкіндік болмады. Әлбетте ниет бол­ғанымен, уақыт мұрсат бермеді. Cон­дай бір қызу дайындық үстінде тайып құлап, аяғымды сындырып алдым. Бір айдан аса уақыт тапжылмастан төсек тартып жатуға тура келді. Сол кезде Ге­родоттан бастап тарихты жазған талай автордың еңбектерімен танысып шық­тым. Әсіресе Болат Жандарбековтің «Сақтар» дилогиясының «Томирис» ата­латын бірінші кітабы арқылы көп мәлі­метке қанықтым. Бұл сынақты Жа­рат­қанның маған ізденіс үшін берген бір мүмкіндігі деп қабылдап, осы уақыт ішін­де образымды ойша жүйелеп, мінез ерекшеліктерін екшеп үлгердім. Әрине менің бұлайша аяқасты жарақаттанып қалуым түсірілім тобын біраз сарсаңға да салды. Өйткені жаттығу жұмыстары аяқталып, түсірілім процесінің басталуына санаулы күн қалған болатын. Ал менің төсекке таңылуым сол жоспардың күл-талқанын шығарды. Тіпті түсірілімге жарамайтындай жағдайда басқа актриса табуға уақыт тым тапшы еді. Егер табыла қалса, режиссер ше­шіміне түсіністікпен қарауға да дайын болдым. Өзімді іштей соған да­йындадым. Тіпті ауырып жатып: «Мүмкін бұл менің жолым емес шығар. Киноға адасып келгенімді Жаратқан осылай ауыртып көрсетіп жатқан болар» деген ойлар да бір сәт маза бермеді. Сондай сан түрлі сезім үстінде: «Менің жағдайымда Томирис не істер еді?» деген ой келді. Дәл сол кезде ішімдегі қалғып кеткен Томирис оянды. Дереу өзімді жинап алдым. «Томирис жеңілмес еді!» дедім іштей нық бекіп. Кейіпкерімнен берілген тегеурін сөйтіп мені түсірілім алаңына қайта алып келді.

– Ал түсірілім барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Шығармашылық жұмыс болғаннан кейін түсірілім басталғаннан аяқталғанға дейінгі кез келген әрекетің жауапкер­ші­лік. Түрлі қиындықтар кездесіп жатты. Со­ның ішінде соғыс қимылдарына үйре­ну қажырлы күш-жігерді талап етті. Бі­раз уақыт әскери жаттығу лагерінде тұрып, арнайы тәжірибеден өттік. Дәл әскердегідей болды. Өзімді солай се­зіндім. Одан кейінгі мені түбегейлі із­де­ніске итермелеген тағы бір жайт – көне түрік тілінің ерекшеліктерін иге­ру болды. Қолданысымызда болма­ған­нан кейін біраз қиындықтар кездесті. Арнайы тіл мамандарымен, тарихшы­лармен жұмыс істеуге тура келді. Бас­тапқыда қиналғаныммен, кейін сөйлеп жаттыққаннан соң тіл әуезінен керемет ләззат алдым. Бейне бір сақ дәуірінде жүргендей өзіме деген сенім пайда болды. Себебі көне түрік тілінде сөйлеп жүріп сол дәуірдің сол көңіл күйін қатар ұстайсың. Тіл үйренудегі жаңа тәжірибе өзіме қатты ұнады. 

 – Сонда фильм тек көне түрік тілін­де түсірілді ме?

 – Иә, көне түрік және көне парсы тілдерінде түсірілді. Бұл да жұмысқа тамаша атмосфера береді екен. Бұған дейінгі қазақ фильмдеріне ұқсамайды. Түсірілім біткеннен кейін таспада жа­зылған үзін­ділерді көріп шықтым. Керемет әсер етті. Кейіпкерлерді көне түрік және парсы тілдерінде сөйлету картинаның айтулы ерекшеліктерінің бірі деп ойлаймын. Оқиға ерте ғасырларда өтіп жатыр екен деп сеніп қаласың. Бұл – режиссер тарапынан табылған оң шешімдердің бірі екені сөзсіз.

– Тарихи фильмнің сәтті шығуының тағы бір сыры – суретшілердің шебер­лігі һәм сезімталдығы екені талассыз. Осы орайда Сақ патшайымы киімде­рінің ерекшелігі жайлы білгіміз келеді. Костюмдерді кім тікті?

– Фильмдегі барлық костюм Əсел Шалабаева бастаған талантты кәсіби суретшілердің қолынан шықты. Тарихты жіті зерттеп, сол дәуірдің стилін барынша ұстануға тырысты. Костюмдердің барлығы таза табиғи материалдан тігілді. Өрнектері де әр деталіне дейін ойлас­тырылып, қолдан жасалып шықты. Сон­дықтан болар ол костюмдер көрер көзге ғана әсем емес, денеге киген кезде де қонымды, жүріс-тұрысқа ыңғайлы болды. Бейне бір тарихтан, сол дәуірден келген киімдер сияқты әсер етті. Бұл да фильмде өте үлкен рөл ойнады. Өзімді нағыз Сақ патшайымындай сезіндім.

– Әлмира, сізді жолы болғыш адам деуге болатын шығар. Кәсіби актер­лердің өзі кинодағы рөлін шағын эпи­­зодтардан бастап жатады. Ал сіз бір­­ден тарихи фильмдегі басты рөлге таң­­­далдыңыз. Оның үстіне бүгінде кино кеңістігінде есімі жиі аталып, кө­­рер­мен ықыласына бөленіп жүрген трендтегі режиссерлердің бірі Ақан Сатаевпен тандемде жұмыс істеу мүм­кін­дігі бұйырды...

 ­– Оныңыз рас. Аллаға мың мәрте шүкір деймін. Ақан аға ең әуелі тамаша адам, содан кейін жақсы маман. Адамгершілігі зор, мақсаты биік. Мұны режиссермен сөйлескен кез келген адам сезеді. Өзінен де, сөзінен де жылы леп есіп тұрады. Кино алаңында жүріп көп нәрсе үйрендім. Білмеген, олқы түсіп жатқан тұстарда түсіністік танытып, қолдау білдірді. Кәсіби ақылын айтты. Ақан аға ешқашан «мына көріністі дұрыс шығармадың» деп ұрыспайды, керісінше «барлығы жақсы, тек енді былай көрсек қалай болады» деп жұм­сақ айтып отырып түсіндіреді, кейіп­керіңнің мақсатын ұғындырады. Бастап­қыда тек режиссердің айтқанын ғана орындап жүрсем, кейін уақыт өте келе, түсірілім аяқталар шақта тіпті өз ұсы­ныс­тарымды айтып, шығармашылық импровизацияларға баруға жарап қалдым. Бұл да Ақан ағаның жанында жүрген әріптестеріне, актерлерге сенім сыйлай алатындығының арқасы. «Актерлерге ауыр сөз айтсаң ойы бөлінеді. Себебі әртіс – бәрін сезіммен, жүрекпен жасайтын адам. Сол көңілді аялау керек» деп үнемі айтып отырады. Мінезі жұмсақ бола тұра ішкі тегеуріні мықты, тәртіпке қатал. Түсірілімдегі әр детальға мән бе­ріп, жұмысына үлкен жауапкершілік, ыж­дағатпен келеді. Режиссердің осындай биік адамгершілік мінездерін көріп, өзің де іштей жиналасың, ширығасың, ши­райсың. Мен үшін Ақан ағаның қасында жұмыс істеу үлкен мектеп болды.

– «Томирис» фильміне түсу актер­лік тəжірибеден бөлек тағы не берді деп ойлайсыз?

– Киноны көру басқа да, оның ішінде жүріп, ішкі процестеріне араласу бөлек әлем. Жеке өз басыма «Томирис» кино аталатын ғаламат кеңістіктің есігін ашып берді. Кәсіби білікті мамандармен, тамаша актерлермен бірге жұмыс іс­теу бақыты бұйырды. Қазақы әдеби сөз саптаудан бастап, адамгершілік, кәсіби біліктілік тұрғысынан әрқайсысынан үйренгенім көп. Алғаш түсірілім жұ­мыстарына кірі­сер кезде қатты жүрек­сіндім. Өйткені арнайы актерлік білімім болмағаннан кейін, олқы түсіп жатқан тұстарда кәсіби мамандар түсіністік та­ныта қояр ма екен деп толқыдым. Бі­рақ алаңдауым бекер екен. Келгеннен бар­лығы құшақ жая қарсы алып, білгендерін үйретті. Бақытыма орай маған кіл мықты серіктестер жолықты. Тамаша достар таптым. Соларға қарап бой түзедім, білмегенімді үйрендім. Барлық түсірілім тобына алғысым шексіз.

– Білуімізше, негізгі мамандығыңыз экономист екен. Шығармашылық са­ла­ға қай кезден бастап қызыға бас­та­ды­ңыз?

– Иә, әуелгі мамандығым – бизнес пен коучинг. Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің экономика факультетінде оқыдым. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын «Менеджмент пен коучинг» саласы бойынша тәмамдадым. Үшінші мамандығым – психолог. Қай саланың да өз ерекшелігі, қызығы бар және бар­лығы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Мәселен, психология бағытында алған білімім Томирис рөлін шығаруға көп кө­мектесті. Сондықтан да мен жалпы адам, маман ретінде бір орында қалып қоюды құп көрмеймін. Мен үшін өзімді жетілдіріп, дамытып, беймәлім, бейтаныс салада сынап көру – жаңа эмоцияларға, өзіңнің жаңа мүмкіндіктеріңді ашуыңа таптырмас тәжірибе. Бағытымды түбе­гейлі өзгертіп, кино саласына келуімнің басты себебі осы адами, рухани ішкі сұраныстарымның арқасында деп ойлаймын. Сондықтан келешекте мүлдем басқа қырымнан танып жатсаңыздар, таңғалмаңыздар (күлді). Өйткені менің өмір сүру қалыбым осындай.

 – Сөзіңізден түсінгеніміз – өте тәуе­келшіл, жаңалыққұмар жан екенсіз. Басқа қандай ерекше қырларыңыз бар? Томирис – Әлмира тағы неге қызығады?  

– Ең әуелі маған өмір сүрудің өзі өте қызық. Сондықтан өзімді, әр күнімді үнемі жаңа эмоциялармен байытып отыруға тырысамын. Би билеймін. Өлең жазып, спортпен шұғылданған қатты ұнайды. Психологиялық кітаптарды көп оқимын. Мұражай, сурет көрмелеріне жиі барып, өзімді рухани тұрғыдан дамытып, ішкі үндестікке ұмтылу да жаныма рахат сыйлайды. Жалпы, маған қандай да бір нәрсе қызық болса, оны соңына дейін зерттеп, танып-білмейінше тыным таппаймын. Ал керісінше жағдайда тіпті көңіл бөліп те қарамаймын. Сондай бір қыңырлау мінезім бар (күлді). Ал жалпы адамды дамытатын, ішкі әлемін байытатын шығармашылық жұмыстардың барлығымен айналысқан ұнайды.

 – Өлеңді қай тілде және қандай тақы­рыпта жазасыз? 

– Әзірге орыс тілінде жазып жүрмін. Алдағы мақсаттарымның бірі  – қазақ тілін әдеби деңгейде еркін игеріп, өлеңді қазақша жазу. Әрине оған біраз уақыт керек. Бірақ өзім қатты қызығамын. Демек, бағындыруға болатын белес деп ойлаймын. Ал өлеңдерімнің тақырыбы негізінен Хақ жолын табу, арманға сену, өмірді сүю, жалпы әйел бақыты туралы. Ақиқатына келгенде өлең деген белгілі бір тақырып пен қағидаға таңылмайды ғой. Адам нені сезінеді, қандай көңіл күйде – сол ақ қағаз бетіне түседі. Әзірге мені толғандырып жүрген тақырып осылар.

– Ал өзіңіз арманға сенесіз бе?

– Әрине! Сірә да адам баласының армансыз күні болмас. Бала күнімнен ертегі оқып, ғажайыптарға сеніп өскенмін. Әлі де сол қалпымдамын. Тек қазір армандарымды қиял күйінде қалдырмай, мақсатқа айналдыруға тырысамын. Ең әуелі адам Аллаға, содан соң өзіне, ішкі түйсігіне сенер болса, орындалмайтын арман болмайды. Құдай өзі берекесін береді.

– Болашақтағы армандарыңыз не­мен байланысты: кино саласымен бе, әлде бастапқы мамандығыңыз қызы­ғы­рақ па?

 – Оны енді уақыт көрсетеді. Жал­пы мен жүрегімнің қалауымен жұ­мыс істейтін адаммын. Сондықтан әзір­ге маған кино қызық. Алда жақсы жоба­ларға ұсыныс түсіп жатса, неге сынап көрмеске?! Бірақ өз мамандығым да ұнайды. Кім біледі, алда қос саланы біріктіріп, жаңа бір өнер ойлап табармын (күлді). Өйткені барлығы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Дұрысы, мұны уақыттың еншісіне қалдырайық.

 – Жақсы жобалар деп қалдыңыз, бас­қа режиссерлер тарапынан келіп тү­­сіп жатқан қандай да бір ұсыныстар бар ма?

 – Әрине ондай ұсыныстар көп. Кас­тингке де жиі шақырып тұрады. Бірақ «Томиристің» жарыққа сәтімен шығып, көрерменнің қабылдауын көрмейінше, басқа жобаларға әзірге шектеу қойдым. Өйткені алғашқы жұмысымның жемісін, халық тарапынан бағасын көріп-біліп, қажетінше нәтиже шығарғым келеді. Көңілім қалайтын, жаныммен үндесетін жақсы жоба кездеспейінше, асығыс шешімдерге барғым келмейді. Әзірге ондай сценарий кездеспеді. Болашақта жақсы режиссерлер тарапынан сәтті жобалар болып жатса, өзімді неге тағы да сынап көрмеске?!

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»