20 Наурыз, 2010

АЛДЫН АЛА ҚАМ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

559 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында болған  қайғылы оқиға су тасыса қайтеміз деп отырған  біздің жақтың  да ауылдарын ұйқыларынан оятқандай болды. Апат айтып келмейді. Қазірдің өзінде облыстық төтенше жағдайлар  басқармасы облыстағы  80-ге жуық ауылдың көктемгі су тасқынына ұшырау қаупі бар екенін айтып отыр. Оның үстіне бүгінде  екі күннің бірінде  қар жауып, боран соғып тұр. Облыстағы барлық  дерлік аудандар, атап айтқанда, Екібастұз, Ертіс, Ақтоғай, Железинка аудандарының ауылдары су тасқынына қалмастай жан-жақты әзірлікке кіріскен. Ықтимал апаттың алдын алуға арнайы техникалар бөлінген. Кезекшілік, бақылау шаралары  жасалды. Былтырғы жылы Ақтоғай ауданындағы  Шолақсор ауылы қалың судың ортасында қалғаны белгілі. Сондықтан биыл бұл ауылда су тасқынына қалмайтындай дайындық жұмыстары жүргізілуі тиіс. “Егемен Қазақстанның” Павлодар облысындағы тілшісі Фарида БЫҚАЙ Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бекзия Ысқақоваға: – Сіз бұған не дейсіз? – Біздің ауданның аумағы 9,8 мың шаршы шақырымды алып жатыр, 37 ауылымыз бар. Ауыл­дар­дың дені шалғайда орналасқан. Осы ауылдардың ішінде жыл сай­ын көктемгі су тасқыны кезінде қауіп­ті жағдайда қалатын ауы­лы­мыз – аудан орталығынан 164 ша­қырым қашықтықта жатқан Шо­лақ­сор ауылы. Бұл ауыл Сілеті өзе­нінің бойында орналасқан­дық­тан, су тасқынының аузында тұр, бұл жерді 700-ге жуық адам ме­кен­­дейді. Бұл арада бар мәселе осы ауылдан 140 шақырым жерде, яғни Ақмола облысының аума­ғын­да орналасқан Сілеті су қой­ма­сына бай­ланысты. Қар еріген кез­де су қоймасының арнасынан асып кету қаупі туындайды. Өйткені, өзен арнасымен су еріксіз жіберіледі. Бүгінгі күні мамандар Сілеті су қоймасында 144,6 млн. м3 көле­мін­де су бар, жоба бойынша су сый­ымдылығы 230 млн. м3 деп отыр. Олардың айтуларынша, негізінде су қоймасынан су көп мөлшерде жіберілмеуі керек, бірақ соңғы жауған қарға байланысты жағдай қалыпты деуге әлі ертерек. Ауыл әкімдігі де күндіз-түні ба­қы­лау жұмыстарын жүргізіп, ке­зек­ші­лік жасауда. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің қаулысымен су тасқы­нының алдын алу, төтенше жағ­дайлар бола қалған жағдайда оның зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Ауылға қауіп төнген кезде тұрғын­дарды көшіру, мал-мүліктерін қауіпсіз жерге жеткізу жоспарлары жасалды. Мамандардың айтуларынша, бұл күндері Сілеті өзенінде мұздың қалыңдығы 70-80 см-ді құрайды екен. Аудан бойынша Шолақсор ауылында төтенше жағдайдың алдын алу және болдырмау үшін барлық жағдайлар жасалуда. Павлодар облысы.