Спорт • 09 Қазан, 2019

Футзал: Чемпиондар лигасында «Аят» ұтты, «Қайрат» ұтылды

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы аптада қарт құрлықтың бірқатар мемлекеттерінде футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңдік бәсекелері өтуде.

Футзал: Чемпиондар лигасында «Аят» ұтты, «Қайрат» ұтылды

Алматының «Қайраты» Венгрияның Береттьоуйфалу қаласында өнер көрсетуде. Осыған дейін айтулы жарыста екі мәрте бас жүлдені олжалап, бірнеше рет жүлдегерлер қатарына қосылған жерлестеріміз осы топтың фавориті саналғанымен, өзінің тұсаукесер кездесуінде тым сүреңсіз ойнады. Ресейдің КПРФ клубына қарсы бәсекеде қазақстандық ұжым 0:3 есебімен ұтылып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Бұл матчта Сими Салотти (3 минут), Владимир Разуманов (11 минут) және Янар Асадов (17 минут) нысананы дәл көздеді. Бүгін түнде біздің жігіттер Испанияның «Эл-Пасосына» қарсы ойнаса, араға екі күн салып жарыс қожайындарымен күш сынасады.  

Литваның Каунас қаласындағы өтіп жатқан додада Рудныйдың «Аяты» аса шиеленісті бәсекеде жергілікті «Витастан» басым түсті. Есеп – 5:4. Біздің команда сапында Маттеус Преа (9, 25, 33 минуттар) хет-триктің авторы атанса, Хеберт Болт (15 минут) пен Азат Валиулин (18 минут) бір-бір реттен мергендік танытты. Бүгін «Аят» Испанияның «Барселонасымен» ойнаса, 11 қазанда Ресейдің «Тюмень» клубымен кездеседі.