Аймақтар • 08 Қазан, 2019

«Ендігі жерде әр оқырман үшін күресетін боламыз» дейді Қарабалық аудандық «Айна» газетінің редакторы Мәрия Сапарова

296 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қарабалық аудандық «Айна» газеті облыстағы мерзімді басылымдар арасында уақыт тынысын тап басқан сапалы мақалаларымен, газеттің үздік безендірілуі және жарнамалық менеджменті арқылы оқырмандар сұранысын игеруімен ерекшеленеді. «Егеменнің» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі газет редакторы Мәрия Сапаровамен әңгімелескен еді.  

«Ендігі жерде әр оқырман үшін күресетін боламыз» дейді Қарабалық аудандық «Айна»  газетінің редакторы Мәрия Сапарова

– Мәрия Әбутәліпқызы, «Айна» га­зеті алдағы жылы 90 жас­қа тола­ды екен. «Айна» десе – ай­на, аудан өмірінің айнасы болып отыр. Та­ри­хының айнасы қалай?

– Газеттің Кеңес Одағы жыл­дарын­дағы тарихын қоя тұрайын, оның басқалардан ерекшелігі жоқ. 90-жылдардағы жұмысымызды қысқаша айтайын. Біздің аудандық «Дело и люди» газеті 1996 жылы бір кә­сіп­керге заңсыз тиын-тебенге са­тылып кетті. Шығармашылық қыз­мет­керлер түгелімен редакция­дан кеттік. Газеттің иесі оны оқыр­ман, халық үшін емес, өзінің биз­несі үшін пайдаланды. Бірақ про­кура­тураның тексеруімен бір жарым жылдан ке­йін қайтарды. Жұ­мыссыз қалған, күн­кө­ріс­пен әр­қай­сы­мыз әр жерде жүр­ген ұжым қайта бас қостық. Кәсіп­кер бізге газеттің өзін ғана ұс­тат­ты, мате­риалдық жабдығынан жұр­дай етті, тіпті бір үстел берген жоқ. Сонымен бәрін қайта бастадық. Ол кезде бартер деген бар болатын, шаруа­шылықтардан жазған мақала, жарнама және газетке жазылғаны үшін бидай, арпа, жем алып, оны қақа­ған аязда базарда, көшеде тұ­рып, қаптап, шелектеп сатып ақша жаса­дық. Бәрімізге ортақ бір компьютер сатып алдық. Ұжымның жұды­рық­тай жұмылуының арқасында жағ­дайы­­мыз бірте-бірте жақ­сарып, аяғы­мыз­­дан тұрдық. 2002 жылы газетті «Айна» жауапкершілігі шек­­­теу­лі серіктестігі етіп тіркедік. Ап­­та­­сы­на бір рет 16 бет болып шы­ғып ке­леді. Бүгін редак­цияда 10 ком­пью­тер, көлік, студия бар, 12 адам қызмет етеді.

– Газеттің аты ғана емес, заты да өзгеруі үшін қандай мәселелерді алдымен шештіңіздер?

– Бізге ең алдымен көмектескен ұжымның бірлігі дер едім. Біз әп де­геннен оқырман мүддесін бәрі­нен жоғары қойдық. Өткір тақырып­тарды тайсалмай ашық жаздық. Әсіресе, әлеуметтік тақырыптар оқырман көңіліндегіні дөп басты. «Айна» үшін ешқашан тақырыптың үлкен-кішісі болған емес, әңгіме оны қалай көрсете білуде. Біз газет бетін толтыру үшін не болса соны жаза салмаймыз. Газет бетінің әр сантиметрі есепте. Сол ұстанымнан ажыраған емеспіз.        

– Бүгінде қай деңгейдегі басылым үшін де газеттің оқырманына уа­қтылы жетуі үлкен мәселе бо­лып табылады. Сіздер мұны қа­лай ұйымдастырып отырсыздар?

– Газетті қалың оқырманға жет­кізу өз күшімізбен жүзеге асып келе­ді. Газетті оқырманға жет­­­кізу үшін барлық жағдайды пай­да­ла­­намыз. Алыстау ауылдарға өз көлі­­гі­­міз­бен жеткіземіз, жақындау ауыл­­дарға таксистерден, газеттің жанашыр­лары арқылы беріп жібереміз. Әрине, таксистермен келісім бар. Ал бар­лық ауыл­дардағы біздің жеке пош­та­шы­лары­мыз газетті күтіп алады да, үй-үй­ге тегіс таратып береді. Газет бас­па­ханадан шыққан күні оқыр­­манның қолына тиеді. Хат тасу­шы­мыз жыл бойы газет жазылымы­на да жұмыс істейді. Біздің газетке адам­дар көп жазылған сайын, сол ауыл­дағы хат тасушымыздың жалақы­сы көбейеді. Ешкімді зорлап жаздыру жоқ.

– Сіз Америкаға барып, газет жұмысын ұйымдастыруды үйрен­діңіз ғой?

– 2004 жылы Қостанайда ұйым­дасты­рыл­ған, АҚШ-тың мемлекет­тік департаменті қаржыландырған жоба арқылы америкалық журналистердің өткізген тренингі бойынша ар­на­­йы конкурстан өтіп барған едім. Жо­ба­ның өзі «Шынайы жаңалықтар және табысты менеджмент» деп атал­ды. Біз Қазақстаннан барған сегіз журналист Нью-Йорктегі, Ва­шинг­­тон­дағы және 8 штаттағы бас­па­ханалар­­мен, басылым редакциялары­мен та­ныс­тық. Мен Вермонт шта­тын­­да­ғы Гловер деген шағын қалада бір ай болдым. Сондағы газет редакциясында тәжірибеден өттім. Шағын қаладағы «Хроника» деп аталатын газет редакциясының жұмысы да біздің «Айнаға» қатты ұқсайтынын білгенде таңғалдым және дұрыс жол­да екенімізге сендім. Газетті оқырман­ға жеткізу, сату, жұмыс кестесі сияқ­ты жұмыстарды Америкаға бармай тұрып-ақ, озық тәсілмен жүргізіппіз. Қазір ауданда газеттің тиражы 3600, оның 800 данасы аудандағы азық-түлік дүкендері арқылы сатылады. Иә, жалпы мұхиттың арғы бетінде газет жұмысы туралы үйренгенім аз емес.

– Журналистер ізденісі туралы ашыңқырап айтсаңыз.

– Аудандық газет 12 адамға жұ­мыс беріп отыр дедім ғой. Мұны көп жерден кездестіре бере алмай­сыз. Осы 12 адамның барлығы бір­дей редакцияның сүйегі, оның бі­реуі кем болса жұмыс ақсайды. Газет шығаруға қатысатындардың бар­лығы, оның ішінде журналистер де компью­тердің құлағында ойнайды. Га­зет­ті екі адам безендіреді. Жар­на­малық менеджер жарнама­ны табу мен оны газет бетіне орна­лас­тырғанға дейінгі жұмыстың бар­лы­ғын өзі атқарады. Ал соның ішінде 3 журналист редакцияның бел омырт­қасы дер едім. Біздегі ұжым күні-түні ізденіс үстінде жүреді. Оқиға қашан болар екен, аудандық әкімшілік не өткізер екен деп қарап отырмай­мыз, тақырыпты тінтіп жүріп, өзіміз табамыз. Журналистердің оқып, тәжі­рибесін көтеруіне өте мән бере­мін. Мария Шило Польшаға екі рет барып, тәжірибесін ұштап келді, Татьяна Макарова Швецияда болып, біліктілігін көтерді. Журналистер Игорь Сверковичті, Динара Утешо­ва­ны және безендіруші Әлібек Бай­тықов­ты да семинарлардан қалдыр­маймыз. Сосын іргедегі Ресейдің Челябі облысындағы әріптестермен ты­ғыз байланыстамыз. Оларда жыл сайын журналистер фестивалі өтеді, журналистиканың, мерзімді басы­лымның проблемаларынан не айтылмайды дейсіз. Санкт-Петербургтен, Мәскеуден спикерлер, тренерлер шақырады. Біз одан қалмаймыз. Сочиде Ресейден 3000 журналист жинаған басқосу болып тұрады. Оған да шақыртулар алып тұрамыз. Редакцияда шығармашылық топ үшін барлық жағдай жасалған. Көліктен бастап, керектінің бәрі табылады. Айлық жалақыларына риза, барлығы да газет жұмысына ерекше ынтамен атсалысады, газет – бәрінің де сүйген жұмысы. Айтпақшы, мем­ле­кет­тік тапсырыстың қаржысы редак­ция­ның барлық шығынының 25 па­йы­зын ғана жабады. Қалған қаржы­ның барлығын табу өз мо­йынымызда.

– Газеттің жанында «Лучик добра и надежды» деген қайырым­ды­л­ық қоры аудан емес, облысқа бел­гілі болып қалды. Бұл газетке не береді?

– Қордың жұмыс істегеніне 14 жыл болды. Біз ауру балаларға көмек беруді мақсат тұтқанбыз. Биыл ғана ақ қан ауруына шалдыққан ба­ла­ны Түркияға жіберу үшін аудан тұрғындарынан бір тәулікке жет­пейтін уақытта 1 миллион 200 мың теңге жинап беріп, баланы апаруға волонтер дәрігерді жіберуді, оған ауылда тұратын анасының баруын ұйымдастырдық. Мұнан басқа бізде түрлі жобалар да бар. Экожоба бойынша да жұмыс істейміз. Мысалы, көшеге біреу қоқыс тастап кетіпті. Біздің журналистер сол бір қалта қоқысқа журналистік зерттеу жүр­гізді. Оның ішіндегі тамақ қалдық­тары қай дүкеннен, оны кім алғанын, кім тастағанына дейін анықтап, соны газетке жаздық. Мұндай материалдар оқырманды тартып ғана қоймайды, тәрбиелейді. Мысалы, біз бір ауру немесе жетім қалған бала, тағдыр тәлкегіне ұшыраған отбасы жөнінде жазған сайын оған қандай көмек керектігін оқырмандар сұрай бастайды. Біз оқырмандар құқығын қор­ғаймыз. Олар бізге сенеді.

– Жергілікті атқарушы билік­пен қалай жұмыс істейсіздер?

– Біздің газет жауапкершілігі шектеулі серіктестік болғаннан кейін, оны жекеменшік, газет бас­шы­­лығының бизнесі деп, тіпті жа­лаң түсінетіндер бар. Қазір мер­зімді басылымдардың барлы­ғы да акционерлік қоғам немесе жауапкер­шілігі шектеулі серіктестік болып тіркелген. Бұл олардың тек заң­дық мәр­тебесі ғана. Құрылтайшы біз­дің ұжым болып саналады. Газет аудан­дық жергілікті атқарушы би­лік­­­пен жұмыс істейді, соның атқа­рып отырған жұмысын, мемлекеттің саясатын жұртшылыққа жеткізеді. Біз сын мақалалар жазамыз. Бұл сын біреулерге ұнамаса, біз оларға барынша түсіндіреміз, бірақ өз ұстаны­мымызда қаламыз. Ал қазір оқыр­мандар аса сауатты. Сын мақа­лада айтылған мәселе жергілікті жерде шешімін таппаса, оқырман облысқа шығады, одан Президентке жазады. Ал біз жазған сын мақала мәселені ушық­тырмай, мүмкіндігінше жер­гі­лікті жерде шешімін табуына дә­некер болады.

– Әлеуметтік желі газетке көмек­­тесе ме, әлде кедергі ме?

– Әлеуметтік желі – уақыттың, дамудың көрінісі. Одан бас тарта алмаймыз, тек соның ыңғайына бара отырып, оқырманды өзімізге тартуымыз керек. Біздің редакцияның қазір бейнестудиясы бар. Журналис­тер мен газет безендіруші маңызды ақпарат жөнінде сюжет жасап әлеу­меттік желіге салады. Жедел жаңа­лықтар редакция сайтына уақ­тылы салынып отырады. Бұл көштен қалмаудың тәсілі. Оқырман әлеуметтік желіге емес, біздің газетке сенуі тиіс. Өйт­кені желідей емес, газет тасқа басыл­ған, маңызды нысан, оқиға тура­лы желі­де дәл газеттегідей жазыл­май­ды, оқырман оны желіден көр­ген­мен, анық-қанығына көз жеткізуі үшін оны газеттен іздеуі тиіс.

Қарабалық ауданында да ішкі-сыртқы көші-қон тоқтаған жоқ, тұрғындар 2 есе азайды. Қазір тұр­ғындар саны 27 мыңға түсті. Сол үшін газет ендігі жерде әр оқырман үшін күресетін болады. Ғаламтор за­манында оқырманның назарын ауда­ру, қызықтыру оңай шаруа емес. Оны газеттің мехнатты жұмысынан күн де кезіктіреміз.

Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы