Спорт • 08 Қазан, 2019

Жеңіл атлетика: Әлемдік додада АҚШ озды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Катардың бас шаһары – Дохада жеңіл атлетттердің әлем чемпионаты аяқталды. 10 күнге созылған бәсекелер барысында 49 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.

 

Жеңіл атлетика: Әлемдік додада АҚШ озды

Айтулы додада 27 жүлде жеңіп алған АҚШ құрамасы командалық есепте айқын жеңіске қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, америкалықтар 12 алтын, 11 күміс және 4 қола медальді қоржынға салды. Желмен жарысқан желаяқтарына арқа сүйеген Кения мен Ямайка екінші және үшінші орындарды олжалады. Қара құрлық өкілдері 11 (5+2+4) жүлде алса, аралықтар 10 (3+4+3) мәрте жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Үздік бестіктің қатарына Қытай (3+3+3) мен Эфиопия (2+5+1) қосылды.

Допинг дауына байланысты Ресей спортшылары өз елінің туы астында емес, «бейтарап атлеттер» командасы сапында өнер көрсетті. Дохадағы додада олар алты медальді  (2+3+1) иеленіп, жалпы есепте алтыншы сатыға табан тіреді. Бұл жарыста барлығы 44 мемлекеттің өкілдеріне жүлделі орындар бұйырды.

Өкіншіке қарай, осы жарыста Қазақстанның жеңіл атлеттеріне бірде-бір жүлде бұйырған жоқ.