Жақында Мәскеу халықаралық музыка үйінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің ұйымдастыруымен ұлық мереке – Наурыз мейрамына арналған концерт болып өтті, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі. Мерекелік кешке Мәскеу мэрінің бірінші орынбасары Юрий Росляк, ТМД елдері елшіліктерінің басшылары, танымал ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Мерекелік концерт басталар алдындағы сөзінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков Тәуелсіз Қазақстан Наурыз мейрамын осымен 19-рет атап өткелі отырғанын, осы жылдар ішінде еліміздің экономикасы қарқынды дамып, демократиялық мемлекет болып қалыптасқанын атап өтті. Елші, сондай-ақ Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің нәтижесінде еліміздің ЕҚЫҰ төрағасы болғанына тоқталды. “Наурыз – барлығымызды ізгілікке бастайтын, біздің халықтарымызды ынтымаққа үндейтін ұлық мереке”, – деді елші.
Ал мерекелік концертте жиналған қауым М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өнер ұжымының орындауында қазақ композиторларының шығармалары мен қазақтың ұлттық билерін тамашалады. Мәскеу көгінде шырқалған қазақ әндері мен күмбірлеген күйлері барша жиналғандар жанына нұрлы шуақ құйды. Ең батысы – БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдаған қарарына сәйкес биылғы жылдан бастап 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні деп танылды.
“Егемен-ақпарат”.