Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

Ауылда тұратын суретші

1123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ел іші – өнердің кеніші» деген рас. Алтын бесік ауылдарды араласаң ел мен жердің жақсылығын дәріптейтін, ұлтымыздың неше түрлі өнерін ту еткен дарынды жандарды жиі кездестіріп жатасың. Сондай таланттардың бірі – Жетісудың төрі саналатын Аспантау өлкесінің тумасы, Нарынқол ауылында тұратын қылқалам шебері Нұрболат Ысқақов. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының коррес­пондент-мүшесі, аталған академияның «Таранда Великого Эля» атты медалінің иесі Нұрболат Ысқақовты көп жұрт біле бер­мегенімен, өз саласының білгір маманы ретінде елге елеулі қызмет етіп келеді.

Ауылда тұратын суретші

Райымбек ауданының бір артық­­шы­лығы, мерейлі тойлар кезінде суретші Нұр­бо­лат Ысқақовтың сал­ған сурет­тері­нен үнемі көрме ұйым­дастырып отырады. Өйткені сурет­шінің бүкіл шығар­машылық әлемі туған ел мен жерге, сол өлкеден шық­­қан дара тұлғаларға ар­нал­ған.

Жалпы, Н.Ысқақовтың жылдап салған, көзінің қа­ра­шы­ғындай арнайы жинап қойған шы­ғарма­шы­лық әлеміне көз тоқ­тат­пай кету мүмкін емес. Рес­­пуб­­ли­ка­­мыздың ең көрік­ті жер­ле­рінің бірі, алыс-жа­қын шетелдерден арнайы қы­зығып келіп көріп жататын әйгілі Хантәңірі шыңы ағамыздың қылқаламында неше түрлі келбетімен көз тартып тұрғанда, мақтаныш сезі­­міне шын беріліп кетесің. Хан­тәңірімен қоса, осынау сырлы да нұр­лы өлкеден шыққан Мұқағалидай ақиық ақынымыз бар. Нұрболат Ысқақовтың шығармашы­лығында шайыр бейнесі шынайы көрініс тапқан. Ақынның терең ойлы әрі шабытына берілген сәттері қылқа­ламның құдіретімен өте өзгеше көрсетілген. Ауыл­да тұратын сурет­ші бұл үшін қаншама уақытын, сағат­тарға созылған күндері мен түн­дерін жұмсады десеңізші?! Иә, бұл үлкен еңбек, үлкен дүние.

Еңбегіне қарай азды-көпті атаққа қол жеткізгені болмаса, қарапайым сурет­ші Нарынқол ауылынан­ еш ұзаған емес. Биыл көктем­де ғана зейнет демалысына шыққан өнер иесі орта мектепті тәмамдаған соң, Ал­маты қаласындағы көркем­сурет училищесін кескіндеме мамандығы бойынша бі­тіріп, содан бергі уақытта Б.Соқ­пақбаев атындағы орта мектепте оқушыларға сурет пәнінен дәріс беріп келді. Шәкірттеріне үй­рет­кені көп, ұсынғаны жетерлік. Бү­гінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын белгілі суретші, Ал­мас Сырғабаевтай шәкіртінен бастап, Мақпал Ділдаева, Фар­хат Сартбаев, Ақылбек Шәкенов, Алуа Әнуарқоджа, Нүсіп Сұлтан, Рауан Бақтияр, Мәди Кенжебек секіл­ді шә­кірт­тері болашағынан үміт күттіретін суретшілер.

Иә, Нұрболат Ысқақов зейнеткер­лік жасына келгенше айтарлықтай еңбек еткен жан. Жап-жақсы шы­ғар­­ма­шылық әлемі бар. Алматы қала­сында екі дүр­кін шығармашылық көр­месін өткізген Нұрекеңнің Ә. Қас­теев атындағы республи­калық мұ­ражайда «Жайлауға автоклуб келді» атты туындысы тұрғанын да айта кет­кеніміз жөн.

Жалпы, Райымбек пен Кеген аудандары тари­хи­ құн­­­дылыққа толы өңір. 1916 жылғы ұлт-азат­­тық көте­рі­лісінің бір ошағы Қарқара жерінде тұтанға­ны белгілі. Нұр­болат Ысқақовтың біраз дүниесі дәл осы Қарқара кө­тері­лі­сіне арналған. Оның сыр­тында ха­­лық­тың ұраны­на айналған хас бат­ыр Райым­бек бабамыз жөнінде су­реттері де баршылық. Әсі­ре­се батыр бабамыздың Көк­мойнағымен берілген суреті әсер­лі шыққан. Рас, батыр баба­мыздың өз тұсында Іле өзенін кешіп өткені туралы аңыз әңгімелер баршылық. Суретші өзінің «Іле бойында» атты туындысында батыр бабамыздың жорығын бір қырынан көрсете білген. Кенепке майлы бояумен сурет салатын ағамыздың бір­қатар шығармашылығы Тәуел­сіздігімізге, Желтоқсан көте­рілісіне арналған. Ал туған жердің тамаша таби­ғатын мөлдірете тізген таңға­жайып туындылары өз алдына жеке әлем. Оларды көріп бір қуанып, бір кө­те­­ріліп са­ла бересің. Сол тұс­та ту­ған өлкені көркем де көрнек­ті шығар­­маларына арқау етіп жүр­ген суретші ағамызға деген ризашы­лығымыз арта түседі.

«Каникулға кетіп барамын» деп алғашқы су­ретін салған суретші бұл күн­де ұл­ты­мыздың тарихи тағдыры ту­ралы құнды дү­ниесін салумен айналысып жатыр. Бұл жұмыспен шұ­ғылдана бас­тағанына екінші жыл өтіпті.

Нұрболат Ысқақов шы­ғар­­ма­шы­лы­ғынан бөлек, отбасында да өне­гелі, сыйлы адам. Жұбайы Балжан Ома­рова бар ғұмырын ұс­таз­дыққа арнаған, көп уақы­тын мектеп басқару ісіне жұм­саған ұлағатты ұстаз. Ра­йым­­­­бек ауданының құрметті аза­­ма­ты, Ы. Алтынсарин атын­д­ағы ме­­даль­дың иесі. Ерлі-зайып­ты екеуі Асқар, Мақпал, Раушан, Нұр­сұлтан секілді ұлдары мен қыз­дарын қанаттандырған.

– Зейнет демалысына шыққан соң тек қана шы­ғар­­машылықпен айна­лы­суды қаладым. Алда тұрған іс­терім көп. Қазақстан Рес­публикасы Суретшілер ода­ғының тарапы­нан да түсіп жатқан ұсыныстар аз емес. Не дейін, мынандай тама­ша табиғаты бар ел мен жерді шамам­ның келгенінше суреттей берейін. Біз­дің өлке өлмес жыр мен әнге, суретке лайықты жер. Мен туған ауы­лымды, атамекенімді жаным­дай жақсы көремін. Сол үшін де бір сәт те алыс ұзағым кел­мейді. Денсау­лығыма қарамастан, Шо­ған­сай өңірінен Хантәңірі шы­ңын жа­қын жерден көруге бар­ғанымды ұмыт­паймын. Оның маған бергені көп, –дейді Нұрболат ағамыз.

Шалғай ауылда тұратын бүкіл елі-жұрты білетін су­рет­­шінің өмір жолы осындай.

 

Қанат БІРЖАНСАЛ,

журналист

 

 Алматы облысы