Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2019

Білім алмасу бағдарламасының қарқыны қандай?

523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім алмасу бағдарламасы (KSP – knowledge sharing program) шеңберінде жыл сайынғы өңірлік семинар өтті. Әлемнің 70 елінде 1 мыңға жуық тақырыптық зерттеулерді қамтитын бұл бағдарламаны 2004 жылы Корея Республикасының Экономика және қаржы министрлігі дайындаған. Аталған жоба Кореяның тәжірибесі негізінде әріптес елдерге әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін стратегиялық зерттеулер мен консультация­лар кешенін әзірлеуді көздейді. Осы мақсатта Қазақстанмен әріптестік 2009 жылы басталған еді.  

Білім алмасу бағдарламасының қарқыны қандай?

Жиында сөз алған Корея Респуб­ликасы Экономика және қаржы министрлігінің өкілі Су Кьюсик осы бағдарламаның Еуразияда, оның ішінде Қазақ­станда жүзеге асырылып отыр­ғаны үлкен маңызға ие еке­нін жеткізді. «Бұл – дәл Еуразия аумағында алғаш ұйым­дасты­рылып отырған аймақтық семинар. Еліміз Білім алмасу бағдар­ламасын дүние жүзіндегі көптеген елдер арасындағы достық және әріптестік қарым-қаты­насымызды нығайту, сон­дай-ақ өзіміздің озық тәжі­ри­белерімізбен бөлісу мақ­сатында жүргізіп келеді. Біз шарада инвестиция, сауда са­ла­сындағы көшбасшылар мен жетекші қыз­меткерлердің басын қосуды қаладық. Осы жұмыс барысында аталған салада жемісті жұмыс істеп жүрген практик-мамандардың баяндамасын тың­­­­дап, арнайы жоспарланған пі­кірталас алаңдарында талқыға саламыз», деді Су Кьюсик. Оның айтуынша, пікірталасқа Білім алмасу бағдарламасын жүргізу, тиімділігі мен артықшылықтары арқау болады. Осы аймақтық семинар аталған бағдарламаның Еуразиядағы болашақ әлеуетін айқындауға, болжам жасауға жақсы мүмкіндік береді.

Ал іс-шараны ұйымдас­тырған еліміздің Ұлттық экономика министр­лігінің депар­тамент басшысы Бибігүл Ма­сер­баева алдымен Білім алма­су бағдарламасын іске асы­ру арқылы екіжақты ын­ты­мақ­тас­тықты арттыруға атсалыс­қа­ны үшін екі ел мамандарына алғыс айтты. «Қазақстан – ха­лық­аралық ұйымдармен өзара іс-қимыл және Орталық Азия елдері арасында маңызды жобаларды іске асыру  бойын­ша көш бастап тұрған ел. 2010 жылдан бастап Корея  Рес­пуб­ликасының Экономика және қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлт­тық экономика министрлігі ара­сында өзара түсіністік туралы негіздемелік меморандум жасалды. Өткен жылдары шағын және орта бизнесті да­мыту, несиеге кепілдік бе­ру саласындағы зерттеулер, сондай-ақ индустриялық-ин­нова­циялық дамуды қолдау, институционалдық мемлекет-жекеменшік әріптестік табыс­ты іске асырылды», деді. Б.Ма­сер­­баева­ның мәлімдеуін­ше, аймақтық семинар жыл сайын әр елде ұйымдастырылады. Биыл Қазақстанда өткен шара­да «Инвестициялар және өнеркәсіпті дамыту» тақырыбы талқыға түсіп, өңірлік, жаһандық және корей сарапшылары үшін пікір алмасу алаңына айналды.

Семинарда спикер ретінде баяндама жасаған «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының менед­жері Данияр Айтқұлов Білім алмасу бағдарламасының нәтижесінде атқарылған жұмыс­тарға тоқталды. «Экономиканың басым секторларына шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды жан-жақты қолдау жолымен Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуына жәрдемдесу мақсатында жұмыс істейтін ұлттық компания жалпы құны 39 млрд долларды құрайтын 156 жобаны иеленеді. Соның ішінде 86 жоба елге 21 млрд доллар инвестиция тартты. Ал 18 млрд долларға лайықталған 71 жоба әлі жүзеге асырылып жатыр. Осы нәтижеге қол жет­кізуде Корея елімен әріп­тестік орнатуымыздың айрықша үлесі бар», деді. Д.Айт­құлов­тың айтуынша, Білім алмасу бағдарламасы аясында ко­рей­лік сарапшылар «Kazakh Invest» ұлттық компаниясына әр аймақтың ерекшелігіне қарай жемісті жұмыс істейтін өңірлік мамандар дайындауды ұсынған. Осының негізінде қазір ұлттық компанияның еліміздегі бар­лық облысындағы арнайы ма­ман­дары өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық ерек­шеліктерін ескеріп, компания мен әкімдіктер арасындағы делдал қызметін атқарады. Нәтижесінде компанияның әлеуеті артып, ел дамуына қар­қын­ды еңбек етуіне ықпал ете бастады.