20 Наурыз, 2010

КӨНЕ ҚАЛА ҚҰПИЯСЫ

1166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақтың қатпар-қат­пар тари­хының ба­сым бөлігі әлі аршыл­ған жоқ. Жа­­­рыққа шы­­ғып, жұрт­­­­қа бел­гілі болғанының өзінің бір жүйеге түспегені тағы бар. Содан да болар, кейде қарама-қарсы пікірлер қайшыласып қалады. Мәселен, Дешті қыпшақтың анасы болған Сыр бойының тарихы, ондағы халық хақында, қалалардың әлеуметтік маңызы жөнінде көпшілік қауым ха­бар­дар емес. Ауық-ауық айтылған әңгіме суы үзілген арық секілді қаңсып қала береді. Осыдан отыз жыл бұрын атақты ғалым Әуелбек Қоңырат­баев “Бестам қорғалсын!” деген мақала жазып, шырқырады. Алайда, қозғалыс қуаты болма­ды. Сыр өңіріндегі Бестам қала­сының сол кездегі белгілерінің өзі қазір жоқ. Сөйтіп ол көзден де, көңілден де өшті. Арналы ақиқатқа қайта оралайық. Алтын Орданың сал­танаты асқан Сығанақ қаласы­ның тарихта айтарлықтай ізі бар. Қазіргі Қазақ мемлекетінің шегіндегі Көк Орданың астанасы болған бұл шаһармен түбі түріктің бәрі сағынысып көріседі десек, асыра айтқандық емес. Осыдан бес-алты жыл бұрын Сыр бойында өткен “Қорқыт және Ұлы дала сазы” фестива­лінде жер-жерден келген түркі тектес өнерпаздардың атамекен топырағына тәу еткендігін көзімізбен көрген соң нық сөйлеп отырмыз. Сол Х-ХІ ғасырларда Сығанақ қаласынан қашық емес Нәнсайдың сол жағалауында Күйеутам, Бестам, Жүніс секілді қалалар болған екен. Бестамды белгілеп айтар болсақ, ол Шиелі ауданының орталығынан 18-20 шақырым қашықтықтағы оңтүстік-батыс жазықта. Оның ерекшелігі мынада: бұл жерде үш ежелгі өндіріс орны анықталған. Бірі – темір қорытатын, екіншісі – кірпіш күйдіретін пеші бар алып ошақ орны, ал үшіншісі  керамика мен сыр өндіріс орны делінеді. Кейбір болжамшылар оның санын 7-ге жеткізеді. Сонау жылдары нартәуекелмен археологиялық қазба жүргізген зерттеушілер осы қала орнынан қыш-құмыра сынықтарын, өңделмеген гипс, тас қайрақ және шақпақ тастардың бірнеше түрлерін тапқан. Қазбалардан мыс теңгелердің кезігуі мұндағы көмбенің жұмбақ тұстарын қоюландыра түседі. Бестам қаласының өз зама­нын­да ір мәдениет және өнер­кәсіп орталық болғандығына ой жетектейтін дәлелдемелер ізден­ген жанды қызықтыра түсетіндігі сөзсіз. Оның стратегиялық маңызы бар екендігіне Нәнсай бойындағы ертедегі керуен жолының Сығанақ қаласына тірелуі дер едік. Бұл жөніндегі жергілікті жерде айтылатын аңыздар осын­дай ойға жете­лейді. Айтпақшы, Бестамдағы құрылыс қалдықтары арасынан әк-балшықты бор мен ақ шақпақ (кварц) тасты диірмен­мен майдалап алған деген дерек көзі де қызықты емес пе. Мүм­кін, келешекте өркениет көшіне қажетті әлгіндей материалдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік туар. Әрине, 1921 жылғы көк­темдегі су тасқыны кезінде Нәнсайға дейінгі аралық түгел су астында қалып, көптеген дәйектемелер жойылып, жер астына кетті. Кейінгі колхоздас­тыру, Кеңес өкіметінің көзжұм­байлықпен қарауы салдарынан қажетті тарихи дәлелдемелер, дәйектемелер көмескілене бастағаны да жасырын емес. “Батыс Еуропаның тарих­шылары көшпелі елдерді абориген (жабайылар) деп атап, олардың ешқандай мәдениеті болмаған десе, мынау қыруар қалалар соның теріс ғылым екендігін анықтайды... Ата-бабалардың өнері, көптеген уақиғалар тарихы сондай қалалармен дәлелденетін түрі бар”, деген-тін атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев өз жанайқайында. Бестамның тау бетінде негізгі қорғаны болған көрінеді. Олар сыртқы су қорғаны, екінші топырақ қорғаны және ішкі 2-3 метрлік дуал қорғаны. Кейінгі көзге шалынған аумағы 10 гектардан асатын қала өз құпиясын біздің салғырттық салдарымыздан бөлісер емес. Демек, “Мәдени мұра” аясында осы аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілсе, өз тарихымызға қосылған мол олжа болар еді. Иә, Дешті қыпшақ даласы­ның дәуірі өз тарихының айшықтылығымен құнды. Нұрмахан ЕЛТАЙ, Қызылорда облысы.