Спорт • 09 Қазан, 2019

Әлемдік рейтингтің үздіктер санатында үш өреніміз бар

159 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл күндері дзюдо саласының майталман мамандарынан бастап, қатардағы қарапайым көрерменге дейін әрбір дүбірлі дода аяқталған сайын жаңарып тұратын әлемдік рейтингке үнемі үңілуде. Себебі келесі жылы Жапония астанасында алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына қатысатын балуандар тек осы тізім арқылы анықталады. Яғни, айтулы рейтингте барынша жоғары тұрған спортшылардың Токио татамиіне табаны тию мүмкіндігі соғұрлым арта түседі. Міне, барлық гәп осында.

Әлемдік рейтингтің үздіктер санатында үш өреніміз бар

Әңгімеміздің әлқиссасын ерлердің әлемдік рейтингінен бастасақ. Бүгінгі таңда «ТОП-10» дзюдошының санатына Қазақстанның үш балуаны еніп отыр. Ең үздік нәтиже әйгілі Елдос Сметовке тиесілі. 60 кило салмақ дәрежесінде белдесетін қандасымыз төртінші орынды иеленуде. Әрине оған таңдануға болмас. Өйткені Ғалымжан Жылкелдиевтің шәкірті өзі қатысқан жарыстардың көбінен олжалы оралып жүр. Соңғы рет ол тамыз айының соңында Токиода өткен әлем чемпионатында қола медальды мойнына ілді. Дәл сол салмақта күш сынасып жүрген Ғұсман Қырғызбаев үздік ондықты қорытындылап тұр. Ол биылғы дүниежүзілік додада бесінші сатыға табан тіреді. Ал 66 кило салмақта күресетін Ерлан Серікжанов тоғызыншы орынға тұрақтады. Міне, бүгінгі таңдағы еліміздің ең үздіктері – осы дзюдошылар.

Елдос Сметов, Ерлан Серікжанов және Ғұсман Қырғызбаевтан бөлек, Елдос Жұмаханов (66 кило), Ислам Бозбаев (90 кило) және Дидар Хамза (81 кило) сынды қырандарымыздың да қадамы тәуір. Иә, бұл қандастарымыздың биылғы әлем чемпионатында өте нашар өнер көрсеткені рас. Барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады. Алайда, соған қарамастан осыған дейінгі жарыстарда жиған ұпай қорларының арқасында олар бұл күндері «ТОП-20» балуанның қатарына қосылып отыр. Нақтылап айтсақ, әлемдік рейтингте Елдос пен Ислам – 11 және Дидар 18-орындарды еншілеуде.

Жоғарыдағы жайттарды саралай келе, 60 және 66 кило салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген өрендеріміздің өнері көпшілік көңілінен шығуда деп айта аламыз. Себебі Сметов пен Қырғызбаев және Серікжанов пен Жұмаханов түрлі аламанда үзеңгі қағыстырып, бір-бірінен қалыспай келеді. Барлығының көздегені – Олимпиада жолдамасы. Егер Токиодағы жарыста әр салмақта бір-бір балуаннан ғана бақ сынайтынын ескерсек, онда олардың алдағы уақытта намыстарын қамшылай түсетіні анық. Сол секілді 81 және 90 кило салмақ дәрежелеріндегі жағдайымыз да жаман емес. Әйтеуір Хамза мен Бозбаев сынды сайыпқырандарымыз түрлі жарыстарда жүлде алып, көштен қалмай келеді.

Дәп қазір бізді 73 кило салмақтағы жағдай қатты алаңдатады. Осыған дейін тәп-тәуір күресіп жүрген Жансай Смағұ­лов­тың қарқыны уақыт озған сайын бәсең­деп барады. Жауапты жарыстарда жиі ұтылып жүрген қазақ дзюдошысы қазіргі кезде небәрі 22 орынды қанағат тұтуда.

Ал 100 және +100 кило салмақтағы жағдайымыз тіптен мүшкіл. Шыны керек, қазіргі кезде осы салмақ дәрежелерінде халықаралық додаларда ел намысын абыройлы қорғауға күш-қуаты мен әлеуеті жететін бірде-бір балуанды көре алмай отырмыз. Қазақстанның ең белді деген балуандарының өздері қалың топтың арасында қалып қоюда. Мәселен, бүгінгі таңда Ерасыл Қажыбаев (+100 кило) – 33-орынға және Виктор Демьяненко (100 кило) 45-сатыға табан тіреп тұр.

Бүгінгі таңда әлемдік рейтингте Грузияның қос бірдей алыбы жеке-дара көш бастап тұр. Тарқатып айтсақ, Рио Олимпиадасында күміс медальды иеленіп, әлем чемпионатында бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілген 30 жастағы Варлам Липартелиани 100 кило салмақта алдына жан салар емес. Ал әлем және құрлық чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар 24 жастағы Гурам Тушишвили +100 кило салмақ дәрежесінде даралануда.

90 кило салмақта Николоз Шераза­диш­вили шашасына шаң жұқтырмай келеді. 23 жастағы балуан Пиреней түбе­гінде тұрып, сол елдің намысын қорғап жүргенімен, оның тегі – грузин. Кезін­де ата-анасымен бірге ол Испанияға қоныс аударған. Айналдырған бес жыл аралы­ғында Николоз ауыз толтырып айтар­лықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Ол – 2018 жылғы әлем чемпионы және Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері.

73 кило салмақ дәрежесінде Қап тауы­ның тағы бір қыраны Рустам Оруджевтің алдына түсер ешкім табылар емес. 27 жастағы Әзербайжан балуанының Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері және Еуропа чемпионы деген атақтары бар.

81 кило салмақта Израильдің өкілі Са­ги Мукидің мерейі үстем. Ол да 27 жаста. Му­ки 2015 жылы Еуропа ойындарында, 2018 жылы құрлық біріншілігінде және 2019 жылы әлем чемпионатында топ жарды.

Дзюдо күресінің отаны – Жапония екені баршаға мәлім. Алайда, сол елдің бір ғана татами шеберіне дәп осы күндері әлемдік рейтингте көш бастау бақыты бұйырған екен. Ол – Джуширо Маруямо. Токиодағы әлемдік додада дара шыққан 26 жастағы Күншығыс елінің өкілі 66 кило салмақ дәрежесінің үздігі атанып отыр.

60 кило салмақта Өзбекстанның өрені Шарафуддин Лутфуллаевтың тегеуріні күшті. Осыған дейін Диорбек Урозбоевтың көлеңкесінде қалып жүрген 29 жастағы балуан биылғы әлем чемпионатында өзін керемет қырынан көрсетіп, күміс медальды кеудесінде жарқыратты. Соның нәтижесінде Лутфуллаев әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді.

Ал «ТОП-10» дзюдошының қатарында қай мемлекет өкілдерінің қарасы мол екені жайында айтар болсақ, Жапония құрамасы өзгелерден көші ілгері. Үздіктер тізімінде Күншығыс елінің 10 саңлағы бар. Екінші және үшінші орындарда – Грузия мен Израиль. Қап тауының – жеті және Израильдің алты татами шебері мықтылар санатында.