Бокс • 02 Қазан, 2019

Кәсіпқой бокс: Айдос Ербосынұлы үздік үштіктің қатарында

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингінде бір сатыға жоғарлап, қазіргі кезде үшінші орынды иеленуде.

Кәсіпқой бокс: Айдос Ербосынұлы үздік үштіктің қатарында

Кезінде әуесқой рингте табысты өнер көрсетіп, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген айтулы қазақ боксшысы біраз уақыт Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасында «Астана арландары» сапында күш сынасты.

Осыдан тура төрт жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 3 қазанында Ербосынұлының кәсіпқойлар арасындағы өзінің тұсаукесер кездесуін өткізгені де есімізде. Сол уақыттан бері 12 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлық бәсекеде жеңіске жетті. Сегіз қарсыласын нокаутқа жіберді. Қазіргі кезде ол екінші орта салмақ дәрежесі бойынша WBC Asian Continental, WBA International және WBO Global нұсқаларының алтын белбеуінің иегері. Осындай елеулі табыстарының арқасында Айдос Ербосынұлы бүгінгі таңда айтулы рейтингте «ТОП-3» боксшының қатарына қосылып отыр.

Ал қазіргі кезде WBA рейтингінде ұлыбританиялық Джон Райдер жеке-дара көш бастап тұр. Ол «уақытша» чемпион тәжінің иегері. Екінші орынды WBA Continental нұсқасының алтын белбеуінің иесі ресейлік Федор Чудинов иеленуде.