Парламент • 03 Қазан, 2019

Әлеуметтік сала министрлері сенаторларға жаңа заң жобаларының әзірлігі туралы хабардар етті

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент жоғарғы палатасында Сенат Бюросы мүшелері еліміз Үкіметінің әлеуметтік сала министрлерімен жұмыс бабында кездесу өткізді. Онда үкімет мүшелері Сенат қарауына енгізілген заң жобалары туралы әңгімеледі. Бұл туралы Парламент Сенатының  баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік сала министрлері сенаторларға жаңа заң жобаларының әзірлігі туралы хабардар етті

Кездесуде сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Парламентке әлеуметтік салаға қатысты 9 заң жобасы мен 4 ілеспе құжат түскенін хабарлады. Олар Елбасы Н.Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында әзірленді.

Б.Сапарбаев Парламентке енгізілетін заң жобаларының сапасын арттыру – басты міндет екенін атап өтті. Сенатта депутаттар осы мәселеге қатысты бірнеше мәрте сын айтқан болатын. Үкімет бұл мәселені түсінеді және оны шешуге әзір.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова нақты заң жобалары, оларды қабылдаудан күтілетін нәтижелер және халықпен түсіндіру жұмыстары туралы хабардар етті.

Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары әр заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар айтты. 

Сенат басшысы Д.Назарбаева медиа қоғамдастықпен бірлесіп отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдаудың салалық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

«Дәстүрлі медиаға деген көзқарасты түбегейлі қайта қарау керек. Бұл - теледидар, радиостанциялар, газеттер, интернеттегі бұқаралық ақпарат құралдары. Бұл мемлекеттік саясат тұрғысынан өте маңызды әрі мәселені жан-жақты пысықтау қажет», - деді Сенат Төрағасы.

Дариға Назарбаева «Жастар жылының» қорытындысы мен 2020 жылы «Еріктілер жылын» өткізу жоспары бойынша жауапты министрліктердің ақпаратын тыңдауды ұсынды.

Министрлермен кездесуді қорытындылай келіп, Бюро мүшелері Сенатқа түскенге дейін маңызды заң жобаларының тұжырымдамасын талқылауға мүмкіндік беретін өзара іс-қимылдың осындай нәтижелі сипатын атап өтті.

Вице-премьер Б.Сапарбаев сенаторларға бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, ашық үнқатысуға дайын екенін жеткізді.