Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2019

Шетелдік талапкерлер отандық жоғары оқу орындарын неге таңдамайды?

610 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Халықаралық білім институтының (Institute of International Education) зерттеуінше, АҚШ-тағы шетелдік студенттердің саны 1 млн 100 мың адамға жуықтады. Осы білім алушылардың әрқайсысы елге (грантпен баратыны бар, ақылы оқитыны бар) жылына кем дегенде 1 млн теңгеден салады дейік. Бұл дегеніңіз сырттан сол мемлекетке жыл сайын млрд-тап емес, трил­лиондап табыс әкелетініне дәлел бола алады. Ал қазақстандық университеттер шетелден инвестиция әкелмесе де, сыртқа ағылған студенттердің шығынын жаба алып жүр ме?

Шетелдік талапкерлер отандық жоғары оқу орындарын неге таңдамайды?

Білім: экспорт пен импорт

Білімге салынған инвестиция еселеніп қайтуы керек. Со­­ған сенгендіктен де ата-анадан бастап Үкіметке дейін жас ұр­пақтың сапалы білім алуы­на қомақты қаржы салады. Тәуел­сіздік жылдарынан бері жал­ғыз «Болашақ» мемлекеттік бағ­дарламасымен 12 мыңнан аса қазақстандық жастар әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында білім алды. Аталған бағ­дарламаны жүзеге асыратын халықаралық бағдарламалар орталығының ақпаратына сүйен­сек, Англияның магистратурасын бітіру үшін бір студентке 18 млн теңге бөлінеді. Бұл қара­жатты барлық студенттің санына көбейтсек (АҚШ-қа аттан­ғандарға бұдан да көп ақша төленеді. Бұл оқу жылының Ан­глияға қарағанда бір жылға артық әрі географиялық, эконо­ми­калық ерекшеліктеріне байла­ныс­ты), сыртқа кеткен қар­жының көлемі аз еместігін білуге болады. Бұл санның сыртында өз қаражатымен жыл сайын оқу қуып, шетел асатындардың бар екенін ескерсек, шетке шыққан қар­жы шаш-етектен. Білімге салынған инвестицияның сапалық жағынан, яғни жинаған білімнің елге еңбек ету арқылы қайтарылуы бар да, экспорттың орнын импортпен толтыру тағы бар. Бұл – дамыған елдерде әбден қалып­тасқан нәтижелі тәжірибе.

Отандық білімдегі экспорт пен импорттың елеулі айырма­шылығына бір ғана мысал кел­тірейік. Солтүстіктегі көршіміз Ресейден бар болғаны 1 мың 107 адам Қазақстанға келіп оқып жатыр екен. Ал Ресейге жыл сайын 60 мыңға жуық қазақ­стандық оқуға аттанады. 60 мың мен 1 мыңның арасы жер мен көк­тей. Жақында Мәжіліс депута­ты Наталья Жұмаділдаева Пре­мьер-Министр Асқар Мамин­ге үндеуінде осындай деректі келтірді.

«Бүгінде Сыртқы істер ми­нистр­лігінің мәлімдеуінше, 91 мыңнан астам Қазақстан азаматы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл соңғы сан емес, өйткені консулдық тіркеу ерікті және барлық студенттер қабылдаушы елде тіркелген. Білім және ғылым министрлігі мұндай сараптаманы мүлде жасамайды. Мысал ретінде, мен Ре­сейдегі Федералды қауіпсіздік қыз­­метінің мәліметтерін келтір­­­­­гім келеді: биылғы жылдың ба­сы­нан Ресейге 181,5 мың адам оқу­ға келген. Олардың төрттен бір бөлігі – яғни 59,3 мың адам қазақстандықтар», деген еді депутат. 

«Болашақ» халықаралық бағ­дар­ламалар орталығы еліміздегі 22 мыңнан астам шетелдік сту­денттің 19 пайызы грантта оқи­тынын жеткізді. Біздегі ше­телдік студенттердің саны Ис­паниямен салыстырғанда (109 мыңнан аса халықаралық студент бар) 5 есе аз. Білімдегі экспорттың маңызы экономикалық жағынан ғана емес, барлық салада елдің әлеуетін көтеруге септігін тигізеді. Ал сол білімдегі импорттың үлесін арттыру демей-ақ қоялық, тым болмаса экспортпен теңестіру үшін қайтпек керек?

