Қоғам • 27 Қыркүйек, 2019

Қарпып қалу қағидасы

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы кезде атаулы әлеуметтік көмекке қатысты көзқарастары қабыс­пай­тын тараптардың пайда болғанын бай­қап отырмыз. Халықтың әлеуметтік масылдығы туралы да, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі жайлы да екіұдай ой, түрлі пайым бар.

Қарпып қалу қағидасы

Көмекке мұқтаж, табысы төмен көп балалы ата-аналарға атаулы көмек беріледі деп мемлекет тарапынан пәрмен жасалғаннан кейін-ақ, міндетті түрде патерналистік психология да қоса атой салатыны айтыла бастады.

Елімізде атаулы көмекке мұқтаж отбасылар бар екенін, көпшілігі жұмыссыз, иә болмаса үйдегі бір ғана адамның табысына тәуелді болғанын жоққа шығармаймыз.

Бірақ көп балалы ана мен кәмелетке жетпеген баланың несібесіне ортақтасып, ақпараттық жүйелерге жалған құжаттар тапсырып, табысын жасырып, қалайда қарпып қалу пиғылы қоғамда көрініс тауып отыр. Күн өткен сайын осы мәселеде өтірігі әшкереленіп жатқандар саны шын мәнінде көмекке мұқтаж, бірақ тізімге әлі қосыла алмағандарға қарағанда әлдеқайда басым түсіп отырғаны алаңдатады.

Бұл туралы бас басылымда бірқатар деректер келтірілген мақалалар легі жарияланып та жатыр.

Осы арада үлкен мәселенің шеті көрі­не­ді. Бұл әлі де көмекке мұқтаж отба­сы­лар­дың бір ізге түскен заңды ақпа­­раттық жүйесінің қалыптаспағанын көрсетеді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті тағайын­­дауда пара беру мен жемқорлық мәсе­­лесі де орын алып тұр деген сөз. Сөзі­міз құр­ғақ болмау үшін құлақ естігенді айта­йық.

Мәселен, біздің халық әлі де құжаттарға салақ және оны заңды тұрғыда жинастырып, тиесілі жәрдемін алуға шорқақ. Бұл бір жағынан кеңес өкіметі тұсында орыс тілін білмейтін қарапайым ауыл қазағы үшін құжат рәсімдеудің қиямет-қайым болып көрінгенінен қалған менталитет болса керек.

«Әпке, 300 мың теңге берсең, барлық құжаттарыңызды өзіміз реттеп, әлеуметтік атаулы көмекке іліндіріп береміз деп жатыр», деп ауылдан хабарласқан аңқау келіндеріміз бар.

Әйтпесе оның бес баласы бар екені ақиқат. Күйеуі ауылдан тұрақты жұмыс таба алмай, күн жылыса елдің әр өңіріндегі құрылыста нәпақа тауып жүргені де бүкіл елге мағлұм. Неге сонда көп балалы ана өзіне тиесілі жәрдемақыға қол жеткізу үшін қомақты пара ұсынуы керек? Демек, мәселе жемқорлықпен шеші­летін жерде ретін келтіріп, кәсібін дөңге­ле­тіп отырғандардың өзінің көмекке мұқ­таж жандардың несібесіне ортақтасуы кез­дей­соқ құбылыс емес.

Қысқасы, мемлекеттің қаражаты мен ортақ қазынасы тиімді жұмсалып, жәр­демақы тек тиесілілерге бұйыру үдерісі – тиіс­ті мекемелерге, құқық қорғау органда­рына ғана емес, адамдардың арына да сын болып тұр.

Әйтпесе әлеуметтік масылдық мәселесі Еуроодақтың дамыған елдерінде де, алпауыт ел – АҚШ-та да бар. Онда кейбір азаматтарға жұмыс істемеу тиімдірек болып саналады. Өйткені дамыған елдерде әлеуметтік жәрдемақылар мен сақтан­ды­ру төлемдері есебінен күн көруге болады. Бірақ қай тұрғыдан келсек те, Қазақ­станның жағдайы да, тарихы да, демог­рафия­лық ахуалы да мүлде басқа екенін түй­сінуге тиіспіз.

Өз кезегінде сарапшыларымыз патернализм, яғни бастамашылықтың болмауы, мемлекеттен үміт күту сияқты сипат­тамалар тек халыққа ғана емес, шенеу­нік­терге де тән құлық екендігін атап отыр. Бұл мәселеде Тұңғыш Президент қоры­ның Әлемдік экономика және саясат инсти­тутының зерттеулеріне иек артуға болады. Отандық сарапшылар мүдделер қақтығысын елемеу жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы ықтималдылығын да жасырмайды.

Сондықтан сананы да, жағдайды да өзгерту керек екені екі тарапқа да түсінікті болды. Бір жағы таптаурын қағида, жаттанды сөз болып та естілер. Мемлекет халқын, халық мемлекетін қолдауы тиіс. Егер билік қазір қарапайым халықтың әлеумет­тік жағдайын тұрақтандыру үшін барлық ресурстарды іске қосқан болса, азамат­тарға да жан-жағымыздан әртүрлі пиғыл анталап тұрған заманда, уақытша болса да өз үкіметін сорып, қарпып қалу ниетінен арылатын кез жеткен секілді.