Tokyo Rope International компаниясының президенті Сато Кадзунори: «Атырау облысының экономикалық әлеуетін саралап қарадық. Қарқынды дамып келе жатқан аймаққа өзіміздің жоғары технологияларымызды тартып, бірнеше жобаны іске асыруға ниеттіміз. Жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу, қатерлі дертпен ауыратындарға арналған медициналық орталық ашу жоспарда бар», дейді.
Компания өкілдігі кеңсесінің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Tokyo Rope басшылығына серіктестіктері үшін ризашылығын айтып: «Ғасырлық тарихы бар компания алдыңғы қатарлы технологияларымен дүние жүзіне белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға жұмыс сапары кезінде Tokyo Rope компаниясының басшылығымен кездесіп, жапон бизнесінің біздің елімізге келуіне бастамашы болған еді. Жақын болашақта өңіріміз үшін аса маңызды жобаларды бірге бастауды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған жобалармен бірге машинажасау секторында да ойға алған істер бар», деп атап өтті.
Мемлекет басшысының шетелдік инвестиция тарту туралы тапсырмасы мұнайлы өңірде жан-жақты орындалуда деп сеніммен айтуға болады. Қазір облыста шетелдік бизнестің қатысуымен бір мыңнан астам компания жұмыс істейді. Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретін жарқын жобалар қатары әлі де толыға түспек.
АТЫРАУ