Спорт • 04 Қазан, 2019

«Atyrau jastar fest»

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Qazaqstan Jastar Fest» – Жастар жылына арналған жоба. Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған бастама аясында «Atyrau Jastar Fest» спорттық фестивалі Жайық жағасында төрт күн бойы салтанат құрды. Атыраудың үлкен-кішісі асыға күткен айтулы шараға әлемдік спорт жұлдыздары келіп қатысты.

«Atyrau jastar fest»

Бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен шара бағдарламасы жан-жақтылығымен де ерекше­ле­неді. Белгілі спорт мамандары жергілікті жастарға шеберлік сағат­тарын өткізсе, GFC 17 ха­лық­­аралық турнирінде түрлі сайыс­тар ұйымдастырылды. Әлемге әйгілі жекпе-жек шебер­ле­рі Хабиб Нурмагомедов, Абдулманап Нурмагомедов, Ислам Махачев, Забайра Тухугов, Олимпиада чемпиондары Роман Власов, Тагир Хайбуллаевтарды атыраулықтар құрметпен қарсы алды. Қазақстандық танымал спортшылар Серік Сәпиев, Максим Раков, Сергей Морозов, Дамир Исмагулов, Бекзат Нұрдәулетов, Абылайхан Жүсіпов, Шавхат Рахмоновтар да фестиваль қонақтары болды.

Жас спортшыларға еркін күрестен КСРО спорт шебері, Ресей Федерациясына еңбегі сің­ген жаттықтырушы Абдул­манап Нурмагомедов шеберлік сағатын өткізді. Спорттың дзюдо, самбо, еркін күрес, джиу-джитсу, грепплинг түрлері бойынша облыс құрамасының мүшелері 18 әлем чемпионын дайындап шығарған белгілі бапкерден ақыл-кеңестер алды. «Қазақ жастарының спорт­қа деген құлшыныстары мық­ты екенін көріп, қуандым. Спорт жақсы дамыған. Мемлекет тара­пынан үлкен қолдау бар, өте талантты жастар бар, бапкерлік құрамның да деңгейі жоғары», деді Абдулманап Нурмагомедов.

GFC – 17 турниріне қа­тыс­қан атыраулық спортшылар Абылай Төлеш, Жұма­гел­ді Жалғасұлы, Дәурен Ермеков, Талғат Жұмағалиев, Нұр­бер­ген Шариповтар бола­шақ­та­­рынан үміт күттіретін жас­тар екендіктерін көрсетті. Ал муай-тайдан додаға түскен жергі­лікті спортшы Әбіл Ғалиев тай­лық карсыласын жеңіп, Jayynger чемпиондық белбеуінің иегері атанды.

Аралас жекпе-жек бойынша «Gorilla Fighting Champioship 17» әлемдік турнирі – фестивальдың ең маңызды оқиғасы ретінде ұмытылмас әсер сыйлады.

– Жастар арасында спортты насихаттауда осындай шара­лар­дың маңызы зор, – деді турнир­дің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Сегіз елден ең мықты, ең үздік деген спортшылар қатысты. Өңір тұрғындары қызықты да тартысты ойындарға куә болды. Өскелең ұрпақты жігерлі болуға, талмай талаптануға, жеңіске жетуге баулитын, ынталандыратын жобалардың қатары көбейе берсін.

Спорт фестивалі облыс орта­лы­ғындағы Исатай-Махамбет алаңында концерттік бағдар­ла­мамен қорытындыланды. Бұқа­ра­лық спорт түрлерінен де сайыстар ұйымдастырылып, же­ңім­­паздар анықталды. Шара­ның құрметті қонағы – UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов: «Бізге бірнеше жыл бойы Атыраудан келіп, бірге жат­тығып жүрген спортшылар бар. Жалпы, Қазақстанда спортқа деген, соның ішінде спорттың жауынгерлік түріне деген үлкен ынта байқалады», деп атап өтті.

Сондай-ақ фес­тивальдың соң­ғы күнінде Нұрсая шағын­ ау­да­нында велоорталық ашыл­ды. Қазірдің өзінде велоспорт секциясына 40-қа жуық бала қабылданған. Бұқаралық спорт­ты дамытуға бағытталған шаралар әлі талай жеңістерге жол ашары анық.

 

АТЫРАУ