Кәсіпқой бокс • 03 Қазан, 2019

Кәсіпқой бокс: Қанат Ислам Алматыда айқасады

557 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

26 қазанда Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтетіні белгілі. Сол жарыстың басты жекпе-жегінде Қазақстанның мақтанышы Қанат Ислам мен АҚШ-тың өкілі Уолтер Каутондоква күш сынасады. Қос боксшы орта салмақта WBO Inter-Continental нұсқасының алтын белбеуін сарапқа салады.

Кәсіпқой бокс: Қанат Ислам Алматыда айқасады

Осы спорттық шараға орай кеше InterContinental Almaty қонақ үйінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Көпшілік алдында сөз алған Қанат Ислам: «Алатау баурайында өтетін осындай керемет жарыс қарсаңында бас қосып, жағымды жаңалықтарымызбен бөлісуді құп көріп отырмыз. Біздің алға қойған бір ғана мақсатымыз бар – өз жерімізде осындай жоғары деңгейдегі жекпе-жектер ұйымдастыру арқылы Қазақстанның кәсіпқой боксының деңгейін көтеру. Осы бағытта біраз шаруа атқардық. Бұл ретте бізге «Qazaq Promotions» компаниясының бас директоры Дархан Мұқтарбек көп қолдау көрсетуде. Сөз орайы келгенде, айтулы азаматқа зор алғыс білдіреміз. Қазақ жастары арасында дарынды былғары қолғап шеберлері жетерлік. Оған көзіміз әлдеқашан жеткен. Бірақ әр салмақта бір ғана боксшының Олимпиадаға баратыны белгілі. Ал сонда қалғандары не істеу керек? «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп аталарымыз тегін айтпаған. Біздің де көздегеніміз сол. Дарынды жас өрендердің көлеңкеде қалып қоймау үшін біз өз елімізде бокс кештерін жиі өткізуіміз керек. Сонда жастардың деңгейі өседі, Қазақстанның кәсіпқой бокс өркендейді».

35 жастағы Қанат Исламның жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 26 кездесу өткізген қандасымыз барлығында жеңіске жетіп, 21 бәсекені нокаутпен аяқтады. Ол бірнеше нұсқа бойынша алтын белбеудің иегері. Ал оның қарсыласы жайында не білеміз?  Уолтер Каутондоква да 1984 жылы дүниеге келген. Ол Намибияда туып-өскенмен, бұл күндері АҚШ-тың туы астында өнер көрсетуде. Тұсаукесер кездесуін Каутондоква 2013 жылдың қыркүйек айында өткізді. Барлығы 19 мәрте рингке көтеріліп, 18 рет басымдық танытты. 17 қарсыласын есінен тандырды. Өзінің спорттық карьерасында ол тек бір рет жеңілістің кермек дәмін татты. Атап айтсақ, былтырғы жылдың қазан айында бірнеше белді нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып отырған атақты америкалық Андраде Деметриустан ұпай санымен ғана ұтылды. Қазіргі кезде Уолтер Каутондоква WBO нұсқасы бойынша «ТОП-10» боксшының тізімінде 9 орында тұр.

Баспасөз мәслихатында «Qazaq Promotions» компаниясының бас директоры Дархан Мұқтарбек алдағы жекпе-жектің маңыздылығына тоқтала келе, бүгінгі таңда Қазақстанда кәсіпқой боксты дамыту мақсатында қандай ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны жайында кеңінен баяндады.

Алматыда өтетін бокс кешінде барлығы 10 жекпе-жек өткізіліп, бұл бәсекелерде Қазақстанның өрендерінен бөлек, АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінен келетін танымал боксшылар күш сынасады. Аталған спорттық шараны Қазақстандағы алғашқы QP TV стримингтік платформа 150 мемлекетке тікелей эфир таратады.