Бір бағдарламаға сюжет түсіруге барғанбыз, директор бастауыш сыныптың мұғаліміне жаңартылған бағдарлама бойынша сұхбат беретінін ескертіп қойғанын айтты. Камерамыз бен диктофонымызды сайлап, мектеп басшысынан әлгі мұғалімінің қайда екенін сұраймыз. Ол: «Міне, жаныңызда тұр», деп ер мұғалімді көрсетті. Түсіру тобы түсінбеген күйі: «Бізге бастауыш сыныптың мұғалімі керек», деп нақтылап қоямыз. Сонда мұғалім сөзге араласып: «Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін», деп күлімсіреді. Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында 2 жылдан кейін Алтынбек Мұқышевті «Үркер» шағын ауданындағы №69 мектеп-гимназиясынан тауып, сөзге тарттық.
«Бүгінде мұғалім болып жүргенім – бала күндегі арманымның орындалғаны. 2005 жылы ел астанасындағы гуманитарлық колледждің «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. 4 жыл зымырай өтіп, алдымнан оқушылар шыға келгенде толқыдым. Бала арманыма қол жеткізгендегі қуаныш сезімі жауапкершілікпен астасып, қайнаған қазанға қойып кеттік. Міне, биыл осы қызметте табан аудармай жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл толыпты», дейді. Алтынбектің айтуынша, ата-аналар ер мұғалімді көргенде, баласының сынып жетекшісі екенін білгенде сенімсіздікпен күдіктене қарапты. Әлбетте ата-аналарды да түсінуге болады, ер мұғалімді, анығында бастауыш сыныпқа сабақ беретін ағайды алғаш көргендегі біздің күйді кешкен болар. Сол сәтте кейіпкеріміз ата-аналарға алдымен баласын ең болмағанда үш күнге қалдыруын, ұнамаса басқа сыныпқа ауыстырып алуына болатынын айтады. Ал оқушылар үш күннен кейін мұғаліміне бауыр басып үлгереді. Баласының таңдауына көнбейтін ата-ана бар ма? Болса да қазір сирек-ау. Осылайша, Алтынбектің қаріп танытқан балалары бүгінде жоғары сыныптарда оқып жүр. Бұл мектептегі оқушылар жергілікті ата-аналар мен мектеп мұғалімдері үшін тәжірибе алаңы іспетті. Жоғары сыныптағы мұғалімдер бастауыш сыныпта ер мұғалімнен оқыған ұл балалардың тәрбиесі әйел мұғалімнің сыныбында бітіргендерге қарағанда жігерлі, қажырлы, төзімді келетініне көз жеткізген көрінеді.
Алтынбек осы жылдар ішінде жұмысымен қатар жоғары оқу орнын да алғашқы мамандығы бойынша бітіріп алған. Үш баланы тәрбиелеп отырған әке өзінің кіші ұлын арнайы ер мұғалімге беріпті.
– Бастауыш білім – бәріміз білетіндей, мектеп өміріндегі және онан кейінгі білімнің негізін қалыптастыратын маңызды кезең. Бала осы кезде қалай қалыптасты, кейін сол бағытпен кетеді. Жалпы жауапкершілігі ерекшелеу саналатын білім берудің бұл сатысына ер мұғалімдерді тарту үшін алдымен қоғам қажеттілік тудыруы керек. Ата-аналар кеудеден итермей, керісінше ер мұғалімге мүдделі болуы керек. Бұл тұрғыда заңдық жағынан да қолдау қажет. Айталық, Еуропа елдерінде ер мұғалімдер саны көп, өйткені онда жалақы жоғары және ер мұғалімдерге басымдық беріледі. Ал бізде ер мұғалімдер санының күрт азаюы мұғалім мәртебесінің төмендеуі мен айлығының аздығынан орын алып отыр. Өйткені ер адам – отбасының асыраушысы, ол мұғалімдікті қаласа да мол табыс табатын қызметке мәжбүрлікпен кетуі мүмкін. Жаңа заң қабылданатын 2020 жылдан бастап мұғалімдердің мәртебесі жоғарылайтынына сенімім аз. Жақында осы заң жобасының тұжырымдамасын талдауға біз секілді жас мамандармен қатар білім саласының ардагерлерін де шақырды. Сонда бір ақсақал: «Сонау соғыс жылдарында бір адамды жай ғана мұғалімдік мамандығы болғаны үшін қан майданнан елге қайтарды. Осыдан 50 жыл бұрын ауылдағы екі-ақ адамда соңғы үлгідегі көлік болатын, оның бірі – мұғалім. Мен үшін мұғалім мәртебесі деген – осы», деп еді. Бұдан артық айта алмаймын. Бір қызығы, қандай жағдай болсын оқушыларымсыз, осы қызметімсіз бақытым толыспайтындай көрінеді де тұрады, – дейді кейіпкеріміз.
№69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни Қияшқызы бүгінде ата-аналардың алғысы мен ерекше ықыласына бөленіп отырған Алтынбектің мектепке кіріп, оқушыларын көргенде өзін ұмытып кететінін айтады. «Біздің ұйым – қанатқақты мектеп. Жаңартылған бағдарлама бойынша әлі қайнауы кем жүйені енгізуде біздегі педагогтардың, соның ішінде Алтынбектің үлесі зор. Жарты жолдан қосылған адам ешқашан ұстаз бола алмайды. Алтынбек – ұстаз болуға жаратылған жан. Мұндай мамандарға ешқандай кедергі тұсау бола алмайды, себебі оларға өзін осы қызметсіз елестету мүмкін емес. Қазір Алтынбектің сынып жетекшілігіне бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса бердік. Ол осы сатымен шектеліп қалмай, болашақта директор, өзге әріптестерінің жоғын жоқтар халық қалаулысы секілді ірі де жауапты мандаттарға қол жеткізетініне сенімдімін. Бірақ қандай биікті бағындырса да білім саласынан қол үзбейтінін сеземін. Себебі оған мұғалімдік жаратылыстан берілген», дейді директор. Қ.Қияшқызының пайымдауынша, мектептерге ер мұғалімдерді көбірек тарту үшін үйінде отағасы ретінде ұялмайтындай, сағат санын көбейтіп, жауапкершілік жүктеу негізінде жалақысын арттырып, сенім арту арқылы жұмысқа шабытын оята білу керек.
P.S. Елімізде ер мұғалімдердің жетіспеушілігі кейінгі жылдары көп көтеріліп, орны ойсырап тұрғаны анық байқала бастады. Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстандағы 301 217 педагогтың 59 528-і, яғни небәрі 19 пайызы – ер мұғалімдер. 2012 жылы сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Елімізде 292 мың мұғалім бар, оның 234 мыңы немесе 80 пайызы – әйелдер», деп дабыл қаққан еді. Мінекей, 7 жыл өтті – ештеңе өзгерген жоқ. Ал біз кейіпкеріміздің осы бір ғажайып қызметін басқа мамандыққа алмастырмай, зейнет жасына дейін үздіксіз жалғастыруына тілектеспіз.