Экономика • 02 Қазан, 2019

Ортақ валюта болмайды

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеу­лер орталығы тарапынан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ валюта қолданысқа енгізілуі мүмкін екені айтылған болатын. LS-тің осы мәселеге қатысты сұрағына жауап берген Ұлттық банк ортақ валютаға қатысты болжамдарды жоққа шығарды.

Ортақ валюта болмайды

– Валюталық одақ құру және ортақ валютаны қолданысқа ен­гізу қарастырылып жатқан жоқ. Сонымен қатар ақша-несие саясатын жүргізетін орталық банк құру да қарастырылмайды. ЕАДБ Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысшы органы емес, оның қызметі келісімшарт бойынша қарастырылмаған,– делінген Ұлттық банктің жауабында.

Бас банк ЕАДБ-ның қызметі одаққа мүше мемлекеттерде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мен өнеркәсіптік өндірістерді қолдауға ғана бағытталғанын атап өтті.

ЕАДБ-ның интеграциялық зерттеулер орталығының басшысы Евгений Винокуров одаққа мүше мемлекеттер Ресеймен арадағы қаржылай операцияларды рубльмен жүргізетінін, ал өзара операцияларды доллармен жүргізетінін айта келіп, ортақ валюта осы олқылықты жоюға көмектеседі деген пікір білдірген болатын. «Аймақтық ақша бірлігі бірінші кезекте сауда ағындарына қызмет көрсетуге керек» делінген оның пікірінде.

Осы орайда, одақ елдеріне ортақ валюта енгізу туралы әңгіме бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін айта кетейік.