Спорт • 09 Қазан, 2019

Дзюдо: Бразилиядағы турнир аяқталды

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бразилияның астанасы – Бразилиада дзюдодан өткен «Гранд Слэм» турнирі өз мәресіне жетті.

Дзюдо: Бразилиядағы турнир аяқталды

Осы жарыста сан миллион жанкүйер даңқты Тедди Ринердің татамиге оралуын тағатсыздана күтті. Лондон мен Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің 11 және Еуропаның 5 дүркін чемпионы біраз уақыттан бері көрінбей кеткен еді. Ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингте көш бастаған әйгілі француз балуаны соның салдарынан 58 орынға бір-ақ сырғып түсті. Бұл жолы ол Бразилияда бой көрсетті. Қарсы келгендердің барлығын қапы қалдырған Ринер аса ауыр салмақтың бас жүлдесін олжалады. Бір айта кетерлігі, жартылай финалда Францияның алыбы биылғы жылғы әлем чемпионы, чехиялық Лукаш Крпалектің өзін қапы қалдырды. 

Айтулы турнирде мына дзюдошылар жеңімпаз атанды:

Ерлер – Аллан Кувабара (60 кило, Бразилия), Даниэл Гаргнин (66 кило, Бразилия), Муса Могушков (73 кило, Ресей), Таканори Нагасе (81 кило, Жапония), Николоз Шеразадишвили (90 кило, Грузия), Кентаро Иида (100 кило, Жапония) және Тедди Ринер (+100 кило, Франция).

Әйелдер –  Катарина Коста (48 кило, Португалия), Одетте Гюффрида (52 кило, Италия), Некода Смит-Дэвис (57 кило, Ұлыбритания), Кэтлин Куадрос (63кило, Бразилия), Юри Алвеар (70 кило, Колумбия), Калиема Антомарчи (78 кило, Куба) және Беатриз Соуза (+78 кило, Бразилия).     

Естеріңізге сала кетейік, Бразилиядағы турнирде Қазақстанның қос балуаны ғана қатысты. Өкінішке қарай, екеуі де сәтсіз өнер көрсетті. Аса жеңіл салмақта Бауыржан Нарбаев өзінің тұсаукесер кездесуінде татами қожайыны, жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ренан Торрестен ұтылды. Ал 66 кило салмақта Сұңғат Жұбатқан сайысқа түсті. Алғашқы айналымда бос болған қандасымыз келесі кезеңде Бразилияның мықтысы, әлемдік рейтингте сегізінші орында тұрған Панамерика біріншілігінің жеңімпазы Даниэл Гаргнинге есе жіберді.