Үкімет • 07 Қазан, 2019

Дариға Назарбаева: Халықпен жұмыста атүстілік пен салғырттықтан арылу керек

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат Депутаттарымен кездесті.

Дариға Назарбаева: Халықпен жұмыста атүстілік пен салғырттықтан арылу керек

Сенат басшысы Депутаттарды мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Дариға Назарбаеваның айтуынша, өкілді органдар жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде аса маңызды рөл атқарады.

Сенатта аймақтармен ынтымақтастықты арттыруға арналған Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Сенат  мәслихаттардың рөлін одан әрі нығайту және мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған негізде қызмет атқаратын депутаттар институтын енгізу жөнінде үкіметке ұсыныстар топтамасын әзірледі. Оның бәрі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулерде көрініс тапты. Дариға Назарбаева мәслихат депутаттарын құжатты белсенді түрде талқылауға шақырды.

Сенат Төрағасы мәслихат жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде олардың жұмысының дербестігін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Біз Сенаттың жанында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрдық және оған зор үміт артып отырмыз. Мәслихатпен байланыс тығыз әрі белсенді және екіжақты болғанын қалар едік», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сенат басшысының пікірінше, халықпен жұмыс жасаудың жаңа тұрпаты керек болады, жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыстарды үздіксіз өткізіп, жасалған жұмыстар туралы ресми сайттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жариялау қажет. Дариға Назарбаева бұл ретте осы жұмыстар атүсті жасалмай әрі сөз жүзінде қалмай, нақты мазмұнға ие болуы керектігін атап өтті.

Дариға Назарбаева ұлттық мәдени орталықтар басшыларымен сол күнгі болған кездесуде аймақтардағы ассамблеялардың мәртебесін нығайтуды, атап айтқанда жастарды мәдени орталықтар жұмысына тарту, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері үшін әлеуметтік лифт жүйесін құру мәселелерін талқылады.