Қоғам • 09 Қазан, 2019

«Музыканы көріп, биді есту»

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана Балет» америкалық хореография жауһарларын көрсетті. Қазан айының алғашқы күндері «Астана Балет» театрында америкалық балет кеші өтіп, биылғы маусымның премьерасы – Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» атты бір актілі балетімен ашылды. Балетті маэстроның өз шәкірті – Нанетт Глушак қойып отыр. Премьераға дайындалу үшін, ол елімізге үш апта бұрын келген. Хореографтың айтуынша, әртістер бар болғаны төрт күн ішінде хореографиялық мәтінді меңгеріп алған.

«Музыканы көріп, биді есту»

 

 «Балетті осыншалықты қысқа мер­зім ішінде меңгеру – мен үшін үл­кен жаңалық. Сондықтан француздар айт­пақшы: шляпамды шешемін, сіздерше: басымды иемін», – дейді Нанетт Глушак.

Екінші және үшінші бөлімде көрер­мен қауым, театр репертуарындағы Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Николо Фонтенің «Махаббаттың ғайып бол­ған дарабоздары» туындыларын тамашалады.

«Кончерто Бароккодағы» Бахтың музыкасы жайлы айтсақ, би­шінің әр қи­мы­лы туын­­ды­ның әр нотасына сәйкес келеді. Ал «Се­­ренададағы» Чайковскийдің музыкасы әмбеге аян. Көрермен құлағы үйренген туындыны біз өзгеше қырынан танытуға күш саламыз», – дейді қоюшы-дирижер Арман Оразғалиев.

«Кончерто Барокко» балеті «музыканы көріп, биді есту» тезисіне толық жауап береді. Екі солист – Татьяна Тен мен Назерке Аймұхаметова, ор­кестрдің жетекші скрипкаларын сипат­тағандай әсерге бөлеп, олардың әуеніне сегіз корифей елітіп, Бахтың музыка иірімдерін би комбинациялары арқылы паш етті. Балеттегі жалғыз ер адам  партиясын Фархат Бөриев орындады. Ол сахнадағы «скрипканы» қолға алған өнерлі му­зыканттың бейнесін сомдады.

«Алғашқы күні әртістерге – осы ба­леттен соң, демаласыңдар, деген едім. Олар тоқтамай билеп, аяғында, шаршағандықтан, еденге жантайып жата қалатын. Бірақ қазір осының арқасында әлденеше есе күш жинады. Естеріңізде болсын, осы ғаламатты шығаруға үш аптадан кем уақыт бөлінген. Өз басым, таңырқап тұрмын», – дейді Нанетт Глушак.

Қоюшы-хореографтың айтуынша, сырт көзге қарапайым көрінетін ба­летті техникалық тұрғыдан орындау өте күрделі. Декорациясы жоқ сахна­да әртістер жиырма минут бойы үз­діксіз билеп, бір сәт те қимылсыз қал­майды. Хореографиясының өзі қа­телік жасауға жол бермейді: қимыл, орын ауыс­тыру, топтасып билеу сынды қи­мылдар мінсіз үйлесімді талап ете­ді. Әр­тістер осы талап­­тың үдесінен шық­ты.

Астаналық көрермен жаңа қойылымға қошеметін білдіріп жатты. Ал спектакль аяқталған соң, театр фойесінде «Астана Балеттің» жетекші солистері қолтаңба беріп, көрермендерімен жүздесті.

«Кончерто Барокко» премьерасы Ба­ланчин қорымен бірлесе отырып қойылған әрі хореографтың стилі мен техникасының стандарттарына сай жасалған.