Спорт • 07 Қазан, 2019

GGG қос алтын белбеуді иеленді

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкин Украинаның мықтысы Сергей Дере­вян­ченконы ұпай санымен ұтып, орта салмақта IBF және IBО нұсқалары бо­йынша әлем чемпионы атанды.

GGG қос алтын белбеуді иеленді

33 жастағы Украина бокс­шы­сы қазақ жанкүйерлеріне жақ­сы таныс. Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) ал­ғаш­қы мау­сымында (2010-2011 жылдары) Италияның «Mila­no Thunders» клубы сапында өнер көрсетіп, сол жарыстың ең үздік боксшысына тиесілі ар­найы сыйлықты иеленді. 2012-2014 жылдары «Астана арлан­дарының» намысын абыроймен қорғап, қазақстандық командамен бірге чемпиондық тәжді иеленді. WSB додасында бар­лығы 24 кездесу өткізген Сергей Деревянченко бір ғана бәсекеде жеңілді. Қалған 23 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Кезінде оның қазақтың ұлы Қа­нат Исламды жеңгені де жан­күйер­лердің жадында.

2014 жылы айтулы бокс­шы кәсіпқойлар арасында күш сы­насуға бел буды. Осы күн­ге дейін 14 мәрте рингке көтеріліп,
13 рет жеңіске жетті. 10 қар­сыласын есінен тандырды. Был­тырғы жылдың қазан айында Деревянченко америкалық Да­ниель Джейкобстен жеңілді.

Өзінің соңғы жекпе-жегін украиналық өрен биылғы жылдың сәуір айында германиялық Джек Кулкайға қарсы өткізіп, ұпай санымен ұтты.

 «Мэдисон Сквер Гардендегі» айқасқа Сергей Деревянченконың тас-түйін даярлықпен келгені бірден байқалды. Ол атағы жер жарған Геннадий Головкинмен еш қаймықпай айқасты. Бірінші раундта ашық айқасқа барған Украинаның мықтысы ауыр соққы жіберіп алып, нокдаунға түсті. Оның үстіне жерлесіміз оның қабағын жарды.

Десек те Сергейдің сағы сынған жоқ. Ол үнемі шабуылдап, біздің боксшыны шаршатып, діңкелеткісі келді. Бірақ Гена да намысты қолдан берген жоқ. Ол да жиі-жиі соққыларын жұмсап, қарсыласының дамылдауына еш мүмкіндік берген жоқ.  

Жоғары қарқында өткен бәсекенің екінші жартысында қос саңлақ та шаршай бастады. Бір-біріне көптеген соққы  жұм­сағанымен, олар көбіне  қиыс кетіп жатты немесе ал­ғашқы раундтардағыдай қуат­ты болмады. 10-раундта Дере­вянченконың сілтеген жұды­рығы Головкинге дәл тиіп, тәл­тір­ектеп қалды. Бірақ абырой болғанда аяғында тұрды. Одан кейін де «жан алысып, жан бе­ріскен» айқас жалғасты. Екеуі де жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Бәсеке аяқталғаннан ке­йін үш төрешінің барлығы да GGG-дің мықтылығын бірауыз­дан мойындады – 115-112, 115-112, 114-113.

Compubox сайты ұсынған ста­тистикалық мәліметке жү­гін­сек,
осы айқас барысында Голов­кин 720 соққы жұмсап, со­ның 243-і қарсыласына дәл тиді. Бұл – 33,8 пайыздық көр­сет­кіш! Деревянченко 738 рет жұды­рығын сілтеген екен. Соның 230-ы нә­тижелі болды. Бұл – 31,2 па­йыз­дық көрсеткіш!

Осылайша, 37 жастағы Ген­на­дий Голвкин IBF және IBО нұс­қалары бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл – оның кә­сіпқой рингтегі 40-шы жеңісі. 35 бәсекені GGG нокаутпен аяқ­тады. Бір рет ұтылып, тағы бір жек­пе-жекте тең есеп тіркелді.

Осы бокс кешінде жұды­рық­тасқан тағы бір жерлесіміз Әли Ахмедов америкалық Эндрю Эр­нандесті 44 секундта ұрып құ­латып, екінші орта салмақтағы WBC International Silver нұсқасы бойынша алтын белбеуін сақтап қалды.