Қоғам • 08 Қазан, 2019

Қазақстандықтарды электронды темекіден бас тартуға шақырды

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы АҚШ-тағы эпидемияға байланысты қазақстандықтарға вейпингтан бас тартуды ұсынды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандықтарды электронды темекіден бас тартуға шақырды

«АҚШ-та электронды темекілерді шеккен адам өлімінің бесінші жағдайы тіркелді. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекіні пайдаланудан пайда болатын белгісіз ауруға байланысты, адамдарды олардан бас тартуға шақыруда. Бүгінгі таңда вейпингпен байланысты тыныс алу жүйесінің проблемасымен емдеуге жатқызылған 500-ден аса жағдай тіркелген. Айрықша таралған ауру белгілері жөтел, кеуденің ауырсынуы, ауаның жетіспеуі, қалтырау, бас ауруы, естен танып қалу, диарея, анорексия, салмақ жоғалту және т.б. болды. Бронхоскопия бұл аурудың жұқпалы емес екендігін анықтауға мүмкіндік берді. Рентгенограмма өкпенің астыңғы бөлігінің күңгірттенгенін, компьютерлік томография - өкпе альвеолары үлпілделігінің төмендегенін көрсетті», делінген хабарламада. 

Әуелі бастан электронды темекілер мен вейперлер шылым шегуді тастауға немесе 18 жастан жоғары адамдар үшін зиянды әдеттің залалын төмендетуге көмектесетін құрал ретінде ұсынылған. Алайда соңғы жылдары олар мектеп оқушылары мен жастар арасында танымал болып кетті. 

Вейптің негізгі компоненттері никотин, пропиленгликоль – Е1520 тағамдық қоспасы, глицерин, су және иістендіргіштер (ароматизаторлар).

Гарвард ғалымдары электронды темекілерге арналған бірреттік картридждердің 75 белгілі маркасы мен вейптерге қайта құятын сұйықтықтарды зерттеген. Нәтижесінде демікпені, өкпенің қабынуы мен қызметін төмендететін ауруларды тудыратын бактериялық және зеңдік токсиндердің іздерін анықтаған. Бактериялық токсиндер жеміс дәмі бар вейптерде жиі кездесті, ал зеңдік токсиндер темекі және ментол иісі бар толтырмаларда кездескен.

«Бүгінгі таңда орын алған жағдайларға байланысты, бүкіл әлемнің ғалымдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп электронды темекілердің адам денсаулығына тигізетін залалын зерделеуде, алайда біз өзімізді және балаларымызды АҚШ-та болған эпидемияға ұқсас жағдайдан қорғауымыз қажет. Осыған байланысты, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қазақстандықтарға электронды темекілерден бас тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Вейптерді қауіпсіз деп санауға болмайды. Оның құрамында канцерогендермен бірге ағзаны улайтын әлеуетті зиянды қосындылар мен уытты қоспалар бар, сондай-ақ металл іздері немесе қыздырғыш элементтің, не темекі құрылғысының басқа бөлігінің іздері бар. Бұдан басқа, девайстар атылып, тұтынушы адамды жарақаттауы мүмкін», делінген орталық таратқан ақпаратта.