Пеллет деп аталатын отын кәдімгі өсімдік қалдықтарынан жасалады екен. Әсіресе сабан мен қамыстан жақсы отын шығады. Отынның бұл түрі табиғи саналады. Ең бастысы арзан.
– «Қызыл партизан» елді мекеніндегі №8 жылу қазандығын түйіршік отынмен жағылатын етіп қайта жабдықтадық. Тағы бір жылу қазандығын алдырғалы жатырмыз. Пеллет өсімдік шикізатынан жасалады. Көбіне қамыс, шөп, сабан қолданылады. Шикізат нығыздалып, түйіршіктеледі. Табиғи өнімнің қызуы жақсы, қалдығы да анағұрлым аз, ең бастысы – бағасы тиімді, – дейді «ҚЖЭК» МКК директоры Асқар Бекмағамбетов.
Аталған отынның дамыған елдерде кеңінен қолданылатынын айта кеткен жөн. Мәселен, АҚШ-та 2008 жылдан бері қолданылып келеді. Сол кездің өзінде бұл елде түйіршік өндірісімен 80-нен астам компания айналысып, жылына 1,1 млн тонна өнім шығарған. Қазір Құрама Штаттарда 600 мыңнан астам ғимарат жыл сайын 2 млн тонна түйіршік отынмен жылытылады.
Ал Финляндияның тұрғын үй секторы жылына 70 мың тонна түйіршік қолданады. 7 мыңға жуық ғимарат биоотынмен жылытылады. Климаты Қазақстанға ұқсас Канада да – түйіршік отынды көп тұтынатын елдердің бірі. Бұл елде жылына 1,3 млн тоннаға жуық өнім өндіріледі. Түйіршік шығаратын зауыттар негізінен жағалауда орналасқан. Канаданың батыс жағалауында орналасқан зауыттар ағаштың жұмсақ шырша, қарағай іспетті сұрыптарын пайдаланады. Ал шығыс жағалауының зауыттары емен, үйеңкі, шие және басқа да қатты сорттарды пайдаланатын көрінеді. Даму деңгейі жоғары басқа да мемлекеттерге тоқталар болсақ, жыл сайын Швеция – 1,7 млн тонна, Германия – 900 мың тонна, Аустрия – 800 мың тонна, Латвия – 200 мың тонна пеллет тұтынады. Еуропада отындық ағаш түйіршіктерін шығаратын шамамен 650 зауыт жылына 10 млн тоннадан астам өнім шығарады. Жалпы, әлем бойынша жылына 22,5 млн тонна түйіршік отын кәдеге жаратылады.
Қостанайлық жылу компаниясының мәліметіне жүгінер болсақ, отын гранулаларын пайдалану экономикалық жағынан тиімді. Себебі біз жағып отырған газдың әр тоннасын жылу компаниясы 24 мың теңгеден ұсынды. Ал баламалы отын 11-12 мың теңгеге шығуы тиіс. Оның үстіне өнімнің әр тоннасынан 3,5-4 Гкаллория жылу алуға болады. Есеп дұрыс болса, жылына 20 млн теңгеге дейін қаржы үнемдеуге болады дейді мамандар.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ,
журналист
Қостанай