Президент • 04 Қазан, 2019

Шығыстың дамуы – әлем назарында

869 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сочи қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ХVІ пленарлық сессиясына қатысты.

Шығыстың дамуы – әлем назарында

Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға ниетті

Биыл ұйымдастырылған «Валдай» пікірталас клубы төрт күнге жоспарланған. Сессияның соңғы күнінде негізгі өтетін шараларға басымдық берілді. Бұл жолғы пікірталас клубының арқау еткен тақырыбы – «Шығыс таңы және әлемдік саяси құрылымдар» деп аталса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық сессия «Әлемдік құрылым: Шығыс көзқарасы» деген атаумен өрбіді. Шараға халықаралық мәселелер бойынша пікір білдіріп жүрген танымал ғалымдар, белгілі саясаткерлер мен сақа сарапшылар қатысып, жаһанда орын алған ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын талқылады. Айта кетерлігі, клуб сессиялары Петербург халықаралық экономикалық форумы мен Владивостоктағы Шығыс экономикалық форумы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жиында сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» пікірталас клубына арқау болған шығыстық көзқарас пен таным, пікір төңірегінде өз ойын білдірді.

– Менің кәсіби мансабым Шығыспен тікелей байланысты. Тарихи, әдет-ғұрып, экономикалық салалар Қазақстан мен Шығысты байланыстыратын негізгі арналар. Біз исламдық, конфуцийлік, Шы­ғыс христиандық өркениеттер тоғысқан елміз. Ұлы Жібек жолы, Ал­тын Орда, Еуразиялық мәдениет қазақ хал­қының кодын қалыптастыруға ықпал етті.

«Азия ғасырының» орнағанына еш­қан­дай күмән жоқ. Бұған Азиядағы халық санының жоғары қарқынмен өсуі, ІЖӨ-нің артуы, сауда саласының еселеніп, жоғары технологиялық өсімнің қалыптасуы және де өндіріс саласының қарыштап дамуы тікелей ықпал етіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Алдын ала мәлімет бойынша келер жылы Жер шарындағы орта санаттағы халықтың тең жартысы Азия елдеріне тие­сілі болатынын мысалға келтірген Пре­зи­дент бүгінде әлемдік өндірістің 38 пайызы да осы Шығыстың еншісіне тиетінін жет­кізді.

– Өткен жылғы көрсеткіш бо­йын­ша әлемдегі 500 ірі, кірісі жоғары кәсіп­орынның 210-ы Азия елдерінде орна­ласқан. Төрткүл дүниеге цифрлы техно­логиялар бойынша көшбасшы атан­ған компаниялардың азиялық екені де баршаға аян. Сонымен қатар бұл құр­лықтағы мемлекеттер әлемдік ІЖӨ-нің 50 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Біз бар­лық саладағы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға ниеттіміз. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар баршылық, − деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде инфра­құры­лымдық дамуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы қытайлық «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасымен етене үндес еке­нін назарға алды. Бұл ретте Қазақстан тран­зит және сауда саласында Азия мен Еуро­паның арасын жалғаған алтын көпір атануға дайын екенін айтты.

− Соңғы онжылдықта Қазақстан көлік инфрақұрылымына 30 млрд доллар қаражат салды. 2 мың шақырымнан астам теміржол салынса, 7 мың шақы­рым көлік магистралі күрделі жөндеу жұ­мыстарынан өтті. Сонымен қатар Каспий портының қуаты 27 млн тоннаға артты. Нәтижесінде Қазақстан арқылы өтетін халықаралық 5 теміржол, 6 кө­лік магистралі жұмыс істеуде. 2025 жыл­ға қарай көлік-логистика саласына қосым­ша 20 млрд доллар қарастырылмақ. Әлем­де табиғи ресурстарды игеру мен сату­дан басқа көлік және логистикалық қыз­меттер басымдыққа ие. Бұл саланың әлеуетін арттыру үшін алдағы уақытта айрықша басымдық берілмек, − деді Қазақстан Президенті.

Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыстың тұрақтауына Қазақстанның қосқан үлесі зор. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда Елбасы Еуразия интеграциясының авторы екенін, биыл аталған идеяға 25 жыл толып отырғанын тілге тиек етті.

− Қазақстан ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК-ні қоса алғанда, бірқатар Еура­зиялық құрылымдардың белсенді қатысушысы. Әрбір үш жыл сайын біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезін өткіземіз. Бұл жаһандық кон­фессияаралық диалогқа қосқан біздің үлесіміз. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық жа­қын­дасуын әрдайым қолдайды. Біздің Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразиялық интеграция идеясы­ның авторы. Биыл идеяның 25 жыл­дығы аталып өтілуде, − деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өкінішке қарай аталған оң факторларға қарамастан сын-қатерлер сақталуда және тіпті күшейе түсуде.

− Біріншіден, Шығыс бойынша көп­теген қақтығыс тұтануда. Бұл ретте назарға іліккен Корей түбегі, Оңтүс­тік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран төңірегіндегі жағдайлар. Конфрон­тациялық риторика шыңы, прокси және гибридтік соғыстардың қарқындылығы, қару-жарақ, соның ішінде ядролық жарыс қатерлі сипатқа жетті. 

Екіншіден, бұл жағдай негізгі өңірлік ойыншылар арасындағы сенім мен диалогтың өткір тапшылығының салдары болып саналады. «Қырғи-қабақ соғыс» дәуірінің қайта жандануына алаңдаушылықпен қараймыз. Әлемдік экономиканың тұралауына мемлекеттердің бір-біріне қарсы шаралар қабылдау, санкциялар, сенімсіздік тудыруы ықпал етуде. Азияда шекараға қатысты ешқашан берік уағдаластықтар болмағанын еске алу орынды.

Ең алдымен, Азиядағы қауіпсіздікті фрагменттеуге қарсы пәрменді формулаларды іздеу қажет. Бүгін біз түрлі екіжақты альянстар мен өңірлік және субөңірлік институттармен байланысты жандандыруға ниеттіміз. Сондықтан 2020-2022 жылдары АӨСШК төрағасы ретінде Қазақстан басқа да көпжақты институттармен байланысты жандандыруға назар аудармақ, − деді Президент. Оның айтуынша, «қырғи-қабақ соғыс» кезінде идеологиялық қайшылықтар үстемдік құрса, бүгінде оның орнын ұлттық мүдделер формасы алмастырған. Оның салдары сауда мүдделері мен экономикалық ықпалға ие болмақ.

− БҰҰ Бас Ассамблеясының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға арналған 74-сессиясы барысында климат өзгеруінің өзекті мәселелері егжей-тегжейлі талқы­ланды. Ғаламдық жылынудың салдары мұздықтардың еруіне, топырақтың шөлейттенуі мен эрозиясына алып келеді. Осыған байланысты Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойы­суы мүмкін. Ал бұл – Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бірі екені белгілі.Осы қиын жағдайда Қазақстан даулы жағдайларға жол бермеу мақсатында басқа мемлекеттермен жүйелі бірлескен жұмысқа баса назар аударады. Бұл ретте біз мүмкіндіктерімізді және халықаралық ресурстарымызды мұқият бағалаймыз, − деді Қ.Тоқаев.

Баяндама барысында Мемлекет бас­шы­сы Сингапурдан Сербияға дейінгі ке­ңістікте ЕАЭО-ның сауда серіктестерінің желісін кеңейту керектігін айтты. Қазақстан көптеген бағыт бойынша ШЫҰ әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану үшін ресейлік және басқа да әріптестермен жұмысты жалғастыруда.

– Астана процесі аясында Еуропадағы келіссөздердің 13 раунды өтті. Сирия сюжеті Таяу Шығыстағы жалпы шиеленіскен жағдайдың элементі болып табылады. Сондықтан БҰҰ Бас Ассамблеясы мінберінен осы өңір үшін өміршең шешімдерді іздеу бойынша күш-жігерді қолдауға дайын екенін білдірді. Біз Ауғанстанға ерекше көңіл бөлеміз және қажетті көмек көрсетеміз. Соңғы айларда жағдай айтарлықтай нашарлады. Ауғанаралық процес барлық мүдделі тараптардың көмегімен осы елге бейбітшілік әкеледі деп үміттенеміз. Қазақстан әрдайым дипломатияның және қарусызданудың дәйекті жақтаушысы болды. Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу біздің сыртқы саясатымыздың басты басымдығы болып қала береді. Біз ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылыққа дейін ұзақ жолдан өттік. Бұл қызметті белсенді жалғастыруға ниеттіміз. Шығыстағы қауіпсіздіктің тиімді архитектурасын Батыспен өзара іс-қимылсыз құру мүмкін емес, − деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қ.Тоқаев Ресейдің әлем алдындағы айтулы шешімдер қабылдау кезіндегі мүддесі мен ықпалы орасан екенін атап өтіп, бұл ретте Ресей Президенті В.Путиннің еңбегі зор екенін жеткізді. Қазақстанның сенімді серіктесі Ресеймен арадағы байланыстың алдағы уақытта арта түсетініне сенім білдірді.

Байламды бәтуа – болашақ бағдары

«Валдай» халықаралық пікірталас клубының (Valdai Discussion Club) темірқазығы 2004 жылы Ұлы Новгородта қаланды. Клубтың атауына арқау болған Валдай өзені де осы елді мекенге жақын орналасқан.

Халықаралық пікірталас клубын құрудағы негізгі міндеттердің бірі – әлемнің әр елінен жиналған сарапшылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен журналистердің ашық диалог құруына, халықаралық қатынастар, сая­си мәселелер, экономика, қауіпсіздік, энергетика және басқа да салалардағы түйткілдердің түйінін тарқатуға, сонымен қатар әлемдік құрылымдағы негізгі үрдістер мен процестерге болжам жасап, болашақтың бағыт-бағдарын айқындауға арналған ортақ алаң, алтын көпір болу. Бүгінде бұл межелеген міндет өз мақсатына жеткендігін аңғарамыз. Кұрылғанына 15 жыл болған клубтың жұмысына әлемнің 71 елінен 1 мыңнан астам халықаралық ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысқан. Оның ішінде әлемге мәшһүр ғалымдар бар. Гарвард, Ко­лумбия, Джорджтаун, Стэнфорд, Карл­тон, Лондон, Каир, Тегеран, Шығыс Қы­тай, Токио, Тель-Авив, Мессин универ­ситеттерінің, сондай-ақ Джонс Хопкинс атындағы университеттің, Лондон экономика мектебінің, Лондон Корольдік колледжінің, Сьянс По және Сорбонна университеттерінің профессорлары – айтулы шараның негізгі меймандары.

Халықаралық сарапшылар қауым­дастығы арасында «Валдай» клубының аймақтық конференцияларының ішінде Азия, Таяу Шығыс, Ресей-Қытай және Еуро-Атлантикалық диалог алаңы сәтті жүзеге асқан кездесулердің қатарында аталады.

«Валдай» халықаралық пікірталас ұйымы жанынан 2011 жылы клубты дамыту және қолдау мақсатында арнайы қор құрылды. Бұл қор аталған ұйымның салалық бағытын жандандыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары және ақпараттық-ағартушылық қыз­меттер, өңірлік және тақырыптық бағдар­ла­маларды ұйымдастыру мақсатында құрылған.

Жылдағы дәстүр бойынша ұйымдас­тырылатын ұйымның дәстүрлі ережелері мен ерекшеліктері бар. 15 жыл қатарынан қалыптасқан үрдіс − Ресей Президентінің қатысушы меймандармен жиын соңында кездесуі. Бұл жолы да бұл үрдіс назардан тыс қалған жоқ.

Отырысқа Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Йордания Королі Абдалла II және Филиппин президенті Родриго Дутерте қатысып, сөз сөйледі.

Жиында сөз алған Ресей Президенті Азияның әлемдегі ең ірі және халық саны көп шоғырланған құрлық екенін атап өтті.

− Біз үшін әрқашан және ерекше маңызы бар Ресей мен Азия мемлекет­терінің қарым-қатынасы барлығына қызы­ғушылық тудырады деп ойлаймын. Азия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас шынайы болмыспен ғана емес, тарихпен де байланысты. Үндіс­тан мен Қытай, Мысыр мен Иран, Түркия мен Жапония, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – адамзат үшін бірегей білім мен технологияларды, медицинадағы, математикадағы, мәдениет пен өнердегі жетістіктерді сыйлаған ұлы ежелгі өркениеттердің мұрагерлері, − деді Ресей Президенті. Оның айтуынша, Азия мемлекеттерінің ұстанымдарын нығайту барлық салада байқалады. Әсіресе экономика – негізгі сала. Азия әлемдік межеден асып, өмір сүру деңгейі жоғары болғандығымен ерекшеленеді. Ең озық технологиялар белсенді енгізілуде. Қамту бойынша теңдесі жоқ интеграциялық үдерістер қарқын алуда. В.Путин өз кезегінде әлемдік мәселелерді де назарға алды.

– Бірнеше жыл ішінде Сирия аумағының басым бөлігі лаңкестерден босатылды, зорлық-зомбылық деңгейі түбегейлі төмендеді. Астана форматы бойынша серіктестермен бірлесіп, БҰҰ қолдауымен біз ішкі саяси үдерісті іске қосып, Иранмен, Түркиямен, Израильмен, Сауд Арабиясымен, Йорданиямен, Таяу Шығыс елдерімен және Құрама Штаттармен тығыз жұмыс істеуді жолға қоя алдық, – деді ол.