Руханият • 08 Қазан, 2019

Адамзат қасіретін арқалаған

1012 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығармашылық иесі нысанға алған тақырыбын өз өне бойынан өткізе алмаса, жүрекке де жеткізе алмайды. Кейіпкеріміз Кәріпбек Күйіковті тағдыр қос қолсыз өтуге жазса да, қаншама жанның қабырғасын қайыстырған ауыр қайғының салмағын кенеп бетінде кейіптейтін қуат беріпті. Шығармаларын қылқаламды аузымен тістеу арқылы немесе башпайларының көмегімен жазатын ол адамзат баласына алапат қасірет әкелген ядролық сынақтардың жазықсыз жандарды жалмайтын аяусыз аждаһа екенін айтумен келеді.

Адамзат қасіретін арқалаған

 

Кәріпбек Күйіков Қара­ған­ды облысының Семей ядро­лық по­лигонының ма­ңындағы Егін­дібұлақ ауы­лында дү­ниеге келген. Қан­шама жанды қан қақ­­сатқан зұлматтың зар­дабын бір кісідей татқан суретші бұл тақырыпты өз шығармашылығының өзегіне айналдырды. «Алғашқы жарылыс» туындысында туындыгер күйіп кеткен даланың ортасында көкке қарай кө­те­рілген жан түршігерлік ядро­лық саңырауқұлақты бей­­нелейді. Оның кейінгі бар­лық туындылары да осы тақырыпты тереңнен қау­заған.

Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейінде әлемдік ан­ти­­ядро­лық қозғалыстың белсен­дісі, халықаралық «АТОМ» жобасының құрмет­ті елшісі атанған қылқа­лам шеберінің жеке көрмесі ашылды. Экс­пози­цияға әр жылдары са­лынған 50 картина қойылған.

өнер

– Бүгін қандай да бір же­тістікке жетсем, ол бірінші ке­зекте ата-анамның арқасы. Дә­рігерлердің үкіміне қара­мас­тан, мені далаға тас­тамай, бағып-қағып, осы күн­ге жеткізді. Алты жасым­нан бастап сурет салдым. Қа­білетімді ал­ғаш бай­­қап, қолдау көр­сеткен, шы­­­­ғармашылық тұр­­ғы­да же­тілуіме ықпал ет­кен де сол жандар. Семей ядролық по­­лигонынан 100 шақырымдай жердегі Егін­дібұлақ ауылында дүние есігін аштым. Ата-анам сол сы­нақтарды өз көзімен көр­ген. Әкем талай тариxи оқи­ғаларды әңгімелеп отыратын. Полигоннан зардап шеккен көптеген отбасын білемін. Менің әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті. Қайран әкенің жүрегі бұл күйікке шыдаған жоқ. Мұндай жағдайлар өте көп, – дейді Кәріпбек Күйіков.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан «Невада – Семей» антиядролық қоғам­дық қозғалысының өкілдері Күйіковтің бұл тақырыптағы ізденістері дара мәнге ие еке­нін, ядролық сынақ зала­лын қамтыған картиналарын әлемдік қауымдастық бей­бітшілікті ту еткен дара туын­дылар ретінде мойындайтынын жеткізді. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның антиядролық кезеңінің символы болған Кәріпбек Күйіковтің шығармалары Америка, Жапо­ния, Германияның жеке және мемлекеттік коллекцияларын­да сақтаулы. Суретшінің көр­мелері Жапония, АҚШ, Гер­­мания, Түркия, Қытай се­кіл­ді әлемнің бірқатар елінде көпшілік назарына ұсы­ныл­ған.

 АЛМАТЫ