Мәжбүрлік пе, әлде қажеттілік пе?
Осы мақаланы жазу барысында түрлі кейіпкерді кездестірдік, сан қилы пікірге құлақ астық. Көзқарастардың көбі «кедергі жоқ, ғылым кандидаты бола тұрып докторантураны қайта оқу қажет емес» деген пікірге саяды. Бірақ Айнұр Ақылжанованың жайы жұрттың пікірін екіге жарады. Ол ғылым кандидаты атағын иеленсе де PhD дәрежесін алу үшін шетелде докторантураны қайтадан оқыған. Бұл сонда мәжбүрлік пе, әлде қажеттілік пе? А.Ақылжанованың айтуынша, бұл – қажеттіліктен туған әрекет. Алайда оқырманымыздың ойынша, бұл – мәжбүрлік. Өйткені өмірдің қақ ортасында немесе күш-жігеріңді оқуға жұмсап, енді ғана табыс табуға көшемін, еңбек етемін деп білек сыбанған шақта «сол деңгейді тағы да оқуға тиіссің» дейтін талап төбеңнен «төніп тұрса», қандай күйде боласың? Жә, бұл мәселе қиындық емес, жаңа бір белес тудырған сарапшымыздың қажеттілігіне келейікші. «Адам өмір бойы оқу керек. Ол ешқашан артық болмайды. Адамдар ғылым кандидаты болып, PhD деңгейін қайта оқыса, екінші бір мәселені яки саланы зерттеуге күш жұмсады деп түсінемін. Мен, мәселен, ғылым кандидатын кардиология саласында қорғадым, ал докторантурада генетиканы оқыдым. Екеуі – екі сала. Бірақ екеуі де менің қабілетімді, білімімді, кәсібилігімді, әлеуетімді арттыруға септігін тигізді», дейді Айнұр. Оның ғылым кандидаты атағын дәлелдейтін құжатында PhD сөзі жақша ішінде жазылған. Оның пайымдауынша, PhD дәрежесін сұратқан адамда бұл көрсетілмеген болуы мүмкін. Себебі А.Ақылжанова Жапонияға ғылым кандидаты атағымен барғанда, ондағылар мойындамау туралы сөз қозғамаған және PhD дипломын талап етпеген.
Төленетін ақысы – тең, дәрежесі – бірдей
А.Ақылжанова айтқандай, қажеттілік дегенмен түбінде мәжбүрлік жасырын жатқандай. Әлде мемлекеттің төлейтін стипендиясына қол созу ма? Әр саланы дамытуға деген қажеттілік үшін берілген мүмкіндік дейін десең, ғылым кандидатын қорғаған салада, тіпті тура сол тақырыпта қайтадан PhD оқуға болады. Десе де, осы мәселедегі сұрағымызға арнайы жауап жолдаған Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова еліміздің ғылым кандидаттарына философия докторы PhD дәрежесін алудың (докторантура бағдарламасын меңгеріп, диссертация қорғаудың) қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені оның мәлімдеуінше, 2011 жылдан бері философия докторы PhD дәрежесін алу үшін қойылатын диссертация мазмұны бойынша талаптар ғылым кандидаты дәрежесіне қорғалған диссертацияларға қойылатын қағидаларына ұқсас. Соған сәйкес ғылым кандидатымен философия докторы PhD дәрежесін иеленгендердің құқықтары бірдей. Мысалы, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ғылым кандидатына және философия докторы PhD иегерлеріне бірдей шамада, яғни айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағына да осы дәрежесі бар ғалымдар бірдей ұсынылады. Сондықтан ғылым кандидаты мен философия докторы PhD дәрежелері бір-біріне баламалы болады. «Шет елдерде жұмысқа орналасу кезінде ғылым кандидаты дипломы бойынша туындаған сұрақтарға, оның ішінде бір-біріне қаншалықты баламалы болатыны туралы мәселеге Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ресми түрде жауап беруге дайын», дейді вице-министр.
Докторантура қайта даярлайтын деңгейде болғаны ма?
Иә, дәреже де, деңгей де, құқық та, төленетін ақы да тең болса, онда ғылым кандидаты туралы дипломы барлардың докторантураны оқуына тыйым салатын заңды күші бар талап енгізу қажет шығар. Әлбетте бұны бір салада, бір тақырыпта қайтадан мемлекеттің ақшасына қаузағысы келетіндерге арналған талап терінге енгізу ләзім. Әйтпесе, ғылым кандидаты бола тұра PhD дәрежесін алу үшін тағы оқыса, онда докторантура дегеніңіз ғалым қалыптастыратын емес, қайта даярлайтын деңгей болып шығады ғой. Бұл мәселенің, дәлірек айтқанда, «атақ жиғыштар» мен пысықайларға тоқтау салудың екінші бір салмақты себебі бар. Өзіңіз ойлаңызшы, бір докторантты даярлауға мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөлінеді? Электронды үкімет порталының ақпаратына сүйенсек, бір докторантқа 82 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Экологиялық ахуалы нашар аймақтардағы докторанттарға 100 мың теңгеге жуық түседі. Орта есеппен бір докторанттың стипендиясына үш жылда 3 млн 200 мың теңге қаржы төленеді. Бұдан бөлек, оның шетелде тағылымдамадан өтетініне (бару-қайту жолақысы, пәтер немесе қонақ үйдің ақысы) кететін қаржыны қосыңыз. Білім және ғылым министрлігінің бізге берген дерегі бойынша, тек жолақының өзіне 2 мың доллар, қазіргі курспен 770 мың теңге кетеді екен. Жыл сайын докторантураға 300-дің айналасында грант бөлінеді, оның ішінде қанша адам ғылым кандидаты болса да қайтадан докторантураға түсетіні белгісіз. Мәселе – докторанттың өзі де мардымсыз деп жүрген стипендиясында емес, мемлекет қаржысын бір тақырыпты дәрежесі бірдей екі атақты алу үшін иеленетінінде. Ғылым кандидаттары докторантураны (бір сала, бір тақырыпты) сол ақшасы үшін ғана оқитындай. Өйткені ғылым кандидаты атағын алу үшін де сол 3 жылдай уақыт, соншалықты күш-жігер кетеді. Бірақ оған стипендия төленбейді және шетелге үкімет қаржысына бару атымен жоқ.
Түйткілдің түйіні – адамында
Кейбір есебі түгелдер ақша мен шетелге шығу үшін оқыды делік, алайда алғашқы кейіпкер секілді кедергі көретіндер, оқуға уақыт жоғалтудан гөрі еңбекпен айналысқысы келетіндер қайтпек керек? Досай Кенжетай елден философия ғылымдарының кандидаты атағын, ал Түркиядан теология бойынша докторантураның дипломын алған. «Мен Философия институтынан кандидаттық қорғауға бір тақырып алдым, артынша Анкарадағы университеттің докторантурасына түстім. Мен секілді екі түрлі саланы оқып, қорғағандар болса мейлі, ал бір сала, бір тақырыпты қайта-қайта оқудың не қажеті бар? Мысалы, жоғарыдағы А.Ақылжанованың жағдайы – бізде аз зерттелген нәзік сала. Міне, осындай ұқсастық болса да, өзіндік ерекшеліктерімен бір-бірін толықтыратын түрлі саладан қорғаса жөн. Ал стипендия немесе жай атақ үшін екеуін бірдей бір мәселеде қорғауды қолдамаймын», дейді Д.Кенжетай. Оның ойынша, барлығы адамның өзіне келіп тіреледі. Егер әлеуеті жоғары, білікті маман болып тұрса, PhD емес, магистратура бітірмесе де жұмысқа алады. «Мәселен, Кеңес өкіметінің кезінде ғылым кандидаты дәрежесін алған азаматтардың Түркияда еш кедергісіз жұмыс істеп жүргенін білемін. Ғылым кандидаты бола тұра PhD сұратса, нострификациядан өткізеді», дейді.
Теологтың айтқанын генетик, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин де растайды. Жас ғалым да елімізден ғылым кандидаты атанып кеткен азаматтардың арасында АҚШ-та еш қиындықсыз, қайтадан докторантура оқымай-ақ еңбек етіп жүрген таныстары көп екенін жеткізді. Өзі де Ресейден алған ғылым кандидаты атағын бүкіл жұмыстары мен қажетті құжаттарын толық өткізіп, екі айдан кейін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінен PhD дәрежесін анықтайтын диплом алған. Бірақ бұл үшін бюджеттен бөлінетін стипендияны алып, үш жылын сарқып, тағы да докторантура оқымаған.
Түйткілдің түйіні адамына тікелей байланысты десек те, бұл жалғыздың жайы болмауы бек мүмкін. Бір адамда кездескен жайт екінші біреудің басына түспесіне кім кепіл? Ең әрісі – кейіпкердің қалауы кәсіби һәм адами тұрғыдан да орынды болып тұр. Өйткені қажыр-қайрат жұмсап жиналған білім елге, қоғамға, тым болмағанда сол адамның өзіне нәсібін беруі керек қой. Қоғамда онсыз да аз осындай көзқарастағыларға кедергі кесе көлденең келмесе дейсің.