Спорт • 04 Қазан, 2019

Шерағаңның турнирі мәреге жетті

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Бастау» клубында Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны еске түсіруге арналған БАҚ өкілдері арасында бильярдтан турнир өтті.  Бұл додаға республикамыздың бірқатар аймақтарынан келген телевизия мен баспасөз ардагерлері және осы салада еңбек етіп жүрген журналистер қатысты.

Шерағаңның турнирі мәреге жетті

Айтулы турнирдің шымылдығын ашқан «Егемен Қазақстан» РГ АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі доданың мәні мен мазмұны тереңде жатқанын атап өтті. «Бұл турнир ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған Шерағаңның 85 жылдығы қарсаңында басталған болатын. Ал бүгінгі басқосудың орны тіптен ерекше. Неге десеңіздер, өздеріңіз көріп отырғандай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза осы жарыстың ашылу салтанатына арнайы келді. Биылғы жылдан бастап әкімдік осы турнирді өз қамқорлығына алып отыр. Біз өз кезегімізде барша қаламгерлер мен ел газеті – «Егеменнің» атынан осындай ізет білдіріп отырған шаһар басшысына зор ризашылығымызды білдіреміз», деді Дархан Қыдырәлі.

Көпшілікке құттықтау сөзін арнап, қатысушыларға ақ жол тілеген Бақытжан Сағынтаев: «Шерхан ағамыздың шерткен сырлы естеліктері әлі күнге дейін көңілімізде қаттаулы. Қаламгердің мірдің оғындай қылып айтқан әрбір сөзі күні бүгінгідей құлағымызда. Жазушылық қырынан бөлек, қайраткерлігімен де ел есінде қалған ерен тұлғаның есімін ардақтау біздер үшін ұлы парыз деп білеміз. Шерағаның Парламент мінберінен үн қатқан пайымды ойлары қоғамның көз алдында аңызға айналды. Асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне бір жыл болды. Шерхан Мұртаза тұрған үйдің қабырғасына ілінетін ескерткіш тақта дайын. Мұндайда қағазға түсірілген белгілі бір шектеулер бар. Оны бұзу үшін жігер керек. Себебі, Шерағаның салмағы шектеудің салмағынан миллион есе артық», дегенде жиналған қауым ду қол шапалақтады.

Жарыс екі жас ерекшелігі бойынша өтті. 55 жасқа дейінгілер сайысында бас жүлдені «Алматы» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы Үмбетәлі Меймеш олжалады. Екінші орынды «Жамбыл» телеарнасының қызметкері Серік Тәжібаев иеленсе, Жамбыл облысы Жуалы ауданының «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Берік Жұмабайұлы үшінші сатыға табан тіреді.

Ал ардагерлер арасындағы ақтық бәсеке қазақ телевизиясының көрнекті өкілі Нұртілеу Иманғалиұлы мен  профессор Аязби Бейсенқұл арасында өрбіді. Бұл тартыс Н. Иманғалиұлының пайдасына шешілді. А.Бейсенқұл екінші орын алса, Жазушылар одағының басқарма хатшысы Ғалым Қалибекұлы үшінші сатыға жайғасты.

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны еске түсіруге арналған жарыстың  жеңімпаздарына 150 мың теңге мен арнайы кубок табысталса, жүлдегерлер 100 және 50 мың теңгеден еншіледі.