Қоғам • 01 Қазан, 2019

Алматыда «Орталық-Азиялық гастроэнтерологиялық апта - 2019» халықаралық конгресі өтеді

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы апта, яғни 3 қазанда Алматыда VI Халықаралық «Орталық-Азиялық гастроэнтерологиялық апта - 2019» конгресі (ОАГА) өз жұмысын бастайды. Іс-шараны ұйымдастыруға Денсаулық сақтау министрлігі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Бауырды зерттеу бойынша Қазақ қауымдастығы, Ішек ауруларын зерттеу жөніндегі қазақ ғылыми қоғамы мұрындық болып отыр.

Алматыда «Орталық-Азиялық гастроэнтерологиялық апта - 2019» халықаралық конгресі өтеді

Конгреске қатысу үшін Алматы қаласына 300-ден астам делегат пен алыс және жақын шетелдерден 95 лектор, гастроэнтерологтар, терапевтер, инфекционистер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, онкологтар, зертханалық және функционалдық диагностика саласындағы мамандар келеді. 

ОАГА шеңберінде кәсіби қауымдастық өкілдерінің талқылауы тиіс басты тақырыптардың бірі – ішектің қабыну аурулары (ІҚА), олардың қатарына ойық жаралы колит (ОК) және Крон ауруы (КА) жатады. 

ІҚА Қазақстанда ғана емес, әлемде де заманауи гастроэнтерологияның ең өзекті мәселелерінің бірі саналады. Әлемнің әр түрлі аймақтарындағы ІҚА бойынша эпидемиологиялық жағдайда ауытқулар бар. Орташа алғанда ойық жаралы колиттің (ОК) таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 37-ден 246-ға дейін, Крон ауруы (КА) – 100 мың тұрғынға шаққанда 29-дан 199-ға дейін, ал ІҚА салдарынан мүгедектік 20 пайыздан 34 пайызға дейін құрайды. 2018 жылғы Диспансерлік науқастар тіркелімінің деректері бойынша Қазақстанда тіркелген науқастар саны 6085 адамды құрап, оның ішінде 2497 адам ОК – 1060, КА – 513 диагноздарымен есепке алынған.   

Конгресте ІҚА-ның пайда болу себебі неде, қазіргі таңда әлемде және Қазақстанда ІҚА-ны диагностикалау мен емдеудің қандай қазіргі заманғы әдістері бар, бүгінгі күні биологиялық терапияның қаншалықты тиімді және қауіпсіз екендігі және ҚР-да биологиялық препараттардың қол жетімділік жағдайы қай  деңгейде екендігі талқыланады.

 

 

АЛМАТЫ