 Шетелдік студенттер екі есе аз ақша төлейді

Халықаралық білім инсти­­тутының зерттеу нәтижесіне сәй­кес, Франция шетелдік сту­дент­­терді тартудан әлем­де 5-орынға тұрақтап тұр. Осы елдегі экономика мен әлеу­меттің өзгерістерін зерттейтін ғылыми мамандарды даярлау­ға бағытталған Париж универ­ситетінде  (University of Paris 1 Pantheon-Sorbonne) 43 мыңнан аса студенттің 9 500-і, яғни 21 пайызы шетелден келген. Бұл біздегі барлық университет (отан­дық 10-нан аса ЖОО-да ше­тел­дік студенттер білім алады) қамтып отырған шетелдік студенттер санының жартысындай. Дәл осы француздық университетте бакалаврды оқу үшін жылына 6 мың еуроның үстінде, теңгеге шаққанда 2,5 млн-нан аса ақша төлейді. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 20 мың студент білім алады, оның 500-ден астамы, яғни 2,5 пайызы – шетелдік білім алушылар. Ондағы халықаралық студенттер дәл осы ұлттық деңгейлі ЖОО-да оқуы үшін жылына барлық студенттермен бірдей 1 млн айналасында төлейді. Осыдан-ақ мынадай қорытынды шығаруға болады: мәселен, бір француз біздің елге құжат тапсырса, өз елін­дегіден 2-3 есе төмен бағамен бітіреді. Сәй­кесінше Қазақстан азаматы Фран­цияда оқу үшін сонша есе артық қар­жы төлейді.

Жә, әуелі аз да болса, барша ше­телдік студенттердің Қазақ­станға қалай келгенін, қандай жолмен тартылғанын таразылап, нәтиженің жоғары болмау себептерін сараптап көрелік. Халықаралық студенттердің басым бөлігі, анығын айтқанда 50 пайыздайы Өзбекстаннан келіп оқиды екен. 2018-2019 оқу жылында келген 22 мың­нан аса студенттің 9 690-ы жо­ғ­арыда аталған оңтүстіктегі көр­шілерімізден келген. Онан кейінгі орынды 3 447 адаммен Үндістан, 2 654 студентпен Түр­кіменстан және 1 433 із­дену­шімен Қытай алып отыр. Ал көр­сеткіштің соңына 150-ге жет­пейтін жанмен Пәкістан, Оңтүс­тік Корея, Әзербайжан жайғасқан.студент

 Көзбояушылық – кедергі

Халықаралық студенттердің қатарын қарқынды көбейте ал­мауымызға әрі мәжілісмен мә­лім­­дегендей, түлектеріміздің жап­­­пай кетуіне ЖОО-ларда­ғы көзбояушылық себеп бола­тын көрінеді. Иә, жарнама жаса­лады, меморандум бар, бағ­дар­лама әзірленген. Алайда көй­лек­тің жарнамадағы фотосымен бірдей болмауы клиентті қа­­шыратынындай, универ­си­тет­тердің жабдықталуындағы көз­бояушылыққа қатысты сын көп. Қарапайым жаттығу залы бар деп көрсетіледі, бірақ істемейді, есігі ашылмайды. Бұл өз кезегінде келіп тұрған тұтынушыны айнытып жіберуге дейін алып келеді. Сондай жайттың бірін ЖОО-лардың білім сапасына қа­тысты конференцияда кездескен Л.Н.Гумилев атындағы уни­­верситеттің оқытушысы айтып еді. Аты-жөнін көрсеткісі келмеген ол: «Шетелдік студенттер жатақхананы көріп, еліне қайта кетіп қалады. Қаншама қаржы бөліп, бағдарлама жасап, келіссөз жүргізіп, оқытушылар даярланып әуреленеміз. Сөйтіп студентті тартқанда, ол жатар же­рін көріп шошиды. Содан кетіп қалады. Ал өз студенттеріміз бір бөлмеде 4-5 адаммен жатқаннан сол ақшаға 2-3 қызбен бөліп төлейтін пәтер жалдайды», деді.

 Жақын жерді жөн көреді

Студент тарту жұмысы ұлт­тық университеттің өзінде әлсіз болып тұрғанына бұдан бөлек те себептері бар. Айталық, ше­тел­дік студенттерді оқытуда көш бастап тұрған М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті Өз­бекстанға ең жақын жерде ор­наласқан. Әлгінде атап өтке­німіздей, шетелдік студент­тер­дің 50 пайызға жуығы – өз­бек ағайынымыз. Яғни көбі гео­­графиялық ерекшелігіне қа­­­рай таңдау жасайды. Бұған тағы да Моңғолиядан келе­тін сту­денттердің шығыс пен сол­түстіктегі, сондай-ақ Түр­кімен­станнан келетіндер Түр­кістан мен Ақтаудағы мемле­кеттік ЖОО-ларды таңдайтынын мысал етуге болады. Ал 1200-дей шетелдік студент білім алатын Қарағандыдағы медициналық университетін үнді халқының мамандық таңдау салтымен­ бай­ланыс­тыруға болады. Мы­салы, аталған ЖОО-дағы шетел­дік сту­денттердің 95 пайызға жуы­ғы Үндістаннан келген. Үндіс­тандықтар әрдайым дә­рігер­­лерге зәру және сол елде ме­ди­­­цина­лық мамандықтың мәр­тебесі жоға­ры. Сондықтан да ұлт­тық және қатар­дағы мем­лекеттік ЖОО-лардың студент тарту жұмыс­тары бірдей дең­гейде, шамалас қарқынмен жүр­­гізіл­се де, шетелдік ізденуші­лер­ облыстарға қарай ат басын бұ­ра­ды.

 Халықаралық тәжірибеде қалай?

Иранның Алламе Табатабаи университетінің президенті Ху­сейн Салими бізге берген сұх­батында өзі басшылық ететін ЖОО-да 300-ден астам шетелдік студент бар екенін айтты. «Университетімізде әр елден келген халықаралық студенттерге арналған бөлек тұрғын-жай бар. Біз мұндай ізденушілерді қос диплом беретін қос дең­гейлі (double degree program) бағ­дарлама бойынша оқытамыз. Көбіне ма­гистратура деңгейінде дайын­даймыз. Бірақ мұнымен шектелмейміз, бакалавр мен докторанттарды да даярлай аламыз», деді. Ирандық уни­вер­ситет Қытай, Ауғанстан, Үндіс­тан, Түркия, Франция, Гер­­мания, Қырғызстан, Пәкіс­тан, Ресей, Оңтүстік Корея, Ис­пания елдеріндегі ЖОО-лар­мен меморандумға отырған. Бай­қағанымыздай, отандық студенттер өзі қалтасынан  төлеп жататын жатақханаға көңілі толмай жүрсе, Ирандағы университет шетел­дік студенттерінің өзін тегін тұрғын-үймен қамтамасыз етіп қойыпты. ЖОО басшысы бөліскен бұл ақпаратпен университет сайтындағы 2018-2019 оқу жылына арналған деректі бюллетень арқылы да толық танысуға болады. 

 Бәрінің басында сапа тұр

Жапонияның Цукуба (University of Tsukuba) уни­вер­­си­­­те­тінде оқытушы болып жұмыс істейтін профессор Қуа­ныш Тастанбекова барлық проб­­леманың басында білім сапа­сының тұрғанын айтады. Оның ойынша, жатақхана, оқу ақысы, жарнама, дипломатиялық қарым-қатынастан бұрын білім­нің сапасы маңызды, шетел­дік студенттер соған қарап таңдау жасайды.

– Цукуба университетінде 2,5 мың шетелдік студент бі­лім алады. Бұл барлық 16,5 мың студенттің 15 пайызын құ­рай­ды. Жапондық жоғары оқу орны әлемдік топ 100 мықты уни­верситеттің қатарына кіреді. Мұндай жетістікке жетуде ше­тел­дік студенттерді тарту, оқы­ту туралы міндетті талап бар. Сондықтан осы мәселеге ла­йықты көңіл бөлінеді. Ше­тел­­дік студенттердің басым бө­лігі Қытай, Корея, Жа­по­ния­ның айналасындағы Солтүстік Азия мемлекеттерінен, Африка мен ТМД елдерінен келеді. Жа­пониядағы білім сапасы жоғары, сол себепті жарн­ама жүр­гізбесе де оқуға түсушілер көп. Біз отан­дық ЖОО-ларды жұрт «Қазақ­станда сапалы маман дайындайтын инженерлік, ауылша­руа­шылық, медициналық факультет­тер бар екен» дейтін деңгейге жеткізбейінше, шетелден студент тартуда жоғары нәтиже көрсету мүмкін емес, – дейді профессор. Қ.Тастанбекованың айтуын­ша, еліміздің медициналық уни­верситеттеріндегі үндіс­тан­дық немесе пәкістандық азамат­тар­ды тартуымыз – тәуел­сіз­дік­­тің та­бысы деуге келмейді. Өйт­кені мұндай бағдарлама Ке­ңес өкіметі кезінде де болған, біз бар болғаны жалғастырып жатыр­мыз. Бұл – бүгінгі жаңалық яки жетістік емес. Ал жаңа биік­тер­­ге қол жеткізу үшін жо­ғары бі­лім­нің сапасын жаңа биік­ке шығаруға тиіспіз. Себебі шетел­діктерді білімнің сапасымен ғана қызықтыруға болады.