Марапаттау рәсімінде сөз алған еліміздің бас педагогы А.Аймағамбетов барлық мереке иелерін құттықтап, ақжарма тілегін арнады. «Мұғалім – мектептің жүрегі», деп қазақтың бас ақыны Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәлім, ілім берген мұғалімдерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Себебі бұл – шынымен де жауапты әрі ұлы қызмет», дей келе еліміздің болашағы педагогтардың ерен еңбегіне тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Министр мен комиссия мүшелерінің қолынан диплом, медаль алған үздік ұстаздардың құшағы гүлге толды. Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары жүрекжарды лебіздерін арнап, әннен шашу шашты.
Республикалық бәсекеде биыл 178 педагог бақ сынады. Жеңімпаздарды еліміздің үздік педагогтары, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, біліктілікті арттыру институттарының оқытушылары, кәсіподақ ұйымдары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, журналистер мен депутаттардан құралған комиссия анықтаған. Биылғы салтанатты шара жеңімпаздардың біріне Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорынан «Қазақстан мұғалімі» сыйақысының берілуімен ерекшеленді. Ал жеңімпаздар арасындағы ең үздік 10 жұмыс «Әлем мұғалімі-2020» халықаралық конкурсына жіберілмек.
Айта кетейік, биыл 8-ші рет ұйымдастырылған байқауға осыған дейін барлығы 35 127 педагог қатысып, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 432 педагог 1000 АЕК (биылғы бекітілген мөлшерге сәйкес 2,5 млн теңгеден асады) көлемінде ақшалай сыйақымен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған.
Әлемнің дамыған елдерінде үздік ұстаздарды ұлықтау, марапаттау, құрмет көрсету сонау 1950 жылдардағы «Жыл педагогы» байқауынан бастау алған-ды. Америка тәжірибесінде бұл ұлттық сыйлық саналады. Онда жеңімпаздарға «Жылдың ұлттық педагогы» деген атақ береді, яғни байқау деңгейі мен осы сыйлықтың беделі ұлттық наградалармен тең тұрады. Ал байқау жеңімпазының есімі Уикипедия энциклопедиясына енгізіліп, Ақ үйде болады және арнайы сыйлықты АҚШ президентінің өзі тапсырады. Америкалықтар бұл байқауда жеңімпазды өмірбаяны, сұхбаттасу және 8 эссесі бойынша анықтайды. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті өз бетінше байқауға өтініш берген қатысушының әріптестерінен, оқушыларынан және олардың ата-аналарынан пікір алады.
Ал елімізде Парламенттің қарауындағы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы аясында педагогтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаттауының көзделгені көрсетіліпті. Шетелде өткен ғасырдың ортасынан ұлттық деңгейдегі сыйлық саналатын ұстаздардың наградасын мемлекеттік марапат қатарына енді ғана енгізгелі отырмыз.
Биылғы байқау жеңімпазы, Қарағанды гуманитарлық колледжінің тарих және қоғамдық-саяси пәндер оқытушысы Алтай Бөдеұлы елімізде ұстаздардың осындай құрметке ие болуы үлкен мәртебе екенін жеткізді. «Қазақ – өзінің хат танытқан ұстазына қырық жыл сәлем беретін халық. Кеңес өкіметі тұсында да педагогтардың орны биікте болды. Кейінгі тоқырау жылдары күн көре алмай, ала дорба арқалап кеткен заманда осы бір құрмет күрт үзіліп қалды. Қазір бәрі оңалып келеді. Бізге қай марапатты қалай бергенінен бұрын үздікке лайық көруі маңыздырақ. Оған ерекше қуанамыз», дейді.
Байқаудан бір байқағанымыз, ұстаздар кішігірім көңілдің өзін зор ықыласпен қабыл алады екен. Бірақ біз бәрібір олардың ұлттық деңгейде ұлықталғанын қалаймыз.