Сарғайған суреттерді ақтарып отырып, мына бір суретке көзім түскені: жас шамалары әудем тартқан майкішең отырған мұртты ер адам мен гүлді көйлек киген жылы жүзді әйел бейнесі. Әлекеңнен «бұлар кімдер?» деп сұрадым. Ағамыз әдеттегідей жұмсақ жымиып алды да, «менің ата-анам ғой» деді. Расын айтсам, бұған дейін даңқты спортшы жайлы біршама деректер білсем де, ата-анасының бейнесін кездестірмеппін.
Ағамыздың айтуы бойынша бұл фото 1960-жылдардың ортасында өзі туған Табақсай ауылында түсірілген екен. Әкесі Мүсірбек 1905 жылы Қызылорда облысының Тереңөзегінде туып, ашаршылық жылдары ағасы Сүлеймен, інісі Сыздыхан бар барлығы Өзбекстанның Шыршығына ауып барған. Кейін ағасы мен інісі қырғыздарды сағалап кетіп, соғыс басталғанда Сүлеймен майданға аттанған да, Сыздыхан Жезқазған өңіріне көшіп келген.
Сөйтіп апалас-төпелес заманда ағайындарынан алыстаған Мүсірбек өзімен тағдырлас жалғыз шешесін жетелеп Украинадан ауып келген Прасковья Жиронкинамен көңіл қосқан. Мына фотодағы жылы жүзді әйел осы кісі, яғни Әлжанның анасы.
Қабибек МҰХИТОВ,
Атырау мұнай және газ университетінің доценті