20 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТА АЛҒАШҚЫ ҮЙДІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

579 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әңгіме тағы да Қызылағаш ауылы жайлы. Өткен бейсенбіде тасқыннан кейінгі ауылда салы­на­тын жаңа үйлердің құрылысын бас­тау үшін облыс әкімі мерді­гер­лік және жобалау ұйымдарының жетекшілерімен кездескен еді. Мұн­дағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына 47 құры­лыс, 5 жобалау компаниясы тар­ты­лыпты. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, сейсмологиялық ғылыми-зерттеу институты мамандарының қоры­тын­дысымен Қызылағаш ауылын­да 423 тұрғын үй (479 пәтер) және ауылдық әкімдік, мектеп-интер­нат, аурухана, мәдениет үйі, мешіт ғимараттарының бүгінгі жайы зерттеліпті. Қорытынды бойынша 9 тұрғын үй сейсмологиялық шыдамдылығын күшейту жұмыс­тарынсыз, ал 6 қоғамдық ғимарат сейсмологиялық күшейту жұмыс­тарымен күрделі жөндеу жүргізуге жарамды деп табылған. Қалған тұрғын үйлер толықтай бұзылуға жататын болыпты. Ауылдың бас жоспарына сәй­кес жаңа үйлер су қоймасының ба­тысына қарай  400 метр қа­шық­тыққа көшірілді. Жұмысты жедел­дету мақсатында 26 құрылыс ком­паниясы қалпына келтіру, үйін­ділер мен қоқыстан тазарту ж­ұ­мыс­тарын тәулік бойы жал­ғас­тыруда. “Ауыз су” мемлекеттік бағдарламасымен  су құбырларын салуға ағымдағы жылға 130 млн. теңге бөлу жоспарланса, бюджет­тен оған қажетті қосымша 40 млн. теңге бөлініп, су жүйесі толы­ғы­мен қайта жасалып, бұл жұмыстың да тиянағы келтірілетін болды. Газетіміздің өткен санында айтылған тұрғындар өтініші орын­далып, облыс әкімінің шешімімен көктем егісіне қажетті жер бөлінсе, облыс аудандарынан  300 тоннадан астам тұқым жеткізілетіні де халықтың ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайта түсті. Жаңа үйлердің құрылысы 2,5-3 айда аяқталады деп жоспарлануда. Қызылағаштықтар өмірінде қа­сиет­ті жұмада тағы жағымды жаңалық болып, алғашқы тұрғын үй құ­ры­лысының іргетасы қаланды. Шоқан Уәлиханов көшесіндегі Нұрсұлтан Жұмаділдің үйінің орнына жаңадан құрылыс салу жұмысын “АСК Ауыл­құрылыс” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктес­ті­гі­нің сәулет­ші­лері бас­тап, өздеріне тапсырылған 11 үйдің алғаш­қы­сы­ның жұмысына кірісіп кетті. Халық үшін бұл күн ерекше болғандықтан облыс әкімі Серік Үмбетов ша­ра­ның басы-қа­сынан табылып, ор­на­тылған қа­лыпқа үй иесімен бірге қоспаны құйды. Дәстүрге сай құрбан ша­лынып, әруақтарға Құран бағыш­талды. – Тарихи Отаныма Қытайдан келіп, табан тірегелі жеті жыл болыпты. Отбасымда 3 балам бар. Тасқыннан үй-мүлкіміз болмаса өзіміз жапа шеккен жоқпыз. Бүгін міне, жаңа жобамен 4 бөлмелі баспанамның құрылысы басталды. Олар тұрмысқа қажеттіліктердің барлығы қарастырылған үйді қысқа мерзімде саламыз деп отыр. Бұл жұмысқа өзім де қолғабыс етемін. Жерлестерім Елбасына алғыс айтуда. Өйткені, қиындығымызды жұрт жұмыла көтеруде. Елінде жүргеннің ерніне тиеді деген осы, деді қандасымыз Нұрсұлтан Жұмаділ бізбен әңгімесінде. Жабырқаған көңілдері сәл болса да көтерілген тұрғындар енді мұндай қиындық қайталанбасын деген тілекпен бастаманың баянды бола­тынына сенімдерін білдіріп жатты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.