Қазақстан • 08 Қазан, 2019

АӘК шарттары өзгерді

1607 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктерін жетілдіру және азаматтық авиацияны дамыту мәселелері қаралды.

АӘК шарттары өзгерді

 АӘК алатындар саны 2,1 млн адам

Алдымен Үкімет үйінде атау­лы әлеуметтік көмек көрсе­тудің жаңа тәсілдері назарға ұсы­нылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап әлеу­меттік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдау қарастырылатын заң жобасын таныстырды. Онда 4 немесе одан да көп кәме­летке толмаған баласы бар, күн­дізгі бөлімде оқитын 23 жас­қа дейінгі студенттері бар бар­лық көп балалы отбасыларға мем­лекеттік жәрдемақы беру қарастырылған. Сонымен қатар отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайын АӘК тағайындалмақ. Бұл ретте отбасының жұмысқа жарамды мүшелерінің жұмысқа орналасуын және мемлекеттің көмегімен кәсіп ашуына жәрдемдесу қарастырылған. Аз қамтылған отбасылар әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Яғни 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақ, гигиеналық құралдар және білім беру қызметтерін алуы, ал 6 –18 жастағылардың мектептерде тегін ыстық тамақ алуы, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүруі, оларға мектеп формасы, оқу құралдары берілуі назарға алынады.

– Биылғы 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі – 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған болатын. Осы жылдың тоғыз айында атау­лы әлеуметтік көмек 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге ұлғайтылады, – деді Б.Нұрымбетов. 

Белгілі болғандай, барлық атаулы әлеуметтік көмек алушы­лардың жартысынан астамы көп балалы отбасылардың мүшелері. Министр атап өткендей, енгізілген АӘК тетігінің оң және теріс фактілері бар. Өкінішке қарай, жекелеген азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндіктерін теріс пайдаланған фактілер кездеседі. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 73 000-нан астам отбасы табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалғаны анықталған.

– Министрлікте қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесін өзгертетін заң жобасы әзірленді. Ұсынылған іс-шаралар кешенді түрде қарастырылуы керек. Бұл – көп балалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеу­мет­тік пакет. Аз қамтылған бала­лардың 60%-ға жуығы көп балалы отбасынан шыққан (56,5%). Осыған байланысты атау­лы әлеуметтік көмек алушы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылады. Көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және қиын­дықтан өз бетінше шығуға мүм­кіндігі жоқ адамдарға тағайын­далуы тиіс, – деді министр. Осы­ған байланысты келесі мынандай тетіктер ұсынылады: атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау.

Министрдің айтуынша, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеу­меттік көмек алу құқығынан айы­рылатын болады.

Сондай-ақ бала күтімімен айна­лысатын анаға бала үш жас­қа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылды.

– Атаулы әлеуметтік көмек­ке үміткер отбасылар санының арт­қаны, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссия­лардың жұмысына әсер еткенін мо­йындау керек. Сондықтан учас­келік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз, – деді Б.Нұрымбетов.

Күн тәртібіндегі тақырыпты тарқатқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев АӘК тағайындау өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналғанын атап өтті.

– Атаулы әлеуметтік көмек уа­қытша тұрмысы нашар отба­сы­ларға мұқтаждықтан шығу үшін төленеді. Ең негізгі мә­се­ле – біз мұқтаждық пен масыл­дықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке қарай, табыстарын жасырып, АӘК алған отбасы­лар көбейіп кетті, – деді Б.Са­пар­баев. Вице-премьердің айтуын­ша, оның Алматы, Семей, Өске­мен, Қарағанды, Жезқазған қала­лар­ына сапармен барып, ха­лық­пен кездескенде негізінен тұр­ғын­дар тарапынан АӘК-ті ең алдымен аз қамтылған отбасы­ларға жә­не балаларға төлеу мәсе­лесі көте­рілген.

– Соның бәрін ескере келе және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, АӘК төлеу тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасын ұсынып отырмыз. Аз қамтылған, көп балалы отбасы әр уақытта мемлекеттің қам­қорлығында болады. Ұсынылып отырған АӘК-ті төлеу тетіктерін жергілікті билікпен әрі қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істей­міз, – деді Б.Сапарбаев.

Осы ретте Асқар Мамин мемлекет халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп отыратынын, бұл бағытта көп­те­ген ауқымды жұмыстар атқарыл­ғанын атап өтті. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне әкім­дік­термен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері ту­ралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қам­тылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қор­ғауында болғанын және алдағы уақытта да солай болатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оқуға, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Премьер-Министр.

 «Ашық аспан» режімін енгізу жүктелді

Үкіметте талқыланған екінші мәселе азаматтық авиацияны да­мыту және әуе билеттерінің бағасын одан әрі төмендету шараларына арналды. Саладағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, «Самұрық-Қазы­на» АҚ көлік және логистика жө­­ніндегі басқарушы директоры Қ.Ал­пысбаев, Энергетика ми­нис­трі Қ.Бозымбаев, «Эйр Астана» АҚ пре­зиденті П.Фостер баянда­ды.

Жиында белгілі болғандай, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жолаушыларды авиатасымалдау көлемі өскен. Азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 1,8%-ға ар­тық. Сонымен қатар ұшу гео­графиясы кеңейіп, Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шетелмен әуе қатынасын жүзеге асырады. Соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға тікелей қатынау мүмкіндігі тумақ. Сонымен қатар 9 әлемдік қаржы орталығымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған.

–Бүгінде Қазақстанның 26 шет мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар. Елімізде аптасына 26 шет­елдік және 3 қазақстандық әуе­аком­паниясы 430 рейс орындайды. Бірнеше жыл бұрын 3 шетел­дік компания (Аустриялық авиа­желілер, Чех авиажелілері, КЛМ) елімізге коммерциялық себептерге байланысты ұшуды тоқтатқан еді. Алайда қазір министрлік елімізге ұшу тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдады. Бірқатар шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан нарығына шығу жоспары бар. Жақын болашақта «Emirates» (Дубай, 2021 жылы), «Qatar Airways» (Доха, 2020 жылы), «China Eastern» (Шанхай, 2021 жы­лы), Орал авиажелілері, Победа және тағы басқа әуе компа­ния­лардың келуі күтіліп отыр, – деді Б.Атамқұлов.

Министр өз сөзінде авиаби­лет­тердің бағасын төмендету мақсатында «FlyArystan» лоу­костері ашылғанын, осы жылдың мамыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатылып, олардың 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минимал тарифтер бойынша сатылғанын атап өтті. Жақын уақытта Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына билет бағасы 5999 теңгеден басталатын жаңа рейс­тер ашылады. Павлодарға оп­циондық тарифтер 999 теңгеден бастап сатылуда. 2020 жылдың соңына дейін лоукостер Мәскеуге халықаралық байланыстар аша отырып, көптеген өңір орта­лықтарына ұшырылмақ.

Биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 694 мың тоннаға немесе 1,8 есеге өсті. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен ішкі нарықтың қажетін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Халықты сапалы, қауіп­сіз және қолжетімді авиа қыз­мет­термен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі, – деді А.Мамин.

Премьер-Министр 2020 жы­лы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жал­ғас­тыруды, сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқ­тауды, осы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуе­жайларының ұшып-қону жола­ғының реконструкциясын аяқтауды, Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын белгіленген мер­зімде аяқтауды, өңірлерде ша­ғын авиация мен аэродром­дар­ды дамыту жөніндегі бағдар­ламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режімін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді жүктеді.

Үкімет басшысы «Са­мұ­рық-Қа­зына» қорына 2020 жы­лы мемлекеттік холдинг­тің бас­қару­ындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды жә­не олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды.