Өкінішке қарай, қоғамда жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеуге терең мән беруде, ұстаздардың мәртебесін биіктетуде, әлеуметтік деңгейі төмен тұрғындарға жүйелі қолдау беруде, қылмыстың әр қилы көріністерімен күресуде қордаланған мәселе жетерлік.
Жолдау өзекті мәселелердің қатарына қазіргі қоғамдағы жемқорлық пен сыбайластыққа, болашаққа қарай ұмтылмайтын босбелбеулікке қарсы күрес жатқызылды. Адам өмірінің құндылықтар мен оның құқықтары мен бостандығын барлығынан жоғары қою демократиялық елдерге тән қасиет болып саналады. Әсіресе осы мақсатты жүзеге асыру үшін көмек берілуге тиісті әлеуметтік топтар мен жеке азаматтар тізімі нақты түрде анықталғаны жөн. Сонда біздің үлкен өндірістен шеттеп қалған, бірақ шамасы келгенше шағын бизнеспен айналысатын көпшілік қауымға атаулы және нақты көмек берілері анық. Әрбір өндіруші кәсіпкер өзінің еңбегінің қызығын алдымен өзі көруі керек. Сонда ғана экономика саласында ынталанудан белсенді даму процесі жүзеге асады, алға қарай өркендеудің қайнар көзі ашылады.
«Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», дейді Президент Қ.Тоқаев. Демек, елдің болашағы сөз бен істің өзара үйлесуінде. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді халқымыз. Барлық деңгейдегі сөзге деген құрмет көбейсе, онда болашаққа қарай қадамымыз да ширақ болар еді, қоғамдық санаға сенім де кіретіні белгілі. Өкінішке қарай, әртүрлі деңгейде құрғақ уәде беру, азаматтарды алдамсырату көрініс беріп отырғаны жұртшылықты қынжылтып келгені шындық. Қоғамдағы теріс құбылыстардың пайда болуы себептерінің астарында, түп төркінінде шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер, рухани дағдарыстар мен ауытқулар, әлеуметтік проблемалар жататыны белгілі. Енді мәселелерді көп болып еңсеруге ұмтылсақ қана Жолдауда айтылған сындарлы ойлар жүзеге асары анық. Диалогтан іске көшетін кезең жақын деген ойдамыз.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары