Қоғам • 07 Қазан, 2019

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

586 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Жадымыздан өше бастаған және жаңа есімдерді ғылымның сан тараулы саласынан іздестіру. Қазақстан: 1960-2000 жж.» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» мен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві бірлесе ұйымдастырды.  

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференция архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан - Ресей комиссиясының 2018 жылдың 5 сәуірінде өткен Бірінші отырысында бекітілген ресейлік және қазақстандық архивистердің бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізіліп отыр.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Қазақстанның ғылым мен инженерия, сондай-ақ техника саласының тарихы, тарих сахнасындағы зиялы қауым өкілдерінің рөлі – ғылыми мекемелер мен зерттеушілердің назарынан тыс қалып жүр.

Осы бағыттағы іс-шаралардың толымды болуы үшін архив тарихи тақырыптағы конференцияны екінші рет өткізіп отыр. Бірінші рет «Тарихтағы адам: Қазақстанның ғылыми, инженерлік және техникалық интеллигенциясының дереккөздері, 1920-1950 жылдар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 2017 жылдың сәуірінде Алматы қаласында өткен болатын.  

«Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді», – дейді дана халқымыз. Әлбетте, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген бір ауыз сөзінің өзі біздің кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Біз де ел тарихына қатысты құнды құжаттарды жинақтап, қазақтың ендігі тарихында да сондай ізгі із қалдыру үшін қызмет ете беруіміз керек. Бұл жұмыс әсіресе «Қазіргі Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын және «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тұрғысынан өзекті болып отыр. Біздің замандастарымыздың елдің келелі мәселелерін шешуге қосқан нақты үлесін растайтын құжаттамалық базаны қалыптастыру және оны үнемі жұмыс барысында толықтырып отыру қажеттігін айта кеткім келеді, деді Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама  архиві РММ директоры Баян Жұматаева өз сөзінде.

Конференцияда өткен кезеңдерді зерделеудегі архивтік дереккөздердің рөлі, құжаттық мұраларды пайдалану мәселелері, ХХ ғасырдың соңында отандық ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан, бұл күнде жадымыздан өше бастаған тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті орнату сынды мәселелер талқыланды. Конференция қатысушыларының архив қорларының негізінде дайындалған тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.