Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Емле ережелерін оқыту сыныптары ашылды

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жаңа әліпбидің емле ережелерін үйретуге арналған оқыту сыныптары ашылды. Мұндағы мақсат латын негізді жаңа қазақ жазуының әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, жаңалықтарын, емле нормаларының ғылыми негіздерін меңгерген, ересек аудиторияға оқытып, түсіндіре алатын білікті оқытушылар дайындауға мүмкіндік жасау. 

Емле ережелерін оқыту сыныптары ашылды

Аталған жиынға академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов, ақын Несіпбек Айт, жазушы Алдан Смайыл, профессор Марат Әб­сәметов, тіл жанашырлары Мұ­хам­бедия Ахметов, Камал Әл­пейісова, қоғам қайраткері Сай­лау Батыршаұлы сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Әлібек Асқар сөз алып, қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңі­мен көшіруге арналған іс-шара­лар жоспарына сәйкес ат­қарылып жатқан жұмыстар ретін таныстырып, орталықтың мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оны ғылым тіліне айнал­дыру, жаңа ұлттық әліпбиді ха­лық­қа насихаттау бағытында қоғам­­ның әртүрлі әлеуметтік топтары ара­сында, ғылыми ортада, тіл мамандары, әдіскер­лер, мем­лекеттік қызметкерлер ара­сын­да түсіндіру жұмыстары жү­йелі түрде өткізіліп жүргенін жет­кізді. Сондай-ақ жазушы, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Төлен Әб­дік, Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, Мәде­ниет және спорт вице-ми­нистрі Нұрқиса Мұратұлы оқы­ту сыныптарының сапалы, нәтижелі жұмыс жасауына се­нім білдіріп, ұлттық жазудың негізін қалыптастырып берудің болашақта тіл саламаттығын сақтауда туындайтын кез келген мәселені шешуде аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министр­лігі Тіл саясаты комитеті төраға­сы­ның орынбасары Айнұр Мыр­забекова оқыту сыныптарын ашу­дың негізгі талаптарына тоқ­тала отырып, Тұңғыш Пре­зи­­дент – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы­ның қазақ тілін жаңа әліп­биге көшіруге байланысты Жар­лығынан кейін Премьер-Министр өкімімен «Қазақ тілі әліп­­биін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезең­і­мен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілгенін атап өтті.

– Үкімет қаулысымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығы» құры­лып, еліміздегі латын әліпбиін ен­гізуге байланысты жұмыстар осы мекеме арқылы жүзеге асы­рылуда. Атап айтқанда, Ұлт­тық комиссия жанынан құрыл­ған жұмыс топтарының жұ­мысын үйлестіру, латын әліп­биін енгізуге бағытталған мем­лекеттік тапсырмаларды іске асыру. 2019 жыл – «Әдістеме жылы». Жаңа емле ережелерін оқыту бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 72 сағаттық біліктілік арттыру курстары, өңірлер­де дәрістер мен 12 сағаттық семи­нарлар ұйымдастырылуда, – деді Тіл саясаты комитеті төр­ағасының орынбасары Айнұр Мырзабекова. Оның айтуынша, «Тіл-Қазына» орталығынан білімін жетілдірген филолог мамандар өз өңірінде тіл үйрету курстарын жалғастыратын болады. Аталған курс 2025 жылға дейін жүргізілмек. Сондай-ақ орталық мамандары бүгінге дейін республика бойынша 500-дей адамға жаңа әліпбидің емле ережесін үйреткен.

– Жаңа әліпбиге көшу бары­сы­нда біз оқыту сапасына ерек­ше мән беруіміз қажет. Қазір­гі кезеңде оқытудың қай түрі болсын жаңа инновациялық техно­логияларға құрылғаны жөн. Осы реттен келгенде, бү­гін ашы­латын оқу ғимараты осын­­­дай жаңа талаптармен жабдық­­талған. Сонымен бірге оқу ғи­ма­ратындағы техникалық құрыл­ғылар онлайн семинар өткізуге де мол мүмкіндік бере­ді,– деп сөзін түйіндеді ол.

Ашылған оқыту сыныптары курс өткізуге қажетті құрал­дармен, техникалармен тегіс жабдықталған. Дәрісханаларда республика бойынша, сонымен қатар шетелдегі ғалымдар, әдіс­кер­лермен байланыс орна­туға, онлайн семинар өткізуге мүм­кін­дік бар. Семинар, курстарды жаңа қазақ әліпбиінің емле ере­же­сін әзірлеген ғалымдар өткізеді.

Заманауи жобаларды жүзе­ге асыруға күш жұмылдырып отыр­ған «Тіл-Қазына» орталы­ғының мемлекеттік тілді және латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиі мен жаңа емле ережесін таныстыру, үй­рену, жазу және оқу дағды­ларын қалып­тастыру мақсатында ке­шен­ді іс-шаралар жоспарын тұрақты іске асырып келеді. Сондықтан респуб­лика көлемін­де жаңа латын гра­фи­касымен жа­зылған жазба тілі­міздің жү­йесін, емле ере­же­лерінің құ­ры­­лымын, емле норма­лары­ның ғылыми негіз­дерін түсін­діре алатын білікті мамандар дайын­дау – күн тәртібінде тұрған өзек­ті мәселелердің бірі